Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2020

Көз тартқан көне кітаптар

648 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Көрмедегі құнды деректерге толы көне кітаптарға көпшіліктің назары ауды. Тым-тым ертеде шыққан жауһар кітаптар С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті кітапханасының сирек қорында сақтаулы. Сирек қордағы 63 ұлттың әліппесі де көрмеде көрініс тапқан.

Көз тартқан көне кітаптар

Университет қабырғасында өткен «Әліппеден басталған, даналықтың данасы» атты іс-шара  аясында Абай ғылыми зерттеу институты және цифрлы педагогика кабинеті ресми түрде ашылды. Білім күніне орайлас­тырылған салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат та келіп қатысты.  

 

«Қара сөздерді» қарапайым тілмен түсіндіреді

Абайтанушы ғалымдар ұзақ жылдар бойы Абайдың шығармаларын зерттеп, көптеген әдістемелік әде­биеттер жазған. 

Облыстық білім басқармасы Шығыс өңірлік орталығымен бірлесе отырып, мектептерге абайтануды 5-8 сыныптарға арналған, вариативті пән ретінде енгізді. Соған орай университет ғалымдары аймақтық оқу бағдар­ламасын құрастырып шыққан. Абайтану курсы бойынша мұғалім кітабы да қолданысқа берілді. Бұл бағдарламаларды кез келген ұстаз облыстық Білім басқармасының сайтынан жүктеп, пайдалана алады. 

– Лентасы қиылған орталығымыз бес нәрсеге асық, бес нәрседен қа­шық болуды үйретеді. Абайдың «Қара сөздерін» қарапайым тілмен бала­ның санасына сіңіреді. Үлкен бөлме көрнекі ақпарат құралдарымен жабдықталып, хакім Абайды зерттеген ғалымдардың еңбектерімен толық­ты. «Абайдың толық адам ілімін» жазған Мекемтас Мырзахмет­ұлының еңбегін арнайы алдырдық. Орыс тіліндегі еңбектер де бар. Мысалы, абайтанушы жерлесіміз Е.И.Григорьевтің «Адам бол» атты еңбегін студенттер, магистранттар пайдалана алады, – дейді ғылыми зерттеу институтының директоры Айжан Қартаева.

Осы тұста абайтанушы-ғалым Айжан Қартаева республикада тұңғыш рет Абайдың «Толық адам» ілімін оқыту жөніндегі оқу құралын жазып шыққанын атап өткен орынды.

Абайдың тойы Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де атаусыз қалып жатқан жоқ. Ғұламаның құр­метіне орай Польшада пошта маркасы шығарылғанынан хабардармыз. Ал былтыр бұл мемлекетте Абай орталығы жұмысын бастаған.

Сонымен қатар университет қабыр­­­ғасында цифрлы педагоги­ка­лық зерт­хана да ресми түрде жұмы­сын бас­тады. Мұндағы ғалым­дар оқу­­шы­­лар­дың онлайн оқуы үшін оң­тай­лы бағ­дарламалар жасауды қолға алған.   

 

63 ұлттың әліппесі сақталған

Абай институтымен танысқан соң қонақтар көрме залына өткен. Мұнда сонау заманғы әзербайжан, тәжік, татар, ұйғыр сынды түркі тілдес ұлттардың әліппелері жинақталыпты.

Әліппе десе, қазақ тіл білімінің атасы – Ахмет Байтұрсынұлының еңбегі еске түседі. Ол 1910 жылы әліппе жазумен қатар қазақ графикасын жасауға да кіріскен. Араб әріп­терін қазақ фонетикасына икемдеп, 24 таңбадан тұратын қазақ жазуын қалыптастырған. Сөйтіп алғашқы әліппе 1912 жылы Орынборда басылып шығады. Кітаптың алғашқы бетіне «Балалар, бұл жол басы даналыққа...» деп авторлық өлеңін кірістірген.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та былтырғы тамыз конферен­циясында «Біз әуелі елді түзетуді – бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек» деп Ахмет Байтұр­сынұлының сөзін мысалға алған. Содан бері біршама өзгерістер енгізіл­ді. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов те әліппе қайтары­латынын мәлімдеді. 

Сөрелерде қаз-қатар тізілген әліппелердің ішінен құмықтардыкін де парақтап көрдік. Кавказдағы құмық халқы жер бетінен азайып бара жатқанымен, әліппесі осы күнге дейін сақталғаны таңдандырды.

Сан ұлттың әліппесін көздің қара­шығындай сақтап, бүгінге жет­кіз­ген шығысқазақстандық – Федор Голованов еді. 1921 жылы туып, елу бес-ақ жасында өмірден өт­кен ұстаздың еңбегі орасан. 1964 жылы қаламұш пен сия сауытты қол­данатын каллиграфиялық жүйенің орнына шарикті қаламмен жазуды енгізген де Ф.Г.Голованов еді. Ол қаламсаптың зияны жоқтығын ғылыми тұрғыда дәлелдеп, Кеңес Одағын түгелдей дерлік шарикті қаламсапқа көшірген. Осыдан кейін ол педагогика ғылымдарының кандидаты атанған. Қазіргі таңда талантты педагогтің әліппелер коллекция­сы университеттің сирек қорында сақтаулы. Кітапхана директоры Феризат Күзембайқызының айтуын­ша, әліппелер цифрландырылып, ғаламторға жүктеліп қойған.

Сондай-ақ университеттің сирек қорында өзге өңірлерде кездесе бермейтін 9 мың дана кітап бар. Жауһар туындылар қазақтың тарихына, қазақтың жеріне қатысты болған соң да жинақталған.

Көрмеден Каспидегі балықшылық туралы альбомды, Сібірдің тыныс-тіршілігі бейнеленген суреттер кітабын, 1702 жылы ағайынды Ремез­невтердің Қазақстанға шекаралас жерлерді қаламмен сызған картасын көруге болады. Бір ерекшелігі, бұлардың барлығы қайталанбас түпнұсқа дүниелер. Көбі осы универ­ситеттің кітапханасынан ғана табылады. Қызықтай келе осыншама қазына қайдан келді дейміз ғой.

– Бұрындары оқу-орнымыз Педа­го­гикалық институт болып тұрған кезде Ленинградтағы Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада профессор, тарихшы А.Аликсеенко ғылыми жұмысын жазған екен. Сонда дуб­лет кітаптарды бөліп жатқанын көріп қалып, шығыста педагогикалық оқу орны ашылып жатқанын айтады. Құнды кітаптарға «құда» түседі. Сөйтіп пединституттың ректоры Юлмаш Кәрімов пен кітапханашы Людмила Алексеевна Ленинградтан тоғыз мың кітапты іріктеп алып келген, – деп түсіндірді Феризат Күзембайқызы.

Асыл қазынаға бай оқу ордасы үлкен институт ашып, жас ұрпаққа Абайдың ілімін дәріптеуді қолға алған. Сондай-ақ бірінші сыныпқа бар­ған оқушы үшін әу бастағы әліппе­нің маңызы зор екеніне мән беріп жатыр.    

 

Шығыс Қазақстан облысы