01 Қараша, 2013

Азық-түлік белдеуінің ауқымды жобалары

420 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақмола облысына жүктелген мәртебелі міндеттің бірі – Аста­наның азық-түлік белдеуін қа­лып­тастыру. Республикалық жетекші БАҚ өкілдері жуырда өңірде болған сапарында мем­лекеттік бағдарламаның табысты атқарылып жатқанының куәсі болды. Бастама қолға алын­ған 2009 жылдан бері мұнда 45 миллиард теңгенің 75 жобасы жүзеге асырылған. Осының нәтижесінде елорда тұрғындарының сұранысы ет және ет өнімдері бойынша 41 пайызға, сүттен 45 пайызға өтеліп отыр. Жұмыртқа мен құс еті жөнінен көрсеткіш бұ­дан да жоғары. Мұның өзі іскерлік пен тиімділікті сабақ­тастырған жағдайда қосым­ша мүмкіндіктердің молдығын айқындайды. Облыс басшылы­ғының жыл аяғына дейін тағы да 5 жобаны іске асыруға сенім білдіруі өңірдің инвестициялық тартымдылығын да аңғартады.

ҮКІМЕТ

Ақмола облысына жүктелген мәртебелі міндеттің бірі – Аста­наның азық-түлік белдеуін қа­лып­тастыру. Республикалық жетекші БАҚ өкілдері жуырда өңірде болған сапарында мем­лекеттік бағдарламаның табысты атқарылып жатқанының куәсі болды. Бастама қолға алын­ған 2009 жылдан бері мұнда 45 миллиард теңгенің 75 жобасы жүзеге асырылған. Осының нәтижесінде елорда тұрғындарының сұранысы ет және ет өнімдері бойынша 41 пайызға, сүттен 45 пайызға өтеліп отыр. Жұмыртқа мен құс еті жөнінен көрсеткіш бұ­дан да жоғары. Мұның өзі іскерлік пен тиімділікті сабақ­тастырған жағдайда қосым­ша мүмкіндіктердің молдығын айқындайды. Облыс басшылы­ғының жыл аяғына дейін тағы да 5 жобаны іске асыруға сенім білдіруі өңірдің инвестициялық тартымдылығын да аңғартады.

Осыған байланыстырып, пресс-турды ұйымдастырушылар жол­сапар бағдарламасын алдын ала дайындамағанын, журналистерді бұрыннан аты шығып жүрген шаруашылықтарға бастауға тырыс­пағанын айтқымыз келеді. Әйткенмен, Астанаға таяу екі аудандағы жаңа жобалармен танысуға ұсыныс жасалғанда елең ете қалғанымыз анық. Астрахан ауданы бағытындағы «Астана-Екатеринбург» күрежолының жайлы жүрісі шамалы бұрылыстағы Камышенка ауылына лезде жеткізгендей сезіндік. Ауылмен аттас ЖШС егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Қолдағы 11633 гектар бидай мен 899 гектар арпаны, 905 гектардың сүрлемін, екпе шөп пен картопты уақытында жинап алған серіктестік директоры Дүйсенбай Ілдебаев көтеріңкі көңілмен жаңадан салынған мал шаруашылығы кешеніне бастады. Малды өз төлінен көбейту мақсатындағы тауарлы сүт фермасы өңірлік инвестициялық жоба саналады. Құны 900 миллион теңгелік жобаның 825 миллион теңгесі қазірдің өзінде игеріліп отыр. Мұның ішінде «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы алынған 215 миллион теңгеге былтыр Чехиядан 394 бас асыл тұқымды симментал сиыры сатып алыныпты. Бүгінгі күні мал басы 1453-ке жетсе, сауын табыны 652 басты құрайды. Шаруашылық 2012 жылы 1151 тонна сүт, 67 тонна ет өндіріп, 436 бұзау алған.

Болашақта сүт өңдеу зауытын салу ниетіндеміз, дейді тауарлы-сүт кешенінің меңгерушісі Са­ғит Нұрмағамбетов. Қазірше өнім­дерімізді өте тиімді баға­мен, сүттің бір литрін 90 теңге­ден «Родина» агрофирмасы­на өткізудеміз. Жыл басынан бері 1992 тонна сапалы сүт жөнелттік. Яғни, айлық табысымыз 20 миллион теңгеден айналуда. Сауыншыларымыздың еңбекақысы да жоғары. Мәселен, жаңа өздеріңіз жұмыс барысында көрген Наталья Питердің айлық жалақысы 160-200 мың теңгеден кем емес. Былайша айтқанда, әр сиырдан тәулігіне 15 литр, ал жылына 4500-4600 литрден сүт сауылуы қамтамасыз етілуде. Бұл мал тұқымын асылдандыру­дың, мамандарымыз бен малшылар­­дың қажырлы еңбегінің жемісі. Биыл қыстан қысылмаймыз. Ферма ауласына екі жылдық қор – 3000 тонна шөп, неміс технологиясымен көмбеленген 12 мың тонна сүрлем жеткізілді.

«Астрахан құс АПП» ЖШС жылына 3000 тонна құс етін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны мәреге жеткізу қарсаңында екен. Оның жалпы құны 500 миллион теңгені құраса, мұның 354 миллион теңгесі кәсіпорынның өз қаржысы. Мемлекет тарапынан да елеулі көмек көрсетілген. Бас директор Асқар Мақашев «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен жылына 13 пайыздық үстемемен 146 миллион теңге несие бөлінуі жұмысқа қарқын қосқанын айтады.

Аумағы алты гектарлық фабрикада үш құс өсіру корпусы, инкубатор, жемазық қоймасы мен қасапхана салынған. Цехтарға су құбыры, электр желілері тартылып, дербес трансформатор мен электр генераторлары, газгольдер орнатылып, сынақтан өткізіліпті. Фабрика директоры Иван Анциферов Германиядан, Қытайдан, Ресейден сатып алынған технологиялық желілердің сипаттамасымен таныстырды. Қазірдің өзінде екі инкубаторға Пятигорскіден жеткізілінген кросс жұмыртқалары орналастырыла бастап­ты. Енді ай соңына қарай әр корпуста 75 мың құс бордақылауға қойылып, 130 тонна бройлер еті өндіріледі деп күтілуде. Ма­мандардың есептеуінше, кәсіпорын ағымдағы жылдың соңына дейін 1500 тонна ет дайындаса, келесі жылдың төртінші тоқсанында 3000 тонна­лық жобалық қуатына енбек.

Облыстық ауыл шаруашы­лы­ғы басқармасының басшысы Аман­бек Қалжанов журналистер сауалына орай мұндай жобалардың әлеуметтік-экономикалық тиім­ділігін атап көрсетті. Астрахан құс фабрикасының салыну барысында Новочеркаское ауылының 25 тұрғыны жұмысқа тартылса, алда оның саны екі есеге өспек. Жалақы мөлшері айына 50 мың теңгеден кем болмайды. Келесі жылы дәл осындай фабрика Ақкөл ауданында да жұмысын бастайды. Елбасы Үкіметтің кешегі кеңейтілген мәжілісінде отандық тауарлардың нарыққа бәсекелестігі мәселесін сынға алды. Біз өз кәсіпорындарымызды сапалы әрі экологиялық таза өнім шығаруға бағыттап отырмыз.

Облысымызда мал шаруа­шылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, соңғы екі жылда шетелден 11660 бас асыл тұқымды ірі қара жеткізіліп, жаңадан 16 асыл тұқымды шаруашылық құрылды, дейді Аманбек Әмірхамзаұлы. Яғни, республика бойынша сатып алынған түліктің үштен бірі өңір малшыларының үлесінде. Жергілікті жағдайға бейімделген малдан былтыр 6685 бас төл алынса, биылғы жылы оның саны 10 мыңға жетіп отыр. Сондай-ақ, етті мал шаруашылығын үдемелі түрде дамыту және тауарлық өндірісті ынталандыру мақсатында республикалық бюджеттен 2012 жылы бөлінген 2 миллиард теңге жәрдемақы толығымен игерілді. Биылғы жылдың еншісіндегі 3 миллиард теңгеден артық қаржы шаруашылықтар сұранысына бағытталуда. Мұның өзі ауыл тұрғындарын жыл он екі ай жұмыспен қамтуға, қайта өңдеу салаларын дамтуға қолайлы әсер етуде.

Түстен кейін сапарымыз Егіндікөл ауданында жалғасын тапты. Мақсатымыз астық қоймаларының жұмысымен танысу. Осы ретте пресс-турдың әдейі ұйымдастырылмағанын қайтадан айтуға тура келеді. Аудан биылғы жылдың 300 мың тоннаға жуық астығын тоқтаусыз қабылдауға қам жасаған. Оның үстіне Егіндікөлде сыйымдылығы 110 мың тонналық элеватор жұмыс істеп тұр. Соған қарамастан, біз Бауман ауылындағы жаңадан салынған 60 мың тонналық ас­тық қоймасын көру жөніндегі ұсынысты құп көрдік. Мұнда бір жұма бойы жауын толастамаған, әлі жауып тұр. Майбалшыққа айналған 50 шақырымдық жолды бір жарым сағатта әрең жүріп өттік. Әйткенмен, бұған өкініш білдірген ешкім жоқ. «Ауыл адам­дары биылғы ауыр орақтан қиналмай шықса екен», дейміз бәріміз.

Алдымыздан жарты ауыл­ды алып жатқан, 24 алып бөшкелі астық қоймасы көрінді. Алыстан ақшаңқан киіз үйлерді елестетеді екен. «Киіз үйлерге» жақындағанымызда қызу еңбектің ортасынан шықтық. Ішіндегілер жұмыс киімдерін, сыртындағылар су өтпейтін судырлақ шекпен киіп алған. Бұл жерде астықты қабылдап қана қоймайды, оны кептіріп, өңдейді. Осындағы серіктестік 70 мың гектарға егін себеді екен. Қоймаға 40 мың тонна астық жеткізілген. ЖШС директоры Василий Грапиня комбайндардың соңғы айналымдарда тоқтап тұрғанын айтады. Күн ашық болса екі-үш күннің жұмысы қалған көрінеді. Ал, жол мәселесі туралы сұрағымызға аудан әкімі Азамат Тайжанов жобалау-сметалық құжаттары да­йын екендігін, қаржыландыру көзі ашылса істі бастап кетеміз деген жауап қайтарды.

Бақберген АМАЛБЕК,

«Егемен Қазақстан».

Ақмола облысы.

Соңғы жаңалықтар