Руханият • 10 Қыркүйек, 2020

Абыздың абыздығын айқара ашқан

657 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

«Абыз Әбіш»... Алаштың аймаңдай дара тұлғаларының біріне айналған Әбіш Кекілбаевтың ойшылдығын толғаған осынау кітапты жазуға салиқалы қаламгер, майталман мәдениеттанушы Сауытбек Абдрахманов сонау жас шағынан бастап өмір бойы іштей, үзбей, терең дайындық жасағандай көрінеді. Алаштың Әбішін қырық жыл қатар жүрген Сауытбек інісінен артық білер, кеңінен түсінер адам бар да шығар, бірақ некен-саяқ болар.

Абыздың абыздығын айқара ашқан

Кітапты зейін сала, қызыға оқып шыққанда алғаш түйген бір ойымыз: бұл толғаныстарды жазбауға Сауытбектің хақысы жоқ екен. Бұл оның қолына қалам алмасқа әддісін қалдырмаған адами һәм азаматтық миссиясы, Алатаудай Аға алдындағы асыл парызы екен. Тағы бір түйсінгеніміз: сол парызды мейлінше адал атқарып, жауапты міндетін тамаша орындап шыққан. Кемел тұлғаның көзі тірісінде сыйласқан сырмінездердің ішінен Сауытбектің суырылып, әбіштануды соныға салуы, жоғары деңгейге көтеріп, көп жылдарғы ізденістің арқасында ел назарын аударған елеулі дүние тудыруы сүйінерлік ғанибет жағдай, әрі-беріден соң елдігіміз бен бірлігіміздің де белгісі. Кекілбаевтың кемеңгерлігін айшықтаған, ойшылдығын зерделеген 557 беттік бұл кітап арқылы оның авторының да келісті кемелдігі, ой-танымының биік өресі мен кең өрісі көрінбей қалмады.

Әрине, ұлылық ұлағатын әрбір сөзіңде дәлелге, дәйекке жүгіне отырып, өрмегін сетінетпей кестелеу оңай емес. Осы арада авторға өзінің өмір тәжірибесі, бастан кешкен ғибратты мысалдар көмекке келеді. Біреуін ғана айтайық. Адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Айтматовтан жиырма төрттегі Сауытбек сұхбат алып, соңына қарай тақырыптан ауытқып, жай қызығушылықпен қазақ қаламгерлері, оның ішінде Әбіш Кекілбаев туралы пікірін сұрайды емес пе. Бұл әңгіменің де драмасы, тұздығы жеткілікті. Шықаңның аузынан ә дегенде шыққан жауабы сәл тіксінтіп тастайды. «Ой, оны айтпа» дейді ол кісі. Бұл «Аралары нашар екен ғой, қап, бекер сұраппын» деп ойлап, есін жиғанша Шыңғыс ағасы тағы да «Оны қой» деп нығарлайды. Жас сұхбатшы жігіттің еңсесі одан әрмен түсіп, әп-сәтте қара аспан жауып кеткендей күй кешеді. Сөйтсе, ақырын тіктеліп, жүзіне қараса... жалпақ жаһанға белгілі жазушы жымиыңқырап тұр екен. Сәлден соң ойын жинақтап, салмақты түрде: «Он неисчерпаемый» дейді... Айтматовтың Кекілбаевқа берген кесімді бағасы. Таусылып бітпес, түпсіз терең телегей-теңіз деп есептейді екен. Уа, бәрекелді! Осы сөзді айтқан Шықаңа, оны жадында қастерлей, сары майдай сақтап, ондаған жылдардан кейін бізге жеткізген Сауытбекке де, дүйім дүниеге мәшһүр дуалы ауыздың сондай керемет бағасына лайықты Алаштың айдынды, асқар биік перзенті болып туған Әбіш ағатайымызға да мың да рақмет. Тусаң ту!

Ел Әбіш Кекілбаевты негізінен жазушы деп біледі. Ал бұл кітапта автор оны суреткер ретінде емес, ойшыл ре­­тінде қарастыруды мақсат тұтқан. Кекіл­­баевтың көркем сөзіне емес, көсем сө­зіне көбірек назар аударғанын өзі де бір­неше мәрте қадап тұрып айтады. Тұтас қамтылар болса, бір бойында жазушының, ақынның, драматургтің, аудармашының, мемлекет қайраткерінің, саясаткердің, сая­сат­танушының, тарихшының, фило­соф­тың, мәдениеттанушының, өнер­тану­шының, өлкетанушының, әлеумет­танушының, публицистің, журналистің, шешеннің қабілет-дарынының тамаша тоғысуы әрі соның бәрін дала да­ныш­пандығының қайнарынан суаруы Әбіш Кекілбаевты шын мәнінде алып құбылысқа айналдырғаны бұл күнде көкірек көзі ашық қауым-жұрт­шылыққа белгілі ақиқат, бірауыздан мойындалған факт. Мұндай феноменнің ақ алмастай алуан қырын бір кітаптың құшағына сыйғызу әсте мүмкін еместігін Сауытбек Абдрахмановтың оңтайлы ескергені де құптарлық жай. Сол себептен де ол бұл ерекше еңбекте қазыналы талант иесінің автордың өзінің оң жамбасына дөп келетін мәдениеттанушылық, өнертанушылық, саясаттанушылық, та­рих­шылық, әде­биет­­танушылық, өлке­танушылық қыр­ла­рын бөлек-бөлек зерттеу нысанасы етіп алып, сол орайдағы сипаттарын айқара ашады, бұрынғы өткен Абай хакім, Ахмет ұстаздардың жалғасындай болған зама­науи қазақ ғұламасының әлемдік ауқымдағы асқан ойшылдығын жан-жақты зерделеп танытады. Кітапта заманның заңғар ойшылының бірегей тұлғасы, бүтін бейнесі сомдалып шығады. Көркем образ емес, логикалық қисынмен, талдамалық пайыммен, сараптамалық сарабдалдықпен, публицистік толғаммен, терең түйсікпен қалыпталған Әбіштің абыздық сипаты ашылады. Қазіргі қа­зақ журналистикасындағы серкесөз саң­лағы ғана емес, ол әрі әдебиеттанушы ғалым, байыпты мәдениеттанушы, кітап­құмарлығы студент кезінен-ақ аңыз бол­ған Сауытбектің де білімпаздығы Ке­кілбаевтай кемелдермен келелі кеңестер құрып, апталап жанында жүруге, сағаттап әңгімелесуге, кемеңгердің көңілінен шығуға әбден жарағанын да білеміз, бұл жайды осы еңбекті ой көзімен оқып шыққанда да байқаймыз. Өзінің де мемлекет пен қоғам істеріндегі тағылым-тәжі­рибесіне қоса, қайраткерлігі мен са­нат­керлігі ешкімнен кем түспейтін, бес қаруы сай Сауытбек Абдрахмановтың Әбіштей абыздың алып әлемін игеруге шығармашылық та, білік­тілік те, білім­ділік те әлеуеті молынан жеткілікті бол­ғанын көреміз.

Ұлылық ұлағатын ұғындыруды ныса­налаған бірінші тарау кітаптың барша мазмұн-мағынасының, концепциясының кілті сияқты. Кемеңгерліктің бастау-бұ­лақ­тары, арналы сырлары осы тарауда ағытылады, тұлғаның жеке басының үл­гісі, рухани сақилығы, «сүртілмес жады», ерек­ше зеректігі нақты нұсқалады. Енді бір әредікте замандастары айтатын төрт қасиетті алға тартып, дарын қуаты, ұшан-теңіз білімі, тынымсыз ізденісі, алапат жұмыс қабілеті өзіміз бұл күнде көктен түскендей көріп-біле қалған Кекілбаев феноменін дүниеге қалай алып келгенін дәлме-дәл тәпсірлеп, тамыршыдай тап басып, яғни осы ғажайып құбылыстың табиғатын туралап танытып береді әрі соны айғақтау үшін ондаған өмірлік, бұлтартпас мысалдар келтіреді. Иә, Толстой тура­лы газеттің табақтай бір бетін тұтас алып жатқан трактатты бір тәулікке жет­­­кізбей жазып тастау Кекілбаевтың ға­на қолынан келер кемеңгерлік емес пе?! Немесе кітап авторының Ақпарат ми­нистрі кезінде, 2003 жылы «Мәдени мұ­ра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 100 томдық «Әлем әдебиеті» сериясын жа­сақтауға Әбіш білімпаздың едел-жедел қосқан ақылы, әлем әдебиетін жаңғақтай шағып атаған кітаптары сол жобаның абыройын көтеріп, кенересін толтырғанын да енді өзінің «ырзадарлықпен» еске алуы бір ғажап. Ал сайлау алдында Баян­ауылда болған жиындағы баяғының би­леріндей айтқыр Әбіштің көшелі шешен сөзбен алмастай жарқылдап, аруақты елдің ақсақалдарын ұйытқан сәті тіпті әдемі берілген, орайлы жеткізілген. Мөл­діреген мөлтек мысалдан, тағылым шашқан тосын тәмсілден Әбіш асқары одан сайын биіктеп, дүйім қазақтың үкілі үміті, парасат шыңындағы шамшырағы екендігі аса бір парықтылықпен паш етіледі. Айтылған сәтінде жұрттың айызын қандырып, Баян­ауыл елінде Әбішті асқақтатып әкеткен, хан көтерткен осын­дай айтқыр шешендіктің әр-әр жер­ден алқа-маржандай тізіліп берілуі оқыр­манның айызын қандырып, әрі кітаптың құндылығын, қызықтылығын арттыра түскен. Мұншама оқиғалы, ғибратты өмір мысалдарын қайдан, қалай жинай бер­геніне таң қаласыз, автордың тия­нақ­тылығына еріксіз тамсанасыз.

Одан соң Әбіш Кекілбаевтың ең бір қордалы қырларының бірі – мәдениет­танушылығына ойысып, осы қасиетіне тереңдей бойлап, дендеп енеміз. Бұл тарауды бейнебір мәдениеттану оқулығы, осы тақырыптағы ғылыми-танымдық пайымдама дерсіз. Мәдениет туралы түсінігі кітапхана мен клуб, көркемөнерпаздар үйірмесі, әрі кетсе театр төңірегінен ас­пай­тын аңғалдар оқыса дейміз-ау осы кі­тапты. Нағыз мәдениет мәйегіне қаны­ғар еді. Кекілбаев талантының бұл қым­бат қырына келгенде мәдениеттанушы Абдрах­манов аламан бәйгеге шапқан ар­ғы­мақ­тай көсіледі. «Мәдениет» ұғымы ха­қындағы арғы-бергі пайымдарды ағыл-тегіл ақтарыстырып алға тартады. Ары қарай Кекілбаевтың мәдениетті – адамзат қоғамы дамуының барлық сатыларын қамтитын бірегей құбылыс, өмір сүру өнері, мәдениеттануды – ғылымның же­ке пәні ретінде қарастырып, мейлінше кең ауқымда танитыны атап көрсетіледі. Осынау толымды толғаныстарды зейін­деп оқу барысында әрбір ұлтжанды пат­риоттың кеудесін қазақтың мәдени мате­риалдық мұрасының байлығы үшін, көне жәдігерлеріміздің ықылымнан үн қатқаны үшін, көшпенділердің адамзат мәдениетіне қоян-қолтық қатыстылығы үшін мақтаныш сезімі кернейді.

Өнер – мәдениеттің бір бөлшегі десек, қаламгердің өнертанушылық қыры да қалыс қалмаған. Себебі, өнер адамдары, өнернамалық шығармалар туралы өмір бойы дәл Әбіштей толассыз толғаған, тө­гілдіріп жазған, зергердей зерлеп ызған қаламгер кемде-кем, тіптен, жоқ десе де болғандай. Қаншама мақалаларды былай қойғанда, қазақ өнеріндегі тау тұлғалардың шығармашылық портреттер, мерейтойлық баяндамалар – қыруар қазына.

Қай бір тұста өнертанушылықтың өмір­­танушылыққа ұласуы туралы тың ойдың шетін шығарады. Кекілбаев культурологиясында мәдениеттің тек мәдени құбылыс ретінде қарастырылмайтыны үлкен артықшылық екені айтылып, бұған да бұлтартпас дәлел-дәйектер келтіріледі. Кешегі кеңестік кезеңдегі бір жиында реті келіп қалғанда рок музыка табиғатын талдай ашып таңғалдырған Әбіш Кекілбаев 2001 жылы Түркияға барған сапарында Әз Наурыздың күллі түркіге ортақ ме­реке екенін, оның ішінде түріктің де ұлттық мейрамы атануға лайықтылығын келістіре, айыз қандырып айтқанда кәрдаштар дұрыс сөзге иіліп түсіп, кейін Наурызды ұлы думан, ұлттық той-мереке ретінде атап өтетін болған ғой... Соған куә Сауытбек айтпаса мұны да білмес едік. Өнертанудың нағыз өміртануға ұласуы осы шығар.

Ел егемендігінің арай таңындағы тіл тартысы кезіндегі Кекілбаев күрескерлігінен, әрине, көп жұрт бұрыннан-ақ хабардар. Мына кітапта сол тіл тағдыры шешілген тайталас күндер оқиғалары бүге-шігесіне дейін тәптіштеліп, тергеліп, зор майданда қаламын егеулі найза, шешен тілін сұр жебе етіп елдік мүдде жолында қасқайып шыққан ер тұлғаға деген құрметіңізді ересен арттыра түскендей. Қаламгер ре­тінде тіл туралы, оның алуан мәселелері ха­қында көп айтқаны, көп жазғаны, көр­кем сөзінде де, көсем сөзінде де, мәде­ниет­танушылығында да тіл шұрайын, афо­ристикасы мен эвфониясын орайлы пай­даланғанын да, тарихи лексикологиямызды қалай байытқанын да жеріне жеткізе айтады. Иә, Әбіш Кекілбаев – ана тіліміздің айбынын асырып, айдынын тасытуға ерен еңбек сіңірген ер десе, сол тұжырымға қалтқысыз қол қоямыз, риясыз сенеміз.

Тәу етер Тәуелсіздігіміздің Әбіш Кекіл­­баевтай жаршысы, соның баянды­лы­ғы­ның байыптап қорғаушысы, елдің өткенін, бү­гіні мен болашағын кемел ойдың еле­гінен санаттап өткізушісі бол­ғандығы халқымыздың маңдайына біткен бақпен парапар-ды. Бұл кезде қазаққа қаламгер Әбіштен гөрі қайраткер Әбіштің керегірек болғандығын да дәлелді айтады. Иә, «Тәуелсіздік толғауы», «Бетерден де бетер бар», басқа да классикалық публицистика туындылары дәл осы тұста жазылды, тәуелсіздікті кеудесін оққа тосқан қас батырдай қорғаған жауынгер сөздер тал­қылы мінберлерден дәл осы алмағайып кездерде айтылды.

Енді бір орайда ғалымдық қасиетпен тарихтан тағылым тартқан тарихшыл Кекілбаевпен ұшырасамыз. Ұлт тари­хының талай көмескі беттерін тарихшылардан бұрын түгендеп берген тарихи-танымдық туындыларына жүгінеміз. «Талайғы Тараз», «Түркістан тағылымы» атты тарихи баян, тарихнамалық эссе­лерінен бағзыдан бүгінге жетіп сал­та­­нат құрған қазақ мәдениетінің кере­меттігімен көзбе-көз жүздесеміз. Бұлар­ды былай қойғанда, «Үркер» мен «Елең-алаң» дилогиясы, бүкіл көркем шығар­машылығы тұнып тұрған тарих емес пе. «Шандоз» деректі-тарихи баянында Махамбеттануды жана биікке көтеріпті. Алғашқы Бейбарыстанушымыз және де Әбіш Кекілбаев екен. Бұл жайды да Сауытбектің еңбегінен біліп сүйінеміз. Жай ғана біліп қоймаймыз, терең талдауы арқылы жан-жақты зерделеп танимыз.

Әбіштің әдебиет әлеміндегі немесе әлем әдебиеті орайындағы білім­паздығын бажайлап байыптаған кезде тіптен еліктіріп баурап алады. Кезінде «Фольк унд Вельд» баспасы анықтаған «Жиырмасыншы ғасырдың 100 үздік жазушысы» қатарына кеңестік әдебиет классиктері Шолохов, Пастернак, Ахматова, Ғамзатовтармен қатар еніп, қазақ көркем сөзінің атағын асырғанын да еске салып, мерейімізді тағы бір тасытып қояды. Сондай Әбіштің қазақ әдебиетінің, қаламдастарының әрбір табысына қуана қалам тартпаған кезі де жоқ екенін нешеме мысалмен ежіктеп айтуды ұмытпайды. Осындай көп-көп жақсы қасиеттерімен Сауытбектің кітабы жанға шуақ төгіп, сәуле себелейді дер едік. Зияткер тұлға ретінде танымал автор шын мәнінде сақи да сарабдал дүние тудырған. Бұған баршамыз қуанамыз.

«Абыз Әбіш» атты толғаныстар кіта­бын ұлт кемеңгерінің ұлы рухына сомдалып соғылған ерен ескерткіш деп баға­ласақ, ақиқаты да, әділі де сол. Біздің ұлт­тық мақтанышымыз болып табылатын Әбіштей абыздың абыздығын айшықты ашқан, талант тегеурінін терең танытқан бұл көрнекті кітапқа алдағы аламанда ақ жол тілейміз. Айтқандай, бәйгенің іріктеу турында таразыға тартылған туындылардың арасында ең көп дауыс алған еңбек тап осы кітап болғаны да үмітімізді үкілей түскендей.

 

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты