Экология • 10 Қыркүйек, 2020

20 мың гектарға жуық суармалы жер айналымға енгізіледі

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысында Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен ирригациялық желілерді қайта құру, 10 су нысандарын күрделі жөндеу нәтижесінде жыл соңына дейін 20 мың гектарға жуық суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Алматы облысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

20 мың гектарға жуық суармалы жер айналымға енгізіледі

Жалпы, облыстың 16 ауданында жобаларды жүзеге асыру, 137,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметтері бойынша, облыста 214 гидротехникалық құрылыс бар. Оның 75-і су қоймасы, 85-і тоған, 21-і су қоймасының бөгеті болса, 33-і су қабылдайтын су шаруашылығы. Барлық ирригациялық желілердің ұзындығы 16,5 мың шақырымды құрайды.

2015 жылдан 2019 жылға дейін 33 су нысанын жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жергілікті бюджеттен 4,7 миллиард теңге бөлінді. Жөндеу жұмыстарының нәтижесінде 19,3 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілді. 2019 жылдан бастап облыста Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу аудандарындағы ирригациялық желілерді қайта құру бойынша негізгі жобалар жүзеге асырылуда. Жыл соңына дейін Ислам Даму Банкінің қаражаты есебінен қайта құру үшін 10 су нысанын күрделі жөндеу нәтижесінде 20 мың гектарға жуық суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланып отыр. Жалпы, облыстың 16 ауданында жобаларды жүзеге асыру және 137,8 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру жоспарланған.

Облыста 81,8 мың гектар ауданы бар жаңа суармалы жерлерді айналымға енгізу мақсатында суару желілерін қайта жаңарту, қайта салу, апатты су қоймалары мен тоғандарын қалпына келтіру жоспарланған. Биыл жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобалардың тізіміне үш гидротехникалық құрылыстың жобасы ұсынылды. Атап айтар болсақ, Көксу, Қаратал бөгеттері мен Панфилов ауданының Өсек гидроқұрылымын, 2 мың гектардан астам суармалы жерді қалпына келтіруге мүмкіндік беретін Талдықорған қаласының ирригациялық желілердің құрылыс жобасына 3 мың 662 миллион теңге бөлінді. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, ПУИД-2 жобасы шеңберінде 12,4 мың гектар алқапта инженерлік-дренаждық жүйені қалпына келтіру көзделуде. Бұл Балқаш ауданында 7 мың 481 гектар ауданы бар Ақдала суармалы массиві мен Еңбекшіқазақ ауданында 5 мың гектар ауданындағы Балтабай массиві.

Бүгінде Ақсу ауданындағы Қызылағаш су қоймасын 5,9 миллиард теңгеге қалпына келтіру бойынша жұмыс аяқталды. Тоқтатылған массивтің аумағын 6 мың 900 гектарға дейін арттыру үшін жалпы суару желілерін салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сонымен қатар, Сарқан ауданына қарасты  Покатиловский су қоймасы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Ал Ұйғыр ауданындағы Сұңқар және Тегермен су қоймаларының техникалық-экономикалық негіздемесі жасалуда.