Аймақтар • 09 Қыркүйек, 2020

Атырауда Құрманғазы ауданының әкімі қызметтен кетуге өтініш берді

1732 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары А. Мамытовтың мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда Құрманғазы ауданының әкімі қызметтен кетуге өтініш берді

Аудан әкімі Қайрат Нұртаевтың орнын босатуына орынбасарының жемқорлық әрекетке баруы себеп болған.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұған дейін Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Ө.Тәжібаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 3 шілдеде аудандық сот Құрманғазы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары Өркен Тәжібаевқа үкім шығарды.

Ол туысқандарына тіркелген ЖШС мен ЖК басқармасына қатысып, оларға артықшылық берді. Балықшы күніне арналған іс-шараны өткізу сылтауымен ЖШС құрылтайшысының 150 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатын иемдеген. Өндірістік кооперативтердің біріне 500 мың теңге зиян келтірді. Сондай-ақ ауданның аз қамтылған азаматтары үшін қорғаныс медициналық маскаларын сатып алуға қаржылық көмек көрсету сылтауымен кәсіпкерлердің жалпы сомасы 125 мың теңге ақшалай қаражатын иемденіп, кейіннен өз қажеттілігіне жұмсады.

Нәтижесінде экс-шенеунікке 2 млн 750 мың теңге көлемінде айыппұл салып, мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды» -деді департаменттің бірінші орынбасары А.Мамыт.

Оның айтуынша, «Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жаңа редакциясына сәйкес бірінші басшы айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін 10 күнтізбелік күн ішінде отставкаға кетуге міндетті.

«Осыған байланысты, биылғы 8 қыркүйекте Құрманғазы ауданының әкімі Қ.Нұртаев қол астындағыларға қатысты сыбайлас жемқорлық жанжалынан кейін отставкаға кетуге өтініш берді» -деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің бірінші орынбасары А. Мамытов.