Саясат • 09 Қыркүйек, 2020

Көп басшы ма, әлде көшбасшы ма?

2716 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Атырау жұртшылығына ауыл әкімдерін сайлау таңсық емес. Неге? Өйткені 2001 жылғы 20 қазанда өңірдегі екі округте тәжірибе ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы өткен еді. Оның бірі – Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында, екіншісі – Мақат ауданындағы Қошқар кентінде. Рас, алғаш рет өткен әкімдер сайлауына қатысты әрқилы болжам жасалды. Бірі «әкімдерді сайлауға халық дайын емес» деді. Тіпті «сайланған ауыл әкімі аудан басшылығына бағынбай кетпей ме?» деген пікір білдірушілер де болды. Әсіресе, сайлау өтетін ауылдардың адамдары бұл додаға қызығушылықпен қарады.

 

Көп басшы ма, әлде көшбасшы ма?

 

Бұл ауылдардың бір-бірінен айырмашылығы көп болатын. Мәселен, Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында бірнеше ұлттың өкілі тұрады. Әлі де солай. Әрине мұнда тұрғындардың басым бөлігі қандастардың үлесінде болғанымен, қазақша сөйлегені өз алдына, мемлекеттік тілде ән де шырқап, көркемсөз өнерінен қалыс қалмаған орыс пен татар, неміс пен болгар, корей мен әзербайжан, балқар мен грек, башқұрт секілді өзге ұлттың өкілдері де тұрады. Бұлардың бәрі қазаққа қыз беріп, қыз алып, бір сөзбен айтқанда, жергілікті ұлтпен құдандалы болған. Ауылдың тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Кейін ауыл жастары кәсіптің өзге түрлерін меңгеріп, экономиканың әр саласына жұмысқа тұрды. 

Ал Мақат ауданындағы Қошқар кен­тінің тұрғындарын мұнайшылардың отбасы құрайды. Себебі мұндағы негізгі кә­сіп – мұнайшылық. Сол жылдары мұнда 54 мұнайшы «қара алтын» өнді­ру ісіне тартылды. Солай десек те, Қош­қарда  жұмыссыз тұрғындар да кездесті.

Ауыл әкімдерін сайлауға аталған округтер тұрғындарының бәрі бірдей дауыс берген жоқ. Мәселен, Сарытоғайда 16 сайлау учаскесі құрылып, оның әрқай­сысынан бір таңдаушыдан таңдал­ды. Қошқар кентінен осындай 15 таң­даушы дауыс берді. Сөйтіп, екі оркуг­тен де іс басындағы әкімдерге таңдау жасалды. Сайланған әкімнің екеуі де – әйел.

Сарытоғайда Талшын Шапауованың талапшылдығы, Қошқарда Жібек Ахме­то­ваның жігерлілігі жеңіске жеткізді. Олар әкімдік міндетін біраз жыл атқарып, кейін екеуі де басқа жұмысқа ауысты. Ал Қошқар кентінің тұрғындары көп жыл­ғы мекенінен үдере көшіп кетті. Әри­не, оған себеп болған бірнеше жайт бар. Біріншіден, кенттің аудан орта­лығынан 74 шақырым қашықта орна­ласқаны  түрткі болды. Екіншіден, мұнай өндірілгендіктен, экологиялық ахуалдың нашарлығы әсер етті.

Бұдан жеті жыл бұрын өткен ауыл әкімдерінің сайлауына аудандық маңыз­дағы 1 қаланың, 4 кенттің, 57 селолық және 11 ауылдық, барлығы 72 округ әкімінің лауазымын иеленуге 214 үміткер ниет білдірді. Әр деңгейдегі мәслихаттардың 101 депутаты үміткерлердің жетпіс екісін ғана таңдады. Олардың 65-і ер, жетеуі әйел еді. Сөйтіп 51 әкім бұрынғы қызметін қайта жалғастырды. Сонымен бірге 21 үміткер округ әкімі лауазымында жаңа жұмысын бастады. Ауыл әкім­дерінің мамандықтары әр алуан еді. Оның ішінде 12 инженер, 33 педагог, 11 ауыл шаруашылығы маманы, 7 экономист, 2 заңгер, өзге саланың 7 маманы бар.

Сайлау қорытындысымен мәсли­-
хаттар депутаттарының сенімін иелен­ген әкімдердің ең үлкені – 61 жас­тағы Ғаріб­жан Әбішев. Ол бұрын Махам­­бет ауданының Ақжайық, Алмалы округ­теріне басшылық етті. Кейін Аты­рау қаласы маңындағы Кеңөзек селолық ок­ругінің әкімі болған еді. Атырау қала­лық мәслихатының депутаттары оның іскерлігіне риза болды ма, Кеңөзек се­ло­лық округін басқаруға лайық деп тапты.

Бұған керісінше, ең жас әкімдер де сайланды. Мақат ауданындағы Мақат кен­тін басқаруға таңдалған Жанболат Жүні­сов пен Махамбет селолық окру­гінің әкімі Жақсылық Мүсепов сол кезде орда бұзатын 30 жасқа толған екен. Әсіресе жұртшылықты Жанболат Жүні­сов­тің кент округіне әкім болып таға­й­ын­далғаны қызықтырды. Мұның себе­бін оның бұрын әкімдік қызметте шың­­дал­маса да мұнайлы өңірдегі Ма­қат­тай үлкен кент­ті басқаруға талпыныс жа­сағанымен бай­ла­ныстыруға бола­ды. Десек те ол Мақат кентінің әкімі орын­­та­ғында ұзақ отыра алмады. Бес айға жуық әкім қызметінің дәмін татқан жас жігіт жаңа жылдан соң қызметінен кетіп тынды. Жас әкімнің қызметтен кету себебі туралы әрқилы болжамдар ай­тыл­­ғанымен, сол күйі құпиясы ашылмай қалды.

Сайланғанына бір жыл өтпесе де қызметінен кеткен округ әкімі жалғыз емес. Мақат ауданындағы Доссор кен­тінің әкімі де орынтағынан айырылды. Аудандық прокуратура әкімнің тарапынан жеке тұлғаларға жер бөлу кезінде заңсыз артықшылық көрсеткен өрескел заң бұзушылық болғанын анықтады. Соған байланысты Мақат ауданы әкі­мінің өкімімен кент әкімі қызметінен боса­тылды. Сондай-ақ Атырау қалалық әкім­­дігі мен Құрманғазы ауданынан бір-бір ок­руг­тің әкімдері орнын босатты. Өйт­кені бұл әкімдердің де әрекеті сыбайлас жем­қорлық дерегімен байланысты болған...

Енді міне, округ әкімдерінің сайлауын өткізу туралы мәселе тағы да қозға­лып отыр. Алайда ауыл тұрғындары үміт­­­керлерге дауыс бере ала ма? Әлде олар­ды бұрынғыша мәслихат депутаттары таңдай ма? Бұл мәселе әлі де пысық­талатын шығар. Десек те ендігі сайлау бұрынғыдан өзгерек болатыны даусыз. Себебі осы кезге дейін өткен сайлаулардан сабақ алатын уақыт жетті.

– Қазір ауыл әкімдерінің бюджеті жыл­жымайтын және жылжымалы мүлік­терден түсетін салықтан құралады. Округ әкімдіктерінің бюджеті 150-250 млн теңге шамасында ғана болып отыр. Бұл белсенді жұмыс істеуге жет­­кі­­ліксіз екені даусыз. Әр ауылда кәсіп­кер­лікті қар­қынды өрістету керек. Сонда ғана ауыл әкімдерінің бюд­жеті өседі. Әлеу­меттік ахуалды жақ­сар­туға да, белсенді жұмыс жүргізуге де жол ашылады, – дейді об­лыстық мәсли­хаттың хатшысы Өмір­зақ Зинуллин. – Округ әкімдерінің сайлауына ауылдың жағ­дайын білетін адам­дар үміткер болғаны жөн. Әрине, жұрт­пен тіл табыса алатын, ауылдың әлеу­меттік мәселе­лерін шешуге талпынатын әкімді тұрғын­дар да қолдайтыны анық.

Әлеуметтік ахуал демекші, Қызыл­қоға ауданының Сағыз ауылдық округіне қа­расты Қоңыраулы, Кенбай аталатын елді мекендер бар. Бұрын ферма орта­лығы болғанмен, қазір тұрғындары азай­­ған ауылдарға асфальт жол да, таби­ғи газ желісі де тартылмаған. Қоңы­раулының тұрғындары ауыз суды артезиан құдығынан алып отыр. Жазда мотормен тартып шығарса, қыста 20-25 метр тереңдіктен суды қауғалап тартады. Осындай қиындықпен күн кешіп отыр­ған елді мекендердің тұрғындары «облыс әкімі ауысып жатыр деп естиміз. Бірақ бірде-біреуі біздің ауылға келіп, жағ­дайы­мызбен танысқан емес. Әкім келсе, мәселемізді айтар едік» дейді. Әкім бармаған ауылдарға мәслихаттың депу­таттары да аяқ баспайды. Ауыл тұр­ғындары Мәжіліс пен Сенаттың депутаттарын мүлде танымайды да.

Мұндай әлеуметтік мәселесі толық шешімін таппаған ауылдар әр өңірде кездесетін шығар. Ал округ әкімдері осындай ауылдардың проблемасын аудан, облыс әкімдеріне жеткізбейтін секілді. Әйтпесе,  округ, аудан әкімдері әлденеше рет ауысты. Ел тәуелсіздігін алғанына отыз жылға таяса да, әлгіндей шағын елді мекендер кезігіп отырған әлеуметтік қиындық шешімін таппай, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отыр. 

Сайлаудың дүбірі қайта естілгенде, округ әкімдері осындай мәселеге көбірек назар аударуы қажет-ақ. «Кадр бәрін шешеді» дейтін тәмсілге жүгінсек, тұрғындар тұрмысының жақсаруы алдымен округ әкімдерінің іскерлігіне байланысты болмақ. Ауыл әкімдері өздері басқаратын округ тұрғындарының мұң-мұқ­тажын аудандық, облыстық деңгей­дегі басшылар назарына жеткізер дәнекер болып жүр ме? Тегінде көшбасшылық қабілеті бар округ әкімдері жарғақ құлағы жастыққа тимей, тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін шапқылап жүруі тиіс қой. Өйткені тұрғындар округ әкімдерінің көп басшының бірі емес, көшбасшы болғанын қалайды. 

 

Атырау облысы