Туризм • 10 Қыркүйек, 2020

Экотуризм «эковандализмге» айналмаса игі

208 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда.

Экотуризм «эковандализмге» айналмаса игі

Суреттерді түсірген Ерлан Омар, EQ

Туристердің ағыны артады

Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды» дегені есімізде. Елі­міздің табиғатына қатысты мәселелерді тіз­бектеген Мемлекет басшысы эколо­гиялық туризм мәдениетін белсенді дамыту – маңызды міндет екенін айтты.

Әлемдік туризмде кең тараған үрдіс­ті Қазақстанда дамыту үшін Эколо­гия, геология және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің бастамасымен бірнеше жоба қолға алынды. Атап айтқанда, «Алтын Емел» және «Шарын» ұлттық табиғи парктерінде экологиялық туризмді дамыту тұжырымдамасы таныстырылды. Таяуда Алматы шаһарында қоғам өкілдерінің қатысуымен жиын өтіп,  жауапты ведомство арнайы баспасөз турын ұйымдастырды.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, «Алтын Емелдің» аумағы 307,6 мың гектарды құрайды. Мұнда туристік ба­ғыттардың саны – 3-еу. Былтыр ұлттық паркке 19 мыңдай турист келген. Бұл жердегі тәртіпті 144 қызметкер қадағалайды.

«Осы жобаны орындау арқылы 2025 жылға қарай жергілікті халық 250 жаңа жұмыс орнымен қамтылады. Жыл сайын келетін туристердің ағыны 20 мыңнан 78 мыңға дейін көбейіп, бюджетке түсетін қаражат 10 есеге артады», деді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаев.

Тұжырымдаманы таныстыру кезінде министрдің орынбасары «Іле Алатауы» мен «Шарын» ұлт­тық парктерінің дамыту жо­­ба­сын мы­салға келтіріп, «Ал­т­ын Емел­де» жүргізілетін жұ­мыс­тар­ды да бақы­лап, баға бере­тін тә­уел­сіз қ­оғам­дық кеңес құрылатынын жеткізді.

Оның айтуынша, былтыр 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытуға байланысты мемлекеттік бағдарлама қабылданып, соның негізінде еліміздегі экологиялық туризмді өркендету барысында АҚШ тәжірибесі ескерілмек. Дәлірек айтқанда, мұнда туристiк мар­шруттар мен соқпақ жолдарды дамытуға көбірек күш салынады.

«Сонымен бірге заманауи сапар орталықтары, кэмпингтер, этно­ауылдар салынады. Бұл ны­сандардың құры­лысына же­ңіл жиналатын материал­дар пайдаланылады. Сон­­дық­тан парк аумағын­да түбе­­гейлі үлкен құрылыс жұ­мыс­­тары жүргізілмейді», деді Е.Нысанбаев.

Аталған аумақта 3 бағыт­ты реттеп, жөнге келтіру жоспар­ланған. Нәтижесінде «Шыған» бақылау өткізу пункті маңын­дағы аумақта автокөлік тұрағы және этноауыл салынады. Ту­ристерге Мыңбұлақ учаске­сінде аялдап, жылжымалы асхана­дан тамақтануға жағдай қарас­тырылады. Сол секілді тари­хи-мәдени нысан – Шоқан Уәли­ханов бұлағына баруға мүм­кін­дік алады. Сонымен қоса жаба­йы аң-құстарды тамашалау үшін көру алаңы салынады деп көзделуде.

Салалық органның өкілдері межеленген мақсатты орын­дауға инвесторлар жұмылдыры­латынын айтты.

1

 

Шарын шатқалының қирамайтынына кім кепіл?

Дәл осындай үлгіде «Шарын» ұлттық табиғи паркін де дамыту міндеті қойылған. Оның тұжы­рымдамасы қоғамдық кеңес­те таныстырылып, бұл өңірдегі эко­ло­гиялық туризмді жеке инвесторлар жолға қоятыны мәлім болды. Жобаға сәйкес, осы аумақта 2 заманауи сапар орта­лығы (300 млн теңге), 4 жаяу жүр­гінші мар­шруты (100 млн тең­ге), түнеуге арналған орындар (эко­отель – 400 млн теңге), сон­дай-ақ этноауыл мен 3 көру ала­ңы салынады деп жоспарла­нып отыр. Тұтастай жобаға 3 млрд теңгеге жуық қара­жат жұмсалмақ.

Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаевтың айтуынша, бұл жобаға кіріспес бұрын Құрама штаттардағы ұлт­тық парктердің тәжірибесі егжей-тегжей зерттелді. 

«Біздің еліміз бен АҚШ-тағы ұлттық парктерді салыстырсақ, оларда инфрақұрлым бұрыннан бар. Бұл елде табиғи аумақтар жеке серіктеске арнайы шарт­пен 15 жылға беріледі. Тап­қан пай­даның бір бөлігі ұлт­тық парк­тің арнайы шотына ауда­ры­лып, осы қаражат таби­ғатты қорғау шығындарына жұмсала­ды», деді вице-министр.

1

 

Экологиялық бағалау жүргізілді ме?

Алайда жоғарыдағы дамыту тұжырымдасымен келіспейтін жандар да бар. Алматылық бел­сен­­­ділердің пікіріне сүйенсек, инвес­тициялық жоба­лар қорша­ған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) шараларынсыз іске асы­рылып отыр. Сол себепті таби­ғат жанашырлары мұндай тұжы­рым­да­малардың қысқа уақытта атүсті қаралып, қабыл­дануына үзілді-кесілді қарсы.

 «Ұлттық парктерде туризм инфрақұрылымын жедел дамыту бойынша мемлекеттік орган­дардың белсенді іс-қимылдары бірқатар мәселені туындатады. Мәселен, Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізбей – өсімдік жабындысын алып тастау­ға, ауыр техниканың көмегі­мен алаң­дарды тегістеуге, геобұран­да­лы ше­ге­лерді (бетонды ірге­тасты ауыс­тыру) салынатын нысандарды қатайту үшін терең­детуге бола ма деген заңды сауал туындайды? Заң не дейді? Экологиялық кодекстің 36-бабында: «1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін шаруашылықтарға және өзге де қызметтің кез келген түріне міндетті саналады… 2. Қоршаған ортаға әсерді бағаламай, оған ықпал ететін шаруашылықты және өзге де қызмет жобаларын әзірлеуге және іске асыруға ты­йым салынады…». Бұл ретте жердің үстіндегі және астындағы суларға, ландшафттарға, топырақ жабындысына, өсімдіктер мен жануарлар әлеміне және тағы да басқа әсерлер есепке алынатынын айта кеткен орынды», делінген Қазақстан биоалуандылықты сақтау қауымдастығының парақ­шасында.

1

Табиғат жанашырларының бұл көзқарасын басқа да қоғам белсенділері қуаттады.

«Алтын Емел» ұлттық паркін дамыту тұжырымдамасын қарау бойынша кезекті кездесу өтті. Іс жүзінде бұл жаңа байқауды ұйымдастыруға арналған кезекті жоспардың таныстырылымы. Онда Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа учаскелерді ұзақ мерзімді жалға беруді жоспарлап отыр. Мұның бәрі қарақұйрықтар мен құландарды сақтауда әлі күнге дейін үлгілі болып келе жатқан паркте жүргізілмек», деді қоғам белсендісі Елена Ерзакович.

Аталған бастаманы ұсынған ведомство өкілдері құрылыс жұмыс­тары қоғамдық кеңес мүше­лері­мен талқыланғаннан кейін ғана инвесторлар ашық бай­қау негізінде анықталатынын жет­кізді. Экология министрлігі ұлт­тық парк жерлері заң бойынша жеке­мен­шікке берілмейтінін, тек бел­гілі бір аумақтар туризмді дамыту мақ­сатында уақытша пайдаланы­латынын айтады. Десе де инвестор міндеттерін орындамаған жағ­дайда мемлекет кез келген уақытта келісімшартты бұзуға құқылы.

1

«Инфрақұрылым болмаса да халық келеді. Бірақ артынан қаншама қалдық қалады. Дәретхана, сондай-ақ тиісті орындар қарастырылмаса қан­шама проблеманың орын алуына алып келеді. Биыл Көбейтұзда, сол секілді басқа да табиғи аумақтарда өзекті мәселелер туындағанда Президент біраз тапсырма берді. Сонда полициямен бірлесіп, ауқымды тексеру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде мыңдаған тұрмыстық қалдық жиналып, бірнеше проблеманың беті ашылды. Қолға алынған бұл жоба осындай түйткілді мәселелерді шешуге септеседі», деді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлпықар Жолдасов.

Ерекше қорғалатын табиғи аумақта туристік қызметті жүзеге асыруға парк учаскелері бес жылдан 45 жылға дейін жалға беріледі.

Экологтар туристер ағыны­ның салдарынан қорғала­тын табиғи аймақтардың рекреа­циялық жүктемесі шамадан тыс артып, қоршаған ортаға залалы тиюі мүмкін деп алаңдаулы.

1

 

P.S. Әлбетте, Президенттің Жолдауында айтылғандай, экологиялық туризм мәдениетін қалыптастырған құптарлық іс. Әйтсе де, бұл шаруа тиянақтылықты қажет ететінін жоғарыдағы сын-ескертпелерден аңғаруға болады. Еліміз азаматтық қоғамды құруға бағыт  алғандықтан қоғамдық пікірдің қаншалықты маңызды екені айтпасақ та түсінікті. Мемлекет басшысы айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасының преамбуласы осыда жатыр емес пе?