Аймақтар • 10 Қыркүйек, 2020

Провизорлық орталық қызметкерлеріне тиесілі төлемдер аударыла бастады

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

COVID-19 және вирустық пневмония кезінде Ақтөбе медицина орталығы, туберкулез диспансері, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында орналасқан провизорлық орталықтарда жұмыс істеген медицина қызметкерлері маусым, шілде, тамыз айлары үшін тиесілі жалақылары мен төлемақыларын әлі алмаған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Провизорлық орталық қызметкерлеріне тиесілі төлемдер аударыла бастады

Шілденің басында індетке шалдығушылардың күрт артуына байланысты қаладағы барлық емхана мен аурухана қызметкерлері провизорлық госпитальдарға уақытша жұмылдырылып, мұнымен бір кезде  өз жұмыс орындарында  еңбекақылары сақталатыны  уәде етілген.  Алайда  пандемия кезінде  науқастардың өмірін құтқарған  мелицина қызметкерлерінің қолдарына үш айдан бері ештеңе тимеген.

Осы жағдайға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Самат Данияров пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  Ақтөбе облысы бойынша директоры  Батырбек  Нұрғалиев  түсінік берді. Індет өршіп жатқан кезде  орнынан өз еркімен кеткен Әсет Қалиевтің орнына жақында ғана тағайындалған  Самат Данияров төлемдердің кешіктірілуіне   медициналық қызметке төленетін тарифтердің өзгертілуіне байланысты  техникалық кідірістер  себеп болды дейді. Оның айтуынша,  бүгін COVID-19 және вирустық пневмония өршіп тұрғанда   провизорлық орталықтарда жұмыс істеген  қызметкерлерге  маусым –шілде айына тиесілі  төлемдер аударылды, енді  аз күнде тамыз айының қарыздары  толық өтелмекші.

"Мәселе провизорлық госпитальдарды қаржыландырудағы  қиындықтарға байланысты туындады.  Себебі, биылғы шілдеге дейінгі қолданыстағы  емдеу тарифтері  медициналық мекемелердің барлық шығындарын өтеген жоқ.  Пандемия  басталғанда  Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен 1 шілдеден бастап провизорлық стационарлардағы емдеу тарифтері қайта қаралып,  өзгерістердің медициналық ақпараттық бағдарламаға енгізілуі уақыт алды" - , деді  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ақтөбе  облысы бойынша директоры  Батырбек  Нұрғалиев.

 

Ақтөбе облысы