Тарихи белгі биіктігі бір метрдей төрт бұрышты цементке орнатылған. Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экологиялық ағарту маманы Әсем Көбенованың айтқан деректеріне сүйенсек, мөрде «ГУГСК НКВД СССР 1938» деген жазу бар. Тарқатып айтсақ, «главное управление геодезической съемки и картографии». Яғни 1938 жылдары ішкі істер халық комиссариатының құрамына кірген геодезиялық түсірілім мен картографияның басқармасы ұйымының белгісі. Демек, осы тұстарды картаға түсірген соң белгі қойған.
Ал атауының өзі үрейіңді ұшыратын НКВД 1934-1943 жылдары КСРО-ның қылмысқа қарсы күрес және қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі, сондай-ақ мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша басқару органы болған.
Сол уақыттағы геодезиялық түсірілім мен картография басқармасының ең маңызды жетістіктерінің бірі – 1937 жылы әлемдегі үлкен кеңес атласының бірінші томының басылып шыққаны еді. Картада ХХ ғасырдың басындағы жердің топографиялық зерттелу деңгейін көрсетіп, әлемнің физикалық, экономикалық және саяси географиясын қамтыған.
Тағы бір ерекшелігі, атластың аналогтары болмапты. Басылым осы жұмыс үшін Париждегі Халықаралық көрмеде бас жүлдені жеңіп алған. Бұл Екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі КСРО-ның ең ірі және ғылыми картографиялық жұмысы еді. Араға үш жыл салып, 1940 жылы атластың екінші томы жарыққа шыққан. Ол картада КСРО-ның жекелеген республикаларына, аумақтары мен облыстарына жалпы географиялық шолу жасалған. Сонымен қатар Азаматтық соғыс тарихы да атласқа кірген. Кейін жер-жерді аудандастыру үшін пайдаланылатын саяси-әкімшілік, физика-географиялық және экономикалық карталардың 52 түрі шығарылған екен.
Тау-тасы тарихқа толы Тарбағатай тауларының айтылмаған, қағаз бетіне түспеген құнды деректері көп сияқты. Кішкентай мөрдің өзін зерттеймін деген тарихшыларға үлкен тақырып па дейміз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы