Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2020

Шетелдік кәсіпорындар шарапаты­

111 рет көрсетілді

Қауіпті індет өршіген кезде Атыраудың медицина саласында қордаланған бірнеше мәселенің түйіні тарқатылмағаны байқалды. Алдымен бұл – ауруханадағы орынның тапшылығы. Қос өкпесіне дем жетпей, жаны қиналған науқастар саны көбейгенде №2 облыстық инфекциялық ауруханадағы инфекциялық стационардың тарлығы анық аңғарылды.

 

Осыған байланысты жергілікті би­лік облыстық аурухананың, Атырау қаласы мен аудандардағы өзге де емдеу орындарының жанынан қосымша стационарлар ашуға мәжбүр болды.

Міне, осы себептен, тағы бір ин­фек­циялық аурухананың қажеттігі туын­дады. Әрине, алдын ала бюджеттен қаржы қарастырылмағандықтан, қапелімде мұндай емдеу орнының құрылысына қаржы табу да оңай емес. Дегенмен облыс әкімі Махамбет Дос­мұхамбетов өңірдегі мұнай-газ өнеркәсібінде жобасы бар компанияларды демеушілікке тартты. Сөйтіп, Каспий теңізінің қазақстандық секто­рындағы «Қашаған» жобасының опе­ра­торы – NCOC компаниясының қа­ржылай қолдауымен тамызда Атырау қаласында модульді ауруха­наның құрылысы бас­талды. Об­лыстық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Нұрлыбек Қабдықапаровтың мәліметіне сүйенсек, қазанда пайдалануға берілетін жаңа аурухананың бұрынғы емдеу орындарынан өзгешелігі көп болмақ. Мәселен, медициналық блокта зертхана, КТ, рентген аппараттары, бронхоскопикалық құрал-жабдықтар, УЗИ, электрокар­дио­графтар орналастырылады.

– Бұл өңірдегі екінші жұқпалы аурулар ауруханасы болғандықтан, мұн­дағы орын саны 200 кереуетке арналып отыр. Мұндай ауруханада жұ­мыс істеуге іріктелетін жергілікті меди­ци­на қызметкерлеріне талап күшейті­леді. Сол себептен, оларды қайта оқы­ту ар­қылы қабылдауды ойластырып отыр­мыз, – дейді Н.Қабдықапаров. Қа­зір жаңа нысанның құрылысын «BI Industrial» компаниясы жүргізіп жатыр. Аурухана ғимараты жылдам құрастырылатын модульді блоктардан тұрғызылуда. Медицина қызметкерлері мен ем алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заманауи диагнос­тикалық құрал-жабдықтармен жаб­дықталады. Медициналық нысанда екі орынға арналған 56 палата, үш орындық 16 палата, бір орындық 6, сондай-ақ арнайы екі орындық 7 бокс аулаға шығатын арнайы есігімен салынуда. Ал қарқынды терапия бөлімінде 20 кере­ует, қабылдау-диагностикалық бөлімінде бес бокс жасақталады.

Тағы бір шетелдік компанияның демеушілігімен аурухананың құ­ры­­лысы Жылыой ауданында жү­ріп жатыр. Аудан орталығы – Құл­сары қаласындағы бұл нысанның құры­лы­сына «Теңізшевройл» ЖШС-ның «Игі­лік» бағдарламасымен 7175,4 млн теңге бөлінді. Биылғы мамырда бастау алған құрылыс жұмыстары келесі жылы пайдалануға тапсырылмақ.

Жобаға сәйкес, алғашқыда ауруха­наның негізгі корпусында 55 орын бо­латыны жоспарланыпты. Балалар бөлімшесіне 10, инфекциялық бөлімшеге 10 орын арналып отыр. Алайда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов елімізде алғаш құрылып, «Теңіз» кенішін игеріп жатқан «Теңізшевройл» ЖШС-ның басшыларына ауруханадағы орынды көбейтуді ұсынды. Бұл әрине бекітілген қосымша өзгеріске ұшырайтыны даусыз. Десек те, шетелдік инвесторлармен бірлесе құрылған компания басшылары бұл ұсынысқа түсіністікпен қарап, аурухана жобасына қосымша нақтылаулар енгізді. Сөйтіп құрылыс жұмыстары енді қарқын алған жаңа ауруханадағы кереует саны 200 орынға көбейетін болды.

Жобалаушылардың түсіндіруінше, ауданда бой көтеріп жатқан аурухананың үлкен қалалардағы нысандардан кемдігі жоқ. Осы заманғы жабдықтармен қамтылатын кір жуатын бөлмелер, көлік гаражы, бақылау-тексеру бекеттері, өрт сөндіру жабдықтары да жаңа нысанның ерекшелігін айқындай түседі. Тіпті мұнда 65 текше метр таза су жинайтын цистерна, септик, пациенттер үшін автотұрақ қарастырылыпты. Құрылыс жұмысына жергілікті тұрғындар тартылды.

Тағы бір мәселе – дербес оттегі же­лісінің жоқтығы. Тек облыстық ауруха­надағы оттегі тасымалын жүзеге асыратын 60 нүкте эпидемиялық ахуал ушыққан кезде аздық етті. Сондықтан бұл ауруханада оттегі желісін 300 нүк­теге дейін көбейту қолға алынды. Оның 260 нүктесі аурухананың жаңа ғимаратына тартылды. Дербес цех өздігінен оттегі өндіреді.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Н.Қабды­қа­па­ровтың ақпаратына сүйенсек, бұған қоса облыстық кардиологиялық орталық пен №2 облыстық инфекциялық ауруханада да оттегі цехын жасақтау жос­парланыпты.

– Бұдан бұрын Махамбет ауданын­дағы 100 кереуеттік инфекциялық стационарда 12 оттегі нүктесі тартылған болатын. Алдағы уақытта оның санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Со­нымен қатар Құрманғазы ауданында жаңадан салынып жатқан ауруханаға да оттегі желісінің нүктесі толықтай тартылады. Одан кейін Қызылқоға, Ма­қат, басқа да аудандарға оттегі желі­лерін тартуды жоспарладық, – дейді Н.Қабдықапаров.

Атыраудың табиғи байлығынан та­быс табуға келген шетелдік кәсіп­орындардың шарапаты ауруханалар құрылысын жүргізуге тиіп отыр.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар