Президент поштасынан
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Шығыс Қазақстан облысы азаматтарынан алғысқа толы көптеген хаттар келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
“Ауданның елді мекендерінде жол ашу, малға жем-шөп сатып алу үшін қомақты қаржы бөлінді. Ауданға қуатты техникалар келіп, жолдар ашылды. Қиын-қыстау жерлерден жедел дәрігерлік көмекті қажет ететін науқастарды алып кету және қар қыспағында қалған шалғай елді мекендерге азық-түлік жеткізу үшін тікұшақтар ұдайы келіп отырды. Зейнеткерлердің зейнетақысы, өзге де әлеуметтік төлемдер уақытында беріліп тұрды. Осының арқасында қыстан мал-басымыз аман шықты. Биылғы қыста көрсеткен қамқорлығыңыз Отанымызға, Өзіңізге деген сенімімізді одан әрі нығайта түсті. Қандай қысылтаяңда болсын ескерусіз қалмайтынымызға көзіміз жетті. Ол үшін Сізге зор ризашылығымызды жеткізгіміз келеді”, – деп жазады Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданының тұрғындары атынан 14 адамның қолы қойылған хатта өңірдің белгілі азаматтары мен еңбеккерлері.
Келесі хат көктемгі су тасқынынан айрықша зардап шеккен, тұтас ауылдары топан су астында қалып, үйлер қирап, мал опат болған Тарбағатай ауданының тұрғындарынан келіпті. “Қиын сәтте Сіздің қамқорлығыңызды сезіндік. Өзіңіздің тікелей тапсырмаңызға орай қазір арнайы комиссия ауданымызда жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттен бөлінген материалдық көмекті де ала бастадық. Бүгінде аудандағы жағдай қалыпты деңгейге түсті. Апаттың зардаптарын жоюға байланысты жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Балаларымыздың ары қарай білім алуды жалғастыруына барлық жағдай жасалған. Сондықтан да біз Сізге басымызға түскен осы ауыр кезеңде Барқытбел баурайын мекендеген тарбағатайлықтарға жасап отырған қамқорлығыңыз үшін ризашылығымызды білдіріп, рахмет айтамыз!” делінген ШҚО-ның Тарбағатай ауданы тұрғындары атынан 11 адам қол қойған хатта.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданынан келген, 12 адам қол қойған хатта “Табиғаттың сирек кездесетін тосын апатты жағдайында, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіздің тапсырмаңызбен ел Үкіметі халыққа көмекке келді. Арнаулы қорлар ашылып, бүкіл республиканың қолдауы, барша ағайынның назары тасқын судың азабын тартқан жұртқа аударылды. Үйі мүлде тұруға жарамай қалғандарға мемлекет баспана салып беретін болды. Сондықтан апатқа ұшыраған ауданның бірі – қадыр-құт дарыған киелі де қасиетті Зайсан өңірінің жұрты атынан Сізге мың мәрте ризашылығымызды, алғыс сезімімізді білдіреміз. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңізге жолдаған шынайы алғысымызды қабыл алыңыз!” – деп жазады Шілікті ауылдық округі Тасбастау ауылының тұрғындары.