Біріншіден, мемлекеттік басқарудағы жаңа модельге байланысты сервистік мемлекет тұжырымдамасының бастапқы бейнесі көріне бастады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлау, инфрақұрылымдық, әлеуметтік бастамаларға аудандар мен ауылдық окургтердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізу, халық бюджеті ұғымын қолданысқа тереңірек енгізу. Сондай-ақ мәслихаттардың қоғамдағы рөлін, құзыреттілігін күшейту, ашықтығын қамтамасыз ету, петиция институтын заңды түрде дамыту, осы арқылы өңір мен орталық арасындағы байланысты жетілдіру, өзін-өзі басқару институтының бейнесін жаңғырту, оның даму жөніндегі түбегейлі тұжырымдамасын әзірлеу.
Президент атап өткендей, «егер азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олардың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн». Сондықтан мемлекеттік басқарудың жаңа моделі әр азаматтың мұң-мұқтажын, халықтың үнін ескеруге бағытталып отыр. Осы орайда негізгі өзгерістер өңірлерден бастау алады. Мәселен, Атырау облысында келесі жылы 22 ауылдық округ әкімінің мерзімі аяқталады. Сол себептен, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу маңызды болмақ.
Ал сервистік модель азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуын көздейді. Президент сөзімен айтқанда, «Адамдар емес, деректер жүгіру» керек. Демек, қағаз түріндегі құжаттардан бас тартылып, цифрландыру арқылы сұранысқа ие анықтамалар жойылады. Жалпы, цифрландыру саласында оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Атырау облысында жергілікті атқарушы органдардың электронды қызмет түрінің үлесі 97 пайызға жетті. Мұның ішінде көрсетілген қызмет саны – 1 047 094, ал электронды түрде көрсетілгені – 1 015 787. Алдағы мақсат – ортақ мәліметтер базасын қалыптастырып, ІТ саласын саласын жетілдіру. Себебі қолданыстағы электронды қолтаңбаны алуға, оны қолдануға қатысты көптеген мәселе туындағаны белгілі. Мұны пандемия кезінде анық байқадық. Енді Жолдауда айтылғандай, биометрияны кеңінен қолдану енгізілмек. Бұл электронды қызметті алуды жеңілдетуге жол ашады.
Екіншіден, Жолдауда мемлекеттік менеджментті жетілдіру мәселесіне баса назар аударылды. Басқару өнерінде адамзат ойлап тапқан үш тәсіл бар. Бұл – жүйелік, процестік, жобалық.
Біріншісі – жүйелік тәсіл. Президент көптен бері түрлі жағдайда туындап келген мәселелерді ескеріп, жүйелі өзгерістерді енгізуді ұсынды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министрлігін, Президентке тікелей бағынатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігін, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін құру, басқару жүйесіндегі өз мақсатын ақтамаған жауапты хатшылар институтын жою, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерін қысқарту мерзімін жеделдету секілді өзекті мәселелер бар. Биыл мемлекеттік қызметшілер қатары 10%-ға, ал келесі жылы тағы да 15%-ға қысқарғалы отыр. Сөйтіп, 2021 жылы бұл саладағы қызметшілерді 25%-ға қысқарту міндеті орындалады.
Екіншісі – процестік тәсіл. Басқару процесі жоспарлау, ұйымдастыру, мотивациялау, бақылау және бағалау кезеңдерінен тұратын болса, кем дегенде екі мәселеге барынша назар аударылады. Ең маңыздысы – жоспарлау. «Күнделікті мәселелерді шешуге көп уақыт және күш жұмсалады, деді осы орайда Президент. Міне, осы мәселеге орай арнайы құрылғалы отырған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын өрістетуге серпін береді.
Әрине, кез келген реформа бірінші кезекте адамдардың қолдауын, ынталандыру жолдарын таппаса, жүйелі іске асуы қиындайды. Мәселен, мемлекеттік аппаратты мотивациялауға негіз болатын жаңа жалақы жүйесі келесі жылдың 1 шілдесінен толық іске қосылады. Мұның өзі – оң бастама. Биыл Атырау өңірінде жаңа жалақы жүйесі факторлы-балдық шкала түріндегі пилоттық форматта қолданысқа енгізілді. Аталған жүйеге жергілікті бюджеттен 6,5 млрд теңге қаралып, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2,5 есеге өсті. Қанатқақты жобаны жетілдіруге қатысты әзірленіп жатқан бірнеше маңызды ұсыныс мұқият зерделенеді.
Үшіншісі – жобалық тәсіл. Президенттің мәлім еткеніндей, әр мемлекеттік қызметшінің жұмысында күнделікті процесс емес, нақты нәтиже басым болуы тиіс. Демек, саны жағынан бастан асатын көрсеткіштер мен индикаторларға толы мемлекеттік бағдарламаларды барлық азаматқа түсінікті, жинақы ұлттық жобалармен алмастыру көзделеді.
Үшіншіден, жаңа басқару моделі, мемлекеттік менеджментті жаңғырту секілді концептуалды мәселелерден бөлек, мемлекеттік қызметшілердің жол картасы айқындалып отыр. Әсіресе осы кезде кәсіби дағдысы мол, батыл ойлы, бастамашыл жаңа кадрлар керек. Алайда жоғары жылдамдыққа қойылған кадрлық жаңғырту дәстүрлі қалыптасқан басқару құндылықтарын жоғалтуға себеп болмауы керек.
Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби, әдептілік талаптары төмендемегені жөн. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған тәлімгерлер кеңесіне үлкен үміт артып отырмыз. Қазір бұл кеңес өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңес пен уәкілдер, кадрлық комиссиялар жұмысын жаңа форматқа көшірді. Мұның нәтижесінде төменгі лауазымнан басшылық лауазымға 35 адам (67,3%) тағайындалды. Осы жылы тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге 77 тәлімгер бекітілді. Кадрлардың сапалық құрамы бойынша 2 668 (91,8%) мемлекеттік қызметшінің жоғары білімі бар. Ал биылғы алты айда 224 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылып, былтырғы кезеңмен 19,7%-ға төмендеп отыр. Осының өзінен мемлекеттік қызмет саласындағы реформаның, мемлекеттік қызметшілердің міндетін жауапкершілікпен атқаруға ұмтылысының бастапқы нәтижесі көріне бастады.
Салауат МҮКСІМОВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы