Пікір • 10 Қыркүйек, 2020

Халықтың үміті ояу

157 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Жолдауындағы негізгі тұжырымдардың астарында, дәл қазіргі жағдайда, халқымыздың санасындағы «Дағдарыс» сөзін «Мүмкіндік» ұғымына біржолата ауыстыру уақыты келгенін меңзейтін ой жатыр. Әрине, бұл – аса батыл, қажетті әрі іске асуы тиіс мақсат.

Халықтың үміті ояу

Әлем бұрын-соңды бол­ма­ған қиын­дықтармен, тіпті экзис­тенциалды қиын­дықтармен бетпе-бет келіп отыр десе де болады.

Арасы жарты жылдың ішінде жа­һан­дық байланыстар үзілді, ұлттық эко­но­микалар тұралады, халықаралық қарым-қатынастар күрделене түсті, өндіріс пен сұраныс көлемі құлдырау шегіне жет­ті. Қарапайым адамдардың өмір сүру қа­лыбы қайшылыққа ұшы­рады, әдепкі ой-сана құнды­лық­тары тығырыққа тірелді.

Бір қарағанда бұл сынақтың ұшы-қиы­ры жоқтай көрінеді. Қазіргі уақыт­та халықаралық сарап­шылар панде­мия­дан кейінгі экономикалық ахуалды 30-жыл­дардағы «ұлы депрессия» зар­дап­та­рымен немесе Екінші дүние­жүзілік соғыстан кейінгі шетін жағдаймен қатар қоя бастады.

Жақында ғана америкалық саясаткер, дипломат Генри Кис­синд­жер жазғандай: «COVID-19 толық аяқталғаннан кейін көп­те­ген елдердегі жауапты мекемелер сәт­сіздігі үшін аяусыз сынға ұшы­райды. Коро­навирустан ке­йінгі әлем енді бүгін­гідей бол­майды». Ойлантарлық жағдай.

Бірақ мұның да тығырықтан шыға­ра­тын жол емес екені ақи­қат. Тығырықтан шығу үшін мем­ле­кетке батыл әрі нақты праг­мати­калық шешімдер мен шұғыл ра­цио­налды іс-қимыл ауадай қа­жет болып тұр. Қазақстан Рес­публикасының Прези­денті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­тың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қи­мыл кезеңі» атты халыққа Жол­дауын осы қажеттіліктің, тығы­рықтан шығу жо­лының жарқын көрінісі деуге толық негіз бар.

Президент Жолдауы – елі­міз­дің мой­­нына түскен сынаққа мемлекеттің жауа­бы. Жаңа кезең­дегі тәуекелдер мен ауырт­па­лық­тардың алдын алып, оларды ең­се­руге бағытталған мемлекеттің ке­шен­ді жобасы.

Мемлекет басшысы халыққа Жол­дау­ында Қазақстанның пандемиядан кейін­гі кезеңдегі саяси, экономикалық, әлеу­меттік күн тәртібін нақты әрі тұтастай бекітіп берді. Бұл құжат ал­да­­ғы жылдары атқарылатын жедел іс-қи­­мыл­дар мен оң өзгерістердің нақты ал­ғы­шартына айналады.

Мемлекет басшысының Жол­дау­дағы айтылған негізгі міндет­тер тізбесі Қазақ­станның панде­миядан кейінгі кезеңдегі қалыбын айшықтап тұр. Яғни мемлекет:

бұдан әрі де әлеуметтік ұста­ным дәс­түрінен айнымайды;

саяси, экономикалық рефор­ма­ларды жүзеге асырудағы сабақ­тастық үзілмей жал­ғасады;

заң үстемдігіне қол жеткізу ба­сымдық болып қала береді;

жемқорлықпен күрес аяусыз жүргі­зіледі;

ең бастысы, мемлекеттің бірін­ші құн­дылығы оның қарапайым азаматтары дей­тін қағида мыз­ғы­майды.

Тоқаев ұсынған орасан әлеу­меттік кө­мек­тер пакеті жағдайдың күрделілігіне қа­ра­мастан, оны оңалтуға мемлекет ре­сур­сының то­лық жеткілікті екенін анық аңғартады.

Ең бастысы Қазақстан Прези­ден­тінің Жолдауында көтеріл­ген және шұғыл ше­шілуі тиіс өзек­ті мәселелер алты ай төрт қа­быр­ғаның ортасында қамалып, фатал­ды үмітсіздік пен изоляциялық көңіл күйде отырған халқымызға үлкен демеу болды, үміттерін оя­тып, сенім­дерін күшейтті. Се­бебі Президент Жол­дау­ында елі­міздегі кешенді, күрделі жо­ба­­лар­дан бастап, қарапайым адам­дардың күн­делікті өмірдегі проб­лемаларына дейін қамтылған.

Мемлекет басшысы мем­ле­кеттік бас­қарудың жаңа үлгісін жасап, оны біртін­деп енгізуді ұсы­нып отыр. Бұл да уақыт талабы. Осы мақсатта жаңа әлеуетті орган – Стратегиялық жоспарлау және ре­формалар агенттігі құры­ла­тынын жа­рия етті. Агенттік тіке­лей Президентке ба­ғы­натын болады. Өз басым, бұл баста­маны толықтай қолдаймын.

Себебі біріншіден, мем­ле­кет­тік бас­қару жүйесін реформалау ісі – мем­ле­кеттік қауіпсіздік дең­гейіндегі мәселе.

Екіншіден, мұндай істі же­келеген құзырлы министрліктерге немесе әкім­дік­терге тапсырып, «реформа жаса» деп қарап отыру, үдеріс бары­сында қарсылықтарға тап болуы, қайшы­лықтарға соқ­тыруы, тіпті түптің түбінде мүл­де іске аспай қалуы да мүмкін екен­дігін жоққа шығаруға болмайды.

Үшіншіден, жасыратыны жоқ, жылдар бойы өзінің әмбебап заң­ды­лықтар жүйесі қалыптасқан, өз­дері үшін табиғи көрінетін жұ­мыс­пен айналысып отырған басқару құрылымдарына тек Президентке тікелей бағынышты орган ғана өзгеріс жасай алады.

Сондай-ақ бір мемлекеттік ор­ганды саяси лауазымдағы және әкімшілік лауа­зымдағы екі тұл­ғаның қатар басқаруы да көп­тен бері талқыға салынып келе жат­­­қан жағдай болатын. Мем­лекет басшысы жауапты хатшы лауа­зымын жойып, министр­лік­тер­дің басқару жүйесіндегі екі­ұдайылыққа да нүкте қойды.

Мемлекеттік қызметкерлер санын бір жарым жылдың ішінде 25 пайызға қысқарту бастамасы да қажетті қадам. Қазіргідей элек­тронды құжат жүйесі бар, цифрлы технологиялық дәуірде меке­ме штаттарын жөнсіз ұлғайта беру де ақылға қонымсыз. Бейнелеп айтқанда, жұ­мыс істемейтін қыз­меткердің санын 25 пайызға азай­тып, жұмыс істейтін қыз­мет­кердің жалақысын 25 пайызға көбей­тіп отырса, мемлекет үшін әлдеқайда тиімді болар еді.

Оның үстіне мемлекеттік қыз­мет­кер­лер санын қысқарта отырып, қалған қызметкерлердің жала­қысын барынша көтеру ар­қылы жұмыс тиімділігін ар­т­тырып, та­бысқа қол жеткізу тәжірибесі әлемнің көптеген елдерінде өз жемісін беріп отыр.

Мемлекет басшысы Жолдауы­ның негізгі бөлігі әлеуметтік-экономикалық ахуалға арналуы табиғи, заңды жағдай. Президент негіздеп берген жаңа жағ­дай­дағы экономикалық дамудың 7 қағи­даты пандемиядан кейінгі кезеңдегі эко­но­микалық дамудың басты тұғырнамасына айналады.

Құқық қорғау мен сот жүйесін рефор­малау қолға алынатыны белгілі болды. Бұл өткір мәселе де Қазақстандағы қо­ғам­дық ұйым­дардың, белсенді топтар­дың көптен бері көтеріп жүрген тақы­ры­бы болатын.

Мемлекет басшысы азамат­тарды мемлекетті басқару ісі­не белсенді түр­де тартуды тап­сырды. Осы мәселені Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2019 жыл­ғы сай­лауалды бағдарламасында көтер­­ген еді. Айналасы бір жыл­дың ауқы­мында мемлекет пен аза­маттық қоғам арасындағы бай­ланыс орнату ісінде біраз шаруа­лар атқарылды.

Бір жылдың шеңберінде «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясы іске қосылды. Шы­ны керек, қатып-се­міп қалған бюрократиялық аппарат ха­лық­пен «адамша» жұмыс істеуді үйре­не бастады, әміршіл-әкімшіл кейпі­нен бас тартты. Десе де, бұл ба­ғытта әлі де атқарылатын іс қыруар екені белгілі.

Осы жылы Қазақстанда «Бейбіт жи­на­лыстарды ұйымдастыру және өткі­зу тәр­тібі туралы», «Саяси партиялар ту­ра­­лы», «Сайлау тура­лы», «Парламент жә­не оның депу­тат­тарының мәртебесі тура­­лы» заңдардың қабылдануы халық­ара­лық ұйымдар тарапынан да қолдау тапты.

Президент жанынан құрылған Ұлт­тық қоғамдық келісім кеңе­сі қоғамда, қо­ғамдық ойда қалып­тасқан қайсыбір нара­зылықтардың саябырсуына, билік пен қоғам арасындағы шынайы диалогтың басталуына септігін тигізді. Кеңес өз миссиясын сәтті орындап отыр.

Ендігі басты мәселе – үкіметтік емес ұйымдармен, түрлі белсенді әлеуметтік топтармен, саяси пар­тиялармен, белгілі тұлғалармен үздіксіз конструктивті байланысты жолға қою.

Меніңше, мұндай мәселеде «ақ», «қызыл» деген принцип жүр­меуі тиіс. Кез келген халыққа жәр­демі тиетін тұл­ғаның мүм­кін­діктерін пайдасыз дау-шарға емес, пандемиядан кейін жа­дап-жүдеген халқымыздың еңсесін көте­руге, береке-бірлігін нығайту жолына бағыттауға талпыну қажет.

Мемлекеттік басқару ісіне, әсіресе, түрлі әлеуметтік лифттер, онлайн, офф­лайн платформалар арқылы, қажет бол­са түрлі же­ңіл­дік, көмектер арқылы жастарды көптеп тарту маңызды деп санай­мын. Олар – Тәуелсіздік жылдары дүниеге келген білімді, көзі ашық, өжет, цифрлық дәуірдің пер­зенттері.

Бұған мысалды алыстан іздеу­дің қа­жеті жоқ. Мемлекет басшысы іске қос­қан «Президенттік резерв» жобасы бұған жарқын мысал бола алады. Ол жобаға іліккен талантты жастардың көбі қазір орталықта, өңірлерде ысылып, шыңдалып жатыр.

Nur Otan партиясы қолға алған праймериз жобасы да талай дарынды, қабілетті жастың жолын ашады деуге негіз бар. Мемлекет басшысы Жолдауының қорытынды бөлігінде ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, ұлттық сапаны арттыру жайына ерекше тоқталғаны көп нәрсені аңғартса керек.

Шындығында, әлем бұрын­ғыдай болмайды, Қазақстан да. Қай-қайсы бәсекеге де барынша қабі­летті болу үшін, әлемдік даму көшінің соңында қалмау үшін, жа­ңа заманға бейімделу үшін, өзгермеске шарамыз жоқ.

Демек, халық та, ұлт та өзге­руі ке­рек. Халқымыздың ендігі жердегі ты­ныс-тіршілігі, рухани құн­дылықтары мен дәстүршілдігі, ішкі мәдениеті мен мына аласа­пыран дүниеге деген көз­қа­расы, қарым-қатынасы өскен ұлттың, естияр ұлттың көзқарасы мен қарым-қатынасына айналуы шарт.

Президент осыны алыс көк­жиектен пайымдап, үміт пен се­нім­ді серік ете оты­рып, нақты қадам мен іс-қимыл жасауға шақы­рып отыр. 

Мемлекет басшысының мең­зеп отыр­ғаны – дағдарыстан дағ­дарыс туғы­зу­дың қажеті жоқ, керісінше, халықтың үміті мен сенімі үшін, мемлекеттің дамуы мен болашағы үшін, бүгінгі тұйықтардан ертеңгі орасан мүмкін­дік­тердің көзі мен тетігін іздеп, таба білуге тиіспіз. 

 

Дархан КӘЛЕТАЕВ,

Қазақстанның Украинадағы Төтенше және өкілетті елшісі

Соңғы жаңалықтар