Пікір • 10 Қыркүйек, 2020

Ел тілегін ескеру билік пен қоғам арасын жақындата түседі

488 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құруды қолға алдық. Бұған дейін айтқанымдай, бұл – мемлекеттік органдар тек азаматтардың күнделікті мәселесіне байланысты жауап қатуы тиіс деген сөз емес. Бұл ең алдымен, билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог» деп атап көрсетілген болатын.

Ел тілегін ескеру билік пен қоғам арасын жақындата түседі

Әдетте, жергілікті билікке ел тарапынан өкпе-наз тұрмыстық қарекетке байланысты жиі айтылып жатады. Оның ішінде өтініш-шағымға жауап берілгенімен, оп-оңай шаруа уақтылы тындырылмаса, реніш те еселене түспек. Ол өз алдына. Жергілікті әкім-қаралардың халыққа да­уыс көтеруі, мінез көрсетуі екі арадағы ізгілікті байланысқа сызат түсіріп, тіпті алыстата береді. Осындай мәселелер қордалана келе, биліктің бейнесін жағымсыз жағынан сомдайтыны да бар. Облыста өтініш айтып келген халқына дөрекі сөйлеген, шындығын айтқанда, жер-жебіріне жетіп ұрысқан бірер әкімнің шектен шыққан іс-әрекеті облыстық тәртіптік кеңесте қаралғаны бар. Тұтас билік өкілдері дәл осындай деуден аулақпыз. Дегенмен, «бір құмалақтың бір қарын майды шірітетіні» сияқты, болмашы мысалдың бояуы қалыңдап, жалпақ жұрт құлақтанған соң әкім-қаралардың қадірі қаша бастайды.

Ендігі сөздің бір парасы ел ті­ле­гінің елеусіз қалуы. Сөзіміз жалаң болмас үшін мысал кел­тірейік. Көкшетау қаласындағы Ын­тымақ көшесі 29 а-үйде Қазақ­стан Республикасы Ішкі істер ми­нистрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің зейнеткерлері тұрады. 9 отбасы. 1990 жылдың басында бұл үй ЕЦ-166/24 мекемесінің ор­талықтандырылған жылу жүйе­сінен ажыратылып тасталған. Себебі бұрын жылу беріп келген қазандықтың жұмысы тоқтаған. Пәтер иелері жеке-жеке пеш қойып, үй жылытуға көшкен. Айт­пақ­шы, бұл үйде құқық қорғау орга­нының зейнеткерлерімен бірге, көпбалалы, әлеуметтік жағы­нан аз қамтылған, мүмкіндігі шек­теулі азаматтар да күн кешіп жатыр. Үйді орталықтандырылған жүйе­ге қосу үшін қаражат қажет. Он­шалықты көп те емес, бар болғаны 5,9 миллион теңге. Орталық жылу жүйесі шамамен 500 метр жерден өтеді.  Орталық жылу жүйесіне қосылу туралы рұқсатнаманы «Көкшетау жылу» мекемесі №Т-486-А бергені туралы 2017 жылдың 5 шілдесіндегі қаулыда көрсетілген. Үй иелері ондаған жыл  бойы құзырлы мекемелердің барлығына, оның ішінде Көкшетау қаласы әкіміне, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сан мәрте хат жазған. Хат көшірмелерінің өзі әлденеше том. Келген жауап­тары да бар. Билік тарапынан қайтарылған хаттарда «мәселе қарастырылып жатыр, алдағы уақытта шешімін табады» деген сырғытпа жауап тұнып тұр. Бірақ өкінішке қарай, ел тілегі аяқсыз қалуда. Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Ш.Сәдуақасовтың 2016 жылдың 25 сәуірінде берген жауабында «Ынтымақ көшесіндегі, 29 а-үй Маяковский көшесіндегі балаларбақшасы салынып біткен кезде жылу жүйесіне қосылады» деген уәж айтылады. Одан бері не заман?! «Баяғы жартас, бір жартас» демекші, өзгерген ештеңе жоқ.

– Кезінде облыстың бұрын­ғы әкімі Сергей Кулагинге де құлақ­қағыс еткен болатынбыз, – дейді осы үйдің тұрғыны Қос­ман Елеуішов, – қала әкіміне кіру мүмкін емес. Жазған хатта есеп жоқ. Енді қандай қайран қыла­ры­мызды білмей абдырап отырған жайымыз бар. 

Үй тұрғындары көктемгі қар еріп, қызыл су қаптаған кезде жолды, үй іргесін су басып қала­тындығын айтып зар илеп отыр. Бірақ тиісті мекемелердің басшыларына жолығудың сәті түсер емес. Жолданған хатқа әдеттегідей уәде беріліп, кемшіліктің жойы­ла­тындығы айтылғанымен, нақ­ты іс жоқ. Мәселен, қалалық тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы бөлімінің басшысы Ю.Шидловский өз жауабында «Ынтымақ көшесінен Мичурин көшесіне дейін инертті материалдар төселеді» деп үйіп-төгіп уәде бергенімен, шыбық басы сын­ды­рылған жоқ. Тоғыз пәтердің тұр­ғындары тегіс қол қойып, арыз-шағымын жаза-жаза нәтиже болмағаннан кейін өкпелері қара қазандай болып отыр.

Тұрмыстық жағдайдың кейпі осындай болғанда денсаулық сақтау саласында да ойсырап тұрған олқылықтың бар екенін айта кетуіміз керек. Оның ішінде ең соқталысы, балалардың көз ауруларының үдеп кеткендігі. Ата-аналар тарапынан арыз-шағым жиі айтылып, көтерген мәселелері жергілікті басшылардың құлағына жетпей жүрген соң біз бұл тақы­рыпты «Egemen Qazaqstan» газе­тінде жан-жақты жазған болатынбыз. Ешбір қорытынды жоқ. Ал бұл назар аударатын өткір мәселе. Айталық облыс орталығындағы «Басар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мамандары №17 мектеп оқушылары арасында көз ауруларының қаншалықты дең­гейде екендігін анықтау жұмыс­тарын жүргізген. 863 оқушы тек­серістен өткізілген кезде, 11 па­йызы көзілдірік киетіндігі, 32 пайы­зының көз ауруларының алғашқы белгілері пайда болғандығы, ал 43 пайызының көру мүмкіндігі азайып бара жатқандығы белгілі болып отыр. Бұл тарапта да ата-аналар ондаған жыл бойы жергілікті биліктің назарын аудару үшін арызданып келеді. Облыс орталығында балалар көз дәрігері жоқтың қасы. Ал облыстық ауруханадағы көз бө­лім­шесіндегі құрал-жабдықтың бәрі ескірген. Ең керекті аппара­ту­раларының өзі 1970 жылдары шығарылған. Тығырықтан шы­ғар жол қайда?! Қазір облыс орталығындағы «Басар» серік­тестігінде біршама жақсы жағдай бар. Олар балалардың көз ауруларын анықтауға және емдеуге қажетті «Синоптофор СИНФ-1», «Визотронник МЗ» тәрізді аппаратуралармен жабдықталған. Бірақ мемлекеттік тапсырыс бо­йынша қаражат бөлінбегендіктен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары емделе алмай отыр. Бұл тарапта да ата-аналардың арыз-шағымдары аз емес. Әйтсе де, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылары осы жайды келіп көруге уақыт таппай отыр.

Енді билік пен қоғам арасын қалай жақындатамыз, әлеуметтің арызына қалай құлақ асырамыз дейтін сауалға жауап беретін болсақ, оның да тәп-тәуір мысалы бар. Мәселен, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесі қаладағы сала басшыларын белгіленген кесте бо­йынша шақырып, жұртшылықпен жүздестіруді ұйымдастырып отыр.

– Ел тарапынан айтылатын өкпе-наз көбіне әлеуметтік-тұр­мыстық жағдайға байланысты, – дейді кеңес төрағасы Шияп Әлиев, – талай мәселе шешілді. Айтқан өтініштері орындалған соң ардагерлер де басшыларға разы болып қалады.

Жергілікті басшылардың назарын аударту үшін қоғамдық орындардың да ықпалы керек шы­ғар. Барша жұрт бір терінің пұш­пағын илеп, ортақ істен орынды нәтиже шығарса, билік те сүйкімді бола түспей ме?!

 

Ақмола облысы