Минскідегі сәтсіздіктен соң қазақстандық команданың бапкерлері құрамаға біраз өзгеріс енгізген еді. Алайда одан да оңды нәтиже шықпады. Бәсеке басталған бетте ойын тізгінін қолға алған ЦСКА-ның сайыпқырандары қақпамызға қатарынан екі шайба соқты.
Бұл голдардың авторлары – Максим Мамин (8 минут) мен Андрей Светлаков (11 минут). Үзіліске дейін "Барыс" есеп айырмашылығын қысқартты. 17 минутта Никита Михайлис қарсыластар қақпасынан саңлау тапты. Екінші кезеңнің соңында қонақтардың екі бірдей ойыншысы мұз айдынынан қуылды. Бұл жағдайда жергілікті хоккейшілер ұтымды пайдаланды. 37 минутте Антон Слепышев мергендік танытты – 3:1. Одан кейін қос ұжым қанша жанталасқанымен, таблодағы есеп өзгерген жоқ.
10 қыркүйекте "Барыс" Қытайдың "Куньлунь" клубын қабылдайды. Қос бірдей сәтсіздіктен жерлестеріміз тиісті қорытынды шығарып, бұл жолы өз жанкүйерлерін қуантады деп үміттенеміз.