Экономика • 09 Қыркүйек, 2020

Органикалық өнім – өндірістің тың бағыты

1454 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Органикалық ауыл шаруашылығы – экожүйені жақсартатын, топырақ құнарын сақтайтын, адам денсаулығын қорғайтын өндіріс жүйесі. Онда сонымен қатар жергілікті жағдайлар ескеріледі, экологиялық циклдер назарға алынады.

Органикалық өнім – өндірістің тың бағыты

Айталық, органикалық егін­шілік қағидаттарын қолдану дәстүрлі азық-түлік өнімдерімен салыстырғанда экологиялық таза, қауіпсіз өнім алуға кепілдік береді. Онда агрохимикат, пес­тицид, антибиотик, өсу стимуляторы, гормондық препараттар, гендік модификацияланған ағзалар қолданылмайды. 

2013 жылы Тұңғыш Прези­денттің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған тұжырымдама эколо­гиялық таза өндірісті дамытуға жол ашқан-ды. Үкімет оны іске асы­ру шараларында халық­ара­лық талаптарға сай ор­гани­калық ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің стандарттарын әзір­леуді көздеді.

Елімізде органикалық өнім өндірісін заңнамалық реттеу 2015 жылдың соңында тиісті заңның қабылдануымен бас­талды. Содан бастап негізгі құқық­тық актілер мен норматив­тік-техникалық құжаттар әзір­­леніп, қабылданды. Атап айт­қанда 2018 жылы органи­калық өнімнің сәйкестігін растау белгісін қоса алғанда төрт стандарт күшіне енді. Өкінішке қарай, елімізде оны дамыту баяу жүруде. Әлемдік статистикаға сәйкес (FIBL&IFOAM, 2020) Қазақстанда органикалық егін­шілік алаңы 2018 жылы шамамен 192,134 мың га құрап, 186 елдің ішінде 29-орынды алдық.

Жоғарыда көрсетілген деректер Қазақстандағы органикалық өнім нарығының жай-күйін қан­ша­лықты нақты көрсететінін айту қиын, өйткені заңнамалық дең­­гейде органикалық өнім өнді­рісін есепке алуды жүргізу теті­гі жоқ. Бүгінгі таңда мұн­дай өнім­дердің ішкі нарығы да­мы­маған. Сарапшылардың пікі­рінше, оған ішкі нарықта сұраныс төмен.

Алайда ішкі нарықта ша­ғын көлемде, негізінен ұзақ сақтау мерзімі бар импорт­тық орга­никалық өнім бар. Мыса­лы, еуропалық стан­дарт­­тар­дың талаптарына сәй­кес серти­фи­катталған қайта өң­делген тамақ өнімдері. Бір айта кетерлігі, оның ба­ға­сы ор­ганикалық өнім стандарттарына сәйкес сер­ти­фикатталмаған жергілікті өнім­нен әлденеше есе қымбат.

Елімізде органикалық саланы дамыту үшін ауқымды іс-ша­ралар кешенін өткізу қа­жет. Үкі­меттің таяу жылдарға ар­налған негізгі міндеті – ұлт­тық стан­дарттарды экспорттау­шы елдердің стандарттарымен үй­лестіру процесі. Ал бұл үде­ріс­тің драйверлерінің бірі экспорттаушы елде қазақ­стан­дық сертификаттау жөнін­дегі органды аккредиттеу. Аккре­дит­теу­дің қандай ма­­ңызы бар? Ол бі­рін­шіден, фермер үшін сер­тифи­к­ат­тау құнын тө­мен­­­­дету­ге мүмкін­дік береді. Нәти­же­сін­де отандық тауардың өзін­дік құны төмендейді. Яғни, ба­тыс на­ры­ғында бәсе­ке­ге қабі­лет­­ті­­­лі­гі арта­ды деген сөз. Түп­теп кел­­­генде осы іс-шара­лар­дың бар­­­­­­лы­­ғы бизнес тарапынан орга­­ни­­­­ка­л­ық өнім өндіруге деген қы­­зы­­­ғу­­­­шы­­­лық­тың артуына негіз болады.

Ұлттық сараптама және сер­тификаттау орталығы – орга­ни­калық өнімді сертификаттай­тын еліміздегі жалғыз орган. Бұл орталық өсімдік тектес орга­никалық өнімдер өндірісін, жан­уарлардан алынатын орга­ни­калық өнімдерді, қайта өңделген органикалық өнімді сертификаттауды жүзеге асырады.

Бүгінгі таңда Ұлттық аккредиттеу орталығы органикалық ауыл шаруашылығы саласында халықаралық тәжірибені енгізу бойынша жұмыс жүргізумен айналысуда. Фермерлерді тарту және елдегі саланы дамытуға мүдделі мамандарды оқыту үшін семинарлар ұйымдастырылады.

Органикалық өндірісті ұл­ғайту қарқыны жоғары ел­дердің тәжірибесі тұтыну нары­ғын рет­­теу, құқықтық негіз­­дер­ді бел­гі­леу және органи­­ка­лық өнім­ді нор­малау мен ба­қылаудың мем­ле­кет­­тік құ­рал­дарын дамыту мем­­ле­­кет­тік құрылымдардың ма­ңыз­­ды міндеттерінің бірі еке­нін көр­сетті. Бізге солардың тә­жі­ри­бесін пайдаланып, олар жі­б­ер­­ген қателікті болдырмауға және тиісті жұмыстарды жүр­гізу кезінде неғұрлым тиім­ді ше­шім­дерді таңдауға мүм­кін­дік беріліп отыр. Бұл орайда ауыл­­шаруашылық тауарын өн­ді­ру­шілерді ынталандыру шара­­ларын жүйелі түрде жүр­гізіп, өнімді нормалаудың мем­ле­кет­тік құралдарын дамыту, өндіру­ші­лерге қызмет көр­сететін кооперацияны, шағын және орта кәсіп­кер­лікті қолдау негізгі фактор болып саналады.

 

Аслан ЖАНАТХАНҰЛЫ,

Ұлттық аккредиттеу орталығының жетекші маманы