Сенатор өңірлерге сапары кезінде жергілікті жердегі денсаулық сақтау саласында шешімін таппай жатқан бірқатар күрделі мәселелердің бар екеніне көз жеткізгенін айтты. Сондай-ақ, ол отандық медицина нарығы ауыр сынаққа төтеп бере алмағанын тілге тиек етті.
"Қаншама қабылданған шараларға қарамастан Денсаулық сақтау министрлігі халық денсаулығын қорғауды дамытудың жүйелі жолын таба алмағаны түсініксіз", – деді М.Бақтиярұлы.
Депутаттық сауал барысында келешекте пандемия кезеңінде орын алған жағдайдан қорытынды шығарып, сала мамандарының пікірлері мен ұсыныстарын ескеру керек екені де айтылды.
Мұрат Бақтиярұлы отандық дәрі-дәрмектердің тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі үлесі бар-жоғы 26 пайызды құрайтынын айтып, қалған 74 пайыз шетелдіктердің үлесінде екеніне баса мән берді.
Сонымен қатар медицина саласындағы маман тапшылығы да назардан тыс қалмады.
"Қазір емдеу орындарында 4 мың дәрігер жетіспейді. Әсіресе, реаниматолог, рентгенолог, пульмонолог, тағы басқа да осы сияқты салалалық мамандардың тапшылығы қатты білінеді. Тіпті, коронавирустың қаупі сейілмей тұрған ірі орталықтар мен өңірлердегі ауруханалар мен емханаларда 800-ден астам инфекционистің орны бос тұр", – деді сенатор.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда дәрігер кадрларымен қамтамасыз ету қалалық жерде – 56,8 пайыз болса, ауылда бұл көрсеткіш 16,1 пайызды құрайды. Қазақстанда медицина мамандарын даярлайтын алты жоғары оқу орны бар. Ондағы салалық мамандар даярлайтын медициналық-профилактикалық факультеттер жабылып қалған. Факультет жабылғанымен, мамандардың қажеттігін өмір көрсетіп отыр.
"Ұлт денсаулығы – мықты мемлекет кепілі. Сондықтан адам денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп, ажалға араша түсетін дәрігерлер қауымына арнап, "Дәрігерлер мәртебесі туралы" заң қабылдауды ұсынамыз", – деді М.Бақтиярұлы.