Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
2013 жылдын басында осы жолдардың қос авторы және Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, философия ғ.д. Досай Кенжетай үшеуіміз Ордабасы ауданы, Төреарық елді мекеніне сапар шегіп Әліақбар ұрпағы – Ж.Оразханұлы қолында сақтаулы тұрған 76 беттік қолжазбамен танысып, оны фотосуретке түсіріп алдық. Бұл қолжазбаны Тоғай ханның інісі – сұлтан Әліақбар (Али Акбар) Түркістан қаласында мұсылманша 1228 ж./біздің қазіргі санауымызша шамамен 1813 жылы жаздырған екен. Ол жөнінде қолжазбаның аяғында мынадай хабар бар: «Таммат ар-рисалату Чингиз хан фи тарих 1228. Буд ки ‘ала йад ‘абдин ал-за‘иф фақир ал-хақир ақаллу минал қитмир (‘Абду Рахман ... Узкандий уа һуа... ‘абдаһу мазкур...) фи балдати Туркистан. Хумийат ‘анил афат уа ан-нуқсан биамри ‘Али Акбар Султан Зафар Нишан ибн Қарабаш Мұхаммад Султан. Ғафараллаһу Та‘ала зунубаһум уа сатара ‘уйубаһум. Уа Аллаһу а‘лам 1228 сана» – «Осымен Шыңғысханның рисаласы тарихтың 1228 жылында аяқталды. Түркістан шаһарында қарапайым, кішіпейіл, пақыр құлдың қолымен жазылды. (‘Абду Рахман ... Узкандий уа һуа ... ‘абдаһу мазкур...). Опат пен нұқсаннан Али Акбар Сұлтан Зафар Нишан ибн Қарабаш Мұхаммад Сұлтанның әмірімен қорғалды. Алла тағала олардың баршасының күнәләрін кешіріп, қателерін жасырсын. Дұрысын Алла біледі. 1228 жыл» (қолжазба факсимилесі, 38 б-беті).
«Қисса-дастан Шыңғыс хан» қолжазбасы мәтін ішінде бірде рисала, дәптер, мәтін басында қисса-дастан деп аталады.
Қолжазбаны жазған адам бұл жерде шығыстық тәртіппен сыпайылық танытып – «қарапайым, кішіпейіл, пақыр құлдың қолымен жазылды» деп көрсетеді. Сол жерге ескерту белгісі қойылып есімі рамка сыртына жазылған. Автор есімі – Әбдрахман Өзкенди. Оның есімі «‘Абду Рахман ... Узкандий» соңғы парақтың сол жағындағы жиекте жазулы тұр. Автор туралы оның есімінен басқа еш ақпарымыз жоқ. Әбдрахман Өзкенди ныспысына қарағанда оның туған жері Сырдарияның төменгі ағысындағы Өзгент қаласы. Ол жерде Өзгент атты екі тарихи орын бар. Біріншісі Қыр Өзгент, екіншісі Сыр Өзгент. Археологтардың барлау жұмыстарына қарағанда ортағасыр деректерінде аталатын Өзгент қаласы Қыр Өзгент қалажұртына сәйкес келеді.
«Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазбаны жазуды тапсырған Қарабас Мұхаммет сұлтанның ұлы Әліақбар (Али Акбар) орыс деректерінде Али-Акбер, Аликен, Джакелен деп көрсетілген. Әліақбардың әкесі ХVIII ғасырдың соңғы ширегінде бір топ қазақ тайпаларын басқарған Қарабас Мұхаммет сұлтан. Қарабас Мұхаммет сұлтанның үлкен ұлы, Әліақбардың ағасы Тоғай хан 1807-1816 жылдар аралығында Түркістан шаһарында билік құрды. Жоғарыда келтірген мәліметтерге қарағанда ағасы Түркістан қаласында хан болып тұрған кезде, дәлірек айтсақ, 1813 жылы сұлтан Әліақбардың (Али Акбар) тапсырысымен «Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазба жазылған.
1816 жылы қоқандықтар Түркістан қаласын жаулап алды. Түркістан қаласының билеушісі қарсылық ұйымдастыруға әрекет еткенімен күшінің аздығынан қаланы тастап кетуге мәжбүр болған. Тоғай шамамен 1820 жылға дейін қазақтардың бір тобының ханы болып қала берген сияқты. Ол 1826 жылы Бұхара қаласында болған қақтығыс кезінде дүние салды.
ХІХ ғасырдың ортасында Мырзахмет деген әкім басқарған қоқандықтар жергілікті халықты аяусыз қанады. Зекет төлей алмаған қазақтардың балаларын тартып алып құлдыққа сатты. Мұсылмандыққа жат осындай езгіге шыдай алмаған халық көтеріліске шықты. Жергілікті халық, дәлірек айтсақ, қоңыраттар, қыпшақтар мен үйсіннің кейбір топтары 1858 жылы мамыр айында Тоғай ханның туған інісін – Әліақбар сұлтанды хан етіп көтереді.
Әліақбар хан басқарған қазақтар қоқан әскерлерімен бірнеше мәрте соғысып 1858 жылы Түркістан қаласын азат етуге әрекет жасайды. Қоқандықтар Қожа Ахмет Ясауи басына зиярат жасауға келген қоңыраттың билері Қоныс датқа мен Ақсақ датқаны, Ұлы жүзден келген Қарақұл датқаны, қыпшақтың Тубақабыл атты басшысын аманат ретінде ұстап отырды. Орыс деректерінде жазылғандай жаңа сайланған хан өзінің туған ағасы Тоғайдың Түркістанда 35 жыл бұрын хан болғанын, қаланы қоқандықтар басып алып ағасынан тартып алғанын алға тартып оны қазақтарға қайтаруды талап етеді .
Әліақбар хан басқарған көтерілісшілер 1858 жылдық 15 мамырында қала бекіністеріне шабуыл жасады. Алайда қоқандықтар әскери тұрғыдан басым болды. Зеңбіректерден от шашып көтерілісшілерді атқылап отырды. Қазақ әскері бір айдай Түркістанды қоршап тұрып басып ала алмады.
3 маусым күні Мырза Нияз басқарған Түркістандағы қоқан әскері қазақтарды жарып өтуге әрекет жасайды. Алайда қоқандықтар үлкен шығынға ұшырайды. Кейбір мәліметтерге қарағанда қоқандықтар жағынан 500-800 дейін адам шығын болған. 1858 жылы 20 маусымдағы орыс хабарламасында «Түркістан қорғаны іргесінде әскерімен қоңырат ханы әлі тұр» – «хан конградский с своим ополчением и стоит еще под стенами Туркестана» деп жазылған. Таяу арада қоқандықтарды жеңіп, олардың қамалдарын басып алуға мүмкіншілігі жоқ екенін түсінген Әліақбар хан өзіне қарасты халықпен Сырдарияның төменгі ағысына көшіп барып одақтастар іздейді. Әліақбар хан орыстың генерал-губернаторы М.А.Катенинмен келіссөздер жүргізеді. Ал 1858 жылы тамыз айында Бұхара әмірі Насрулламен кездесіп қоқандықтарға қарсы бірге соғысуға дайындалып жатқаны туралы ақпар бар. Өкінішке қарай, Әліақбар ханның кейінгі жағдайы, өмірі тарихшыларға беймәлім болып отыр. Кейбір тарихшылар ол бір-екі жылда дүние салды деп санайды. Қалай дегенде оның есімі 1859 жылдан кейінгі орыс құжаттарында кездеспейді.
Әліақбар сұлтанның тапсырысымен жазылған Түркістан қаласында 1228/1813 ж. «Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазба Шыңғыс ханның ортағасыр дәуірінде тараған аңыздық шежіреден басталады: «Бұл Шыңғыс ханның негізі хәзірет Нұх пайғамбарʻалейһис саламның ұлы Йафистен тарайтындығы туралы бірінші дәптерде баяндалған болатын. Алдымен Ууыз хан (Оғыз хан). Бұл Шыңғыс ханның бабасы. Оғыз ханның ұлы Қара хан, оның ұлы Көнемерген. Оның ұлы Қайшы мерген. Оның ұлы Қара даумал. Оның ұлы Тұрымтай шешен. Оның ұлы Тамауыл мерген. Оның ұлы Дуйун байан. Оның ұлы Шыңғыс хан. Оның ұлы Жошы хан. Оның ұлы Сайын хан. Оның ұлы Сартақ хан. Оның ұлы Бөртек хан. Оның ұлы Тоғалы хан. Оның ұлы Тоқтабай хан. Оның ұлы Өзбек хан. Оның ұлы Жәнібек хан. Оның ұлы Бердібек хан. Оның ұлы Шайбақ хан. Оның ұлы Мұртаза хан. Оның ұлы Көшім хан. Оның ұлы Али хан. Оның ұлы Арыслан сұлтан. Оның ұлы Саййид Бұрхан сұлтан. Бірақ Саййид Бұрхан сұлтанның тұратын жері Мәскеуде еді. Орыс кәпір қолында муртад болды» (қолжазбаның 1-б).
«Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазбаның 18-а бетінде Шыңғыс хан өмірі туралы мынадай қызық ақпар кездеседі: «Шыңғыс хан пайғамбар Мұхамед Мұстафа саллаллаһу ʻалайһи уа салламның тарихынан соң беріде басталады. Бес жүз елу екінші жылы анадан туылды. Алты жүз жиырма төртте дүниеден озды. Доңыз жылында зұлқада айында Шыңғыс хан анадан туылды. Жетпіс екі жыл өмір сүрді. Он үш жасында хандыққа отырды. Елу тоғыз жыл хан болды. Жұртының аты Қытай еді. Мүбарак рамазан айының он төртінде дүниеден озды». Зерттеушілер тарихи деректерге сүйене отырып Шыңғыс ханның расында да 72-73 жасағанын, бірақ 13 жасында емес 25 жасында хан болып сайланғанын көрсетеді.
Дәл осы жоғарыда келтірілген «Қисса-дастан Шыңғыс хан» қолжазбасынан келтірілген үзінділер ХVII ғасырдың аяғында жазылған авторы белгісіз «Дафтар-и Чингиз-наме» атты тарихи шығармада кездесетініне назар аудармақпыз. «Дафтар-и Чингиз-наме» шығармасын жан жақты зерттеген татар ғалымы М.А.Усманов осы шығармада ғана Шыңғыс ханның туған және дүниеден өткен күні көрсетілгенін, мұндай ақпар тіпті Рашид ад-Дин мен моңғол жылнамаларында жоқ екеніне назар салады.
«Қисса-дастан Шыңғыс хан» мен «Дафтар-и Чингиз-наме» атты тарихи шығармалардың мәтіндерін салыстыру олардың бір бөлігі өте жақын екенін көрсетті. Нақтырақ айтсақ, Әліақбар сұлтанның тапсырысымен Түркістанда жазылған қолжазбаның үш тарауы «Дафтар-и Чингиз-наме» атты тарихи шығармаға өте жақын.
ХVII ғасырдың аяғында жазылған «Дафтар-и Чингиз-наме» қолжазбалары туысқан түркі тілдес татар, башқұрт және қазақ халықтарының арасында тарағанын зерттеушілер айтады. Шыңғыс ханның шығу тегіне байланысты мәтін қазақ жерінде де тарағанына назар аудармақпыз. Мысал ретінде белгілі орыс зерттеушісі Г.Потанин жазып алған қазақ фольклор үлгісін айтуға болады. Ш.Құдайбердіұлының «біздің қазақтың ескі сөзінше» деп Шыңғысты билердің хан сайлағанын, оларға Шыңғыс хан ұран, құс, ағаш, таңба бергенін баяндауы, оның мазмұны «Қисса-дастан Шыңғыс хан», «Дафтар-и Чингиз-наме» қолжазбаларындағы мәтіндерге жақын. «Ғылым ордасы» РМК Ғылыми кітапханасының кітап қорында «Дафтар-и Чингиз-наме» мәтініне жақын қолжазба сақтаулы.
1957 жылы басылған «Қазақ КССР тарихы» атты еңбектің «Қазақ халқының XV-XVII ғасырлардағы мәдениеті» атты тараудың М.Әуезов жазған 5 бөлігінде «Дафтар-и Чингиз-наме» туралы мынадай ақпар бар: «Академик В.В.Бартольд тауып және соның өзі Ғ.Балғымбаевтың аударуында бастырып шығарған «Шыңғыс-нама» дейтін тарихи очерк те осы «түрікше» жазылған». Яғни қазақ даласында да Шыңғыс ханның шығу тегі, оны билердің сайлауы туралы ескі аңыз-әңгімелер және оларға мазмұны жағынан жақын «Дафтар-и Чингиз-наме», «Шыңғыс-наме» іспетті қолжазбалар тараған. Бұлар Алтын Орданың мұрагерлері болып табылатын татар, башқұрт халықтарымен қатар қазақтарға да ортақ мұра.
Түркістанда 1228/1813 жылы жазылған «Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты қолжазбаның авторы ХVII ғасырдың аяғында жазылған «Дафтар-и Чингизнаме» қолжазбасынан аңыздық, фольклорлық сипаттағы Шыңғысхан туралы тарауын және «Хазрет Әмір Темірдің дастанының баяны» және «Жәнібек хан мен Амат» деген бөлімдерді алып пайдаланған деген қорытындыға келеміз. «Жәнібек хан мен Амат» туралы бөлімде Жәнібек хан, оның ұлы Бердібек, Айсаұлы Амат аталады. Бұл аңыздың қазақ ханы Жәнібекке қатысы жоқ. Мұнда Алтын Орда тағын 1342-1357 жылдары иеленген Жәнібек. Оның Бердібек есімді ұлы болған. Ал қазақ ханы Жәнібектің перзенттері ішінде Бердібек атты перзенті болмаған.
Әбілғазының Түрік шежіресіндегі мына жолдар «Қисса-дастан Шыңғыс хан» қолжазбасындағы мәтінге жақын: «хижраның алты жүз он бесінші жылы Шыңғыс хан сансыз көп әскерімен Отырар үстіне келді. ...Жошы ханды Хожнұт бағытына жіберді. ... қалған әскерді алып, Бұхараға аттанды. Моңғол тілінде «Бұхара» деген сөз – ғылымның жиналған жері деген сөз. Алты жүз он алтыншы жылан жылында ... Бұхараға келіп қамады. Шыңғыс хан атқа мініп, қалаға кірді. Қаланы аралап, мешіттердің шоғырланған жеріне келіп ... Аттан түсіп, атын үлемдерге ұстатып қойып, өзі мінберге шығып, кесемен қымыз алдыртып ішті. ... Шыңғыс хан моңғолдарға қалаға өрт қоюды бұйырды, өрттен тек тас үйлер ғана жанбай қалды. ... қаланы ойрандап. Жермен жексен етті. Сөйтіп Бұхара қаңырап бос қалды...». Осы ұқсастықтарға қарап «Қисса-дастан Шыңғыс хан» атты шығарманың авторы Әбілғазының «Түркі шежіресін» пайдаланғанын немесе екі шығарма жазбагерлері ортақ бір қолжазбаны пайдаланған деген болжам айтуға негіз бар.
Ясы-Түркістан қаласы ХІІ ғасырдан бастап рухани орталыққа айналып онда түрлі қолжазбалар, шежірелер, тарихи құжаттар, діни, ғылыми кітаптар жиналған деуге негіз бар. Төменде осы пікірді қоштайтын мәліметтерге назар аудармақпыз.
«1866 жылы саяхатшы П.И.Пашино Түркістан қаласында бір дін иесінің үйінде болып «оның кітапханасында парсы тіліндегі Аристу мен Афлатун (Аристотель мен Платон) кітаптары барын» атап өтеді.
Шығыстанушы П.Лерхтың 1867 жылы Түркістан қаласына келгенде Насрулла есімді адамнан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне байланысты 15 жарлық көргенін, олардың ішінде қазақтың ханы Тұрсынның 1035 жылғы жарлығы барын хабарлайды.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін 1884 жылы инженер А.В.Печенкин жасаған сызбасында ғимараттың бір бөлмесі «кітапхана» деп белгіленген. А.И.Добросмыслов 1912 жылғы еңбегінде жазады: «В мечети [мавзолее] сохраняются ... четыре старинных рукописных Корана».
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін 1928 жылы зерттеген М.Е.Массонның жазуынша, қабірхана бөлмесінде арнайы ағаштан жасалған қобдишалар тұрған және олардың ішінде ортағасырлық каллиграфия өнерінің тамаша үлгілеріне жататын қолжазбалар сақталған.
1929 жылы Түркістан қаласында болған академик В.А.Гордлевскийге жергілікті бір қария қарақұйрық терісінен жасалған Қожа Ахмет Ясауи хикметтерінің (ұзындығы метр және қалыңдығы метр шамасындай) үлкен қолжазбасы болғанын айтады.
Бұған қоса Түркістанда көне кітаптар қорын ХХ ғасырдың ортасында көргендер туралы ақпарлар бар. Атақты археолог Кемел Ақышев студент кезінде ленинградтық ғалым А.Н.Бернштам экспедициясы құрамында жұмыс жасап жүргенінде 1949 жылы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болғанда екінші қабаттағы бір бөлме көне кітаптарға тола екенін көзімен көргенін айтады.
Қазір кесенеде сақталып келген көне кітаптардың бір бөлігі Алматыдағы Ұлттық кітаптаханада сақтаулы тұр. Ә.Мүминовтің анықтауынша, 1936 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасына Түркістаннан Құранның үш қолжазбасы түскен. Ең көнесі ХІІ ғ. Түркістан қаласында зерттеулер жүргізген шығыстанушылар қожа әулетіне жататын көптеген үйлерде «Насабнама» атты шежіре қолжазбалар сақтаулы тұрғанын жазады.
Өкінішке қарай, Түркістан қаласында ғасырлар бойы жиналған қолжазбалар ХХ ғасырдың басында талан-таражға түсті, қолды болды. Діни орындар, мұсылманша сауатты халық өкілдері қуғынға ұшырады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде бірде-бір ескі кітап қалмаған.
Қорыта айтқанда, «Қисса-дастан Шыңғыс хан» жазылған кезде Түркістан Орталық Азия мен Қазақстан аумағында мұсылмандық ілім-білімнің орталығы болғаны, онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде және жеке тұрғындары қолында кітапханалар болғаны күмән туғызбайды.
Бұл қолжазбада ғалымдар назар аударуға тиіс біраз деректер бар. Солардың кейбірін келтіре кетейік.
Соңғы кезге дейін Есім хан Түркістанда жерленген деп келдік. «Қисса-дастан Шыңғыс хан» бойынша «Есім хан Шайх ат-Тахур бабада жатыр» (қолжазба, 35-а), яғни Есім хан қабірі Ташкенттегі атақты Шайхантауырда жатқан болып отыр. Ташкенттің бір кездері Қазақ хандырының ордасы, астанасы болғаны тарихи шындық. Онда біртоп қазақ даласының тарихи тұлғалары жерленген. Н.В.Кюнер аударған қытайдың бір дерегінде мынадай хабар: «...казахский аймақ считает столицей Ташигань (Ташкент), однако его князья и ханы зимой летом имеют свое место кочевья. Когда умирают, то их (прах) возвращается для погребения в Ташигань». Бұл ақпар басқа да деректермен қошталады. Ташкенттік Шайхантауырда 1712 жылы дүние салған Ұлы жүздің ханы Рүстемнің құлпытасы да бар. Шайхантауырда атақты Төле би жерленген. Есім хан Түркістанда жерленді деп санауға ХХ ғасыр басында баспа бетінде жарияланған хабар негіз болған еді. Бірақ бұл жерде қай Есім жатқаны нақ тексерілмеген. Есім атты қазақта бірнеше хан болғаны анық.
Шежіредегі «Жахангир ханымыз» деп атақты Жәңгір хан (1652 жылы қайтыс болған) атаған. «Тәуекел Мұхаммет Баһадүр хан» деп атақты Тәуке (1715 жылы қайтыс болған) ханды атаған (қолжазба, 35-а).
Әлекең хан ұрпақтары қолындағы «Қисса-дастан Шыңғыс хан» бойынша «Жахангир хан, Тауаккал Мұхаммад Бахадур хан, Шах Мұхаммад Баһадур хан Түркістанда йатқан», яғни «Жаһангир хан, Тәуекел Мұхаммед Баһадүр хан, Шахмұхаммед Бахадүр хан Түркістанда жатыр» (қолжазба, 35-а). Аталған хандардың Түркістан қаласында жерленген деп көрсеткен басқа жазба дерек кәзірше жоқ. Яғни аталған дерек бойынша Түркістанда Жәнгір хан, Тәуке хан, Сәмеке хан жерленген.
«Шежіреден тарих мың жүз елу бесте Шах Саййид Мұхаммед Баһадүр хан хатқа көтеріп алды. Қарабас Мұхаммед Баһадүр сұлтан 1204 жылы оны хатқа жаздырды» (қолжазба, 35-а) деген жолдарға қарағанда «Қисса-дастан Шыңғыс хан» авторы хандар жаздырған шежірені пайдаланған сияқты. Осы жолдар қазақ хандарының, сұлтандарының бір бөлігі арнайы шежіре жаздырғанын көрсетеді.
Әлекең хан ұрпақтары қолындағы қолжазбада кездесетін тағы бір аса маңызды тарихи мәлімет – Тәуке ханға Исфахан патшасының мылтық жібергені жөніндегі хабар: «Исфахан падшаһы Ша Сулайман Тауаккул Мұхаммад Бахадир ханға тухфа учон саксан мылтық, саксан қылыч, йекі туқуз арғымақ килган. Тамамы икар/йегар, йукані алтондин» – «Исфаһан патшасы Ша Сүлеймен Тәуеккел Мұхамммед ханға сыйлық ретінде сексен мылтық, сексен қылыш, екі тоғыз арғымақ жіберді. Барлығының егері, жүгені алтынданған» (қолжазба, 39-а). Зеңбірек-мылтықпен қаруланған қалмақтармен соғысып жатқан қазақ ханына осындай аз да болса қару жіберу үлкен көмек еді.
Әлекен сұлтан тапсырысымен жазылған «Қисса-дастан Шыңғыс хан» аса құнды тарихи шығарма. Осы уақытқа дейін мына тарихи қолжазбаны қазақ ханы не сұлтаны өз тапсырысымен жаздырыпты дегенді кездестірген емес едік. Қазақ хандарының астанасы Түркістан қаласында жазылып біздің қолымызға аман жеткен бірден бір тарихи шығарма.
Екіншіден, басқа деректерде кездеспейтін қазақ билеушілері, олардың жерленген орындары, Тәуке ханның Исфаханмен байланысы туралы мәліметтері тың болып табылады. Қорыта айтқанда, ту басы мен шежіре-қолжазба қазақ тарихы үшін құнды дүниелер тобына жатады.
Мұхтар ҚОЖА,
тарих ғылымдарының докторы,
Зікірия ЖАНДАРБЕК,
тарих ғылымдарының кандидаты,
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті