Ұлт денсаулығын сақтауды одан әрі дамыту жөніндегі шаралар барлық медициналық ұйымдарды қажетті жабдықтармен толық жабдықтауға, төсек қорын 50% -ға жаңартуға, ескірген инфрақұрылымды ауыстыруға және өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін жеткізуге мүмкіндік береді» деп атап өтті.
Жолдаудың бұл бағыты аясында Шығыс Қазақстан облысының Аягөз ауданында айтарлықтай жұмыс атқарылуда. Сондай-ақ бүгінде аудан тұрғындары арасында медициналық көмектің сапасына көңілі толып, дəрігерлердің жұмысына қанағаттанатын науқастар қатары өскен. Бұл аудандағы тиісті медициналық қызмет көрсету базасының нығайғанын көрсетсе керек.
2018 жылы «Медициналық-инновациялық технология» ЖШС, «Парыз» қоғамдық қоры және Аягөз орталық аудандық аурухана арасында 639 млн 652 мың теңгеге үшжақты келісімшарт жасалып, компьютерлік томография, жасанды демалдыратын аппарат, УЗИ және басқа да қажетті медициналық құрал-жабдықтар алынды. Сондай-ақ екінші деңгейлі инсульт орталығы ашылған болатын. Өз кезегінде бұл инсульт орталығында қазір аудан халқы ғана емес, сонымен қатар көршілес Үржар, Жарма аудандарының тұрғындары да ем-дом қабылдауда. Осылайша Аягөз орталық аудандық ауруханасын бүгінде «ауданаралық» мекеме деуге болады.
Былтыр ауданда жаңадан үшінші деңгейдегі медициналық көмек көрсететін перинатальдық орталық ашылған еді.
Ал биыл ауруханада заманауи, соңғы үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған ангиография бөлімі ашылды. Айту керек, «Ангиография» – жүрек, қан тамырлары ауруларын диагностикалаудың, емдеудің құрамдас бөлігі. Коронарлық ангиография көмегімен жүректің стенокардия, инфаркт, аортаның тарылуы, тағы басқа ауруларды диагностикалауға, емдеуге болады.
Биыл орталық емханаға 200 млн теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жақында Аягөз ауданаралық ауруханасындағы оң өзгерістерді Премьер-Министр Асқар Мамин, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, облыс әкімі Даниал Ахметов келіп көрді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанов «Triage» жүйесі бойынша жұмыс істейтін қабылдау бөлімін, компьютерлік томография, жаңадан ашылған ангиография және перзентхана бөлімдерін көрсетіп, жұмыс барысымен таныстырды. Өз кезегінде Үкімет басшысы инсульт орталығында, перзентханада және жаңадан ашылған ангиографиялық бөлімде жасалған сапалы жөндеу жұмыстарына және медицина қызметкерлерінің жұмысына жоғары баға берді. Ал дәрігерлер қауымы шетелдерде білімдерін жетілдіріп, осындай жоғарғы технологиялық бөлімдерде жұмыс істеуге мүмкіндік берген Үкіметке, облыс, аудан басшыларына ризалықтарын айтып, аудан тұрғындарының денсаулығын қорғауға бар білімі мен күш-жігерлерін аянбай жұмсауға уәде берді.
Думан АРҒЫНГЕЛДІ,
журналист
Шығыс Қазақстан облысы,
Аягөз ауданы