Велосаяхатшы ұзақ сапарын Қызылорда қаласынан бастап, Текелі қаласына дейін 20 күнде жеткен. 13 жасынан велосипедті серік еткен ару 2014 жылдан бері осы спорт түрімен айналысып, шет мемлекеттердің 13 қаласында болып үлгерген. Ақмарал бұл жерге арнайы Текелі қаласында орналасқан «Бұрқанбұлақ» сарқырамасы мен таулы аймақтарды көру үшін келгенін жасырмады.
– Әсем табиғаты көрген жанның таңдайын тамсандыратын аспанмен таласқан таулары, жасыл желекті баулары жанға да, малға да құтты мекен. Жетісудың жақұтындай Қора, Шажа, Текелі және Қаратал өзендері бірімен бірі жалғаса таулы өлкенің сәнін келтіре, сылдырай ағады. Менің жаныма жақын осы көрініс. Індет жайлаған шақта, барынша қауіпсіздігін ескеріп велосипедпен жолға шықтым. Бала күнімде осы мекенді көрсем деп армандайтынмын. Текелінің тұмса табиғаты жанға шуақ, бойға қуат сыйлайды екен. Шаршағанымды ұмытып та кеттім. Сапар сәтімен болды деп ойлаймын, – дейді А.Мәжитова.
Оның айтуынша, бұл игі бастамаға мұрындық болған велоспорт саласын дамытып жүрген текелілік «Velotravel Tekeli» туристік орталығы. Орталық жыл сайын дәстүрлі түрде осындай шаралар ұйымдастырып, қаланың сәнді нысандары мен ғажайып табиғатын қонақтарға тамашалатады. Бұл балалар мен жасөспірімдерді мемлекеттік патриоттық және экологиялық интернационалдық тәрбиеленуіне жағдай жасайды. Алыстан келген қонақты алдынан шығып күтіп алған Текелі қаласының әкімі Бақтияр Өнербаев мұндай игі бастамалар ішкі туризмнің дамуының негізгі тетігі екенін айтады.
«Текелі қаласының табиғи ландшафты мен климаттық ерекшелігі қала мен оның маңайында туризмді дамытуға зор мүмкіндік береді. Сондықтан туристік сала Алматы облысы басшылығының айрықша назарында. Қазіргі кезде облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес арнайы туристік шаралар көптеп әзірленіп, туристік базалар мен басқа да туристік нысандардың құрылысына инвестор тарту ісі жолға қойылды. Бұл бағыттағы жұмыс келер жылы да жалғастырылады», дейді Б.Өнербаев.
Өз кезегінде Текелі қаласы әкімі бірнеше шақырымды артқа тастап, үлкен тәуекелмен сапарлаған велосаяхатшы Ақмаралға алғыс айтып, марапат ұсынды.
Айта кетейік, Қызылорда мен Текелі қалаларының арасы 1400 шақырымды құрайды. Ұзақ жол Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан қалалары арқылы өтеді.