Ғылым • 11 Қыркүйек, 2020

Қауіп-қатерді болжайтын жүйе

611 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бәріміз болашағымызды, алда не күтіп тұрғанын, қалай боларын білгіміз келеді. Айталық, сіз келесі аптада жол жүресіз немесе бір ауыр жұмысты қолға алғалы отырсыз. Кезекті кейіпкеріміз ойлап тапқан жаңа жүйе жоспарыңызға сіздің қаншалықты дайын екеніңізді және қауіп-қатерге толы күндеріңіздің қашан болатынын алдын ала анықтап береді. Керемет емес пе? Бірақ бірден бір нәрсенің бетін ашып алайық: бұл жүйе – жұлдыз-жорамал да, сәуегейлік те емес, жай ғана ғылым.

Қауіп-қатерді болжайтын жүйе

Әмір Қуат 8-сыныпта оқып жүргенде биология ғылымының докторы, профессор, академик Айтқожа Бегалиевтің жетекшілігімен ағзадағы биологиялық ырғақ және геофизикалық факторлар негізінде адамды қауіп-қатерден сақ­таудың жолдарын зерттей бастады. Кейін осы ғылыми жобасына авторлық құқық алып, Қазақстан ғылымы тарихында ғылыми нысанын 15 жасында тіркеген ең жас ғалым болды. Қазіргі таңда осы жобасы өндіріске енгізілген.

«Ғылыми жобаның негізінде «БИОВ» жүйесі дүниеге келді. 2010 жылы Санкт-Петербургте өткен, 90 елдің өкіл­дері қатысқан VIII Халықаралық өнді­ріс­тік қауіпсіздік форумында авто­мат­тандырылған жүйе жөнінде баяндама жасадым. Ауқымды шарада еңбегім­мен танысқан АҚШ инвесторларынан ұсы­ныс түсті және англиялық British Petroleum трансұлттық мұнай-газ компаниясы қызығушылық танытты. Бірақ жаңалығымның жемісін Қазақстанның көргенін қаладым. Ал жүйенің қалай жұмыс істейтініне келсек, алпауыт бір компанияда 65 мың адам еңбек ете­ді делік. Алдағы жұмыс жоспарын жаса­ғанда жүйе сол 65 мың адамды есептеп, бәріне сараптама жасап береді. Аталған сараптамаға сүйеніп, жұмыс жоспары мен кестесін құрастырады. Мұндай жүйемен жұмыс істеп көрген, қолданған компаниялар адами фактордың кесірінен болатын адам өлімін және жарақаттану жағдайын кем дегенде 43-тен 87,5 па­йызға азайтқан», дейді Әмір.

Жаңа жүйе авторының айтуынша, «БИОВ» арқылы тек өндіріс орын­да­рының қызметкерлерін ғана емес, ұш­қыштар мен спортшыларды да қауіптен қорғауға болады. Мысалы, Генна­дий Головкин мен Сауль Альварестің ал­ғаш­қы кездесуін өткізу мерзіміне қатысты шешім шығаруға бірнеше жылдан бері отандық спортшыларға көмек көрсетіп келе жатқан кейіпкеріміздің басқару жүйесі ықпал еткен. Естеріңізде болса, Головкин Альвареспен бірінші кездесуін көктемге жоспарлаған. Кейін кездесу уақытын күзге ығыстырды. Оның бір себебі, биопотенциалдық жағынан қо­лайсыз жағдайға тап келді. Ғалым берген ұсыныс бойынша кәсіпқой боксшыға ең қолайлы уақыт күз болып есептелген екен. Бұдан бөлек Таэквондо федерациясы секілді ұйымдар тарапынан да автоматтандырылған жүйені қолдануға сұраныс болды. Тағы бір қызығы, ке­йіпкеріміз өзінің «БИОВ» жүйесімен Бейжің олимпиадасында Қазақстан құ­рамасының қоржынына қола медаль түсіруге көмектескен.

Былтырғы наурызда елімізде Ми-8 тікұшағы құлап, 13 адам мерт болды. Осыған қатысты «БИОВ» жүйесімен қауіп-қатерді болжап көрген Әмір: «Эки­паж мүшелері үш түрлі потенциал жа­ғынан бір-бірімен сәйкес келмейді. Био­потенциал жағынан қолайсыз жағдайлар болды. Үш потенциалдың екеуінде кри­тикалық жағдайлар анықталды. Бұл деген не? Қауіп төнгенде адам қолай­сыз шешімдер қабылдауы мүмкін», деп тұжырымдады. Мінекей, ғылымның пайдасы – осы. Егер алдын ала аталған жүйемен экипаж мүшелерінің жағдайы есептеліп, ескерілгенде мұндай қайғылы жайт орын алмас па еді...

Биотехнолог ғалым бұл жүйенің шын мәнінде жұмыс істейтіні, нәтижесін бе­ретіні ғылымда дәлелденіп қойғанын жеткізді. Бұл туралы кейіпкеріміз: «АҚШ профессорлары Майкл Росбаш, Майкл Янг, Джеффри Хол сол мәселені зерттеп, 2017 жылы Нобель сыйлығының лауреаттары атанды. Олар циркадтық (био) ырғақтардың адам ағзасында расында да бар екенін және олар гене­тикалық тұрғыдан қадағаланатынын, сондай-ақ жұмыс істеу қағидаларын дәлелдеген. Иә, осы ғылыми негізде арнайы жа­сал­ған «БИОВ» жүйесін Қорғаныс ми­нистрлігінде әуе апаттарының алдын алуға пайдаланылған. Сонымен қатар «KEGOC» ұлттық компаниясының филиалдарында, Британ-Ресей ТНК-ВР компаниясында пайдаланылды және ERG компаниясында қанатқақты жоба ретінде қолға алынды», дейді. Бұл жүйе қорғаныс, спорт салаларында ғана емес, медицина саласында да өзінің тиімділігін көрсетті. Онкология мен нейрохирургия және профилактикалық медицинада қолданылған. Айталық, эпилепсия дертіне шалдыққан пациенттердің 90 пайызына операция жасау мүмкін емес. Бірақ ғалым сондай науқастарда болатын ұстаманың (приступ) заңдылығын тауып, оны алдын ала болжауға болатынын айтады. Соның нәтижесінде пациент ұстамасының қашан болатынын біліп отырады және керекті дәрілерін күнде емес, тек ұстамасы ұстайтын кезде ғана ішуге мүмкіндік береді.

Сөз соңында биотехнолог ғалым­нан отандық ғылымның дамуына тұсау са­лып тұрған проблемалар мен оны ше­шудің жолдарын сұрадық. Ол: «Ең басты мәселе – жемқорлық. Негізі ғы­лыми жобаларға қарастырылған қа­ра­жат барлығына бірдей жетпейді немесе қажетсіз зерттеулерге бөлінеді. Грант­ты алу үшін әлдекіммен белгілі бір пайызын бөлісу керек. Оны Ғылым қорында болған жемқорлыққа қатысты айқай-шудан естігенбіз. Екінші, елімізде инновациялық жобаларға нақты қолдау болмағандықтан, көптеген білімді де білікті азаматтарымыз шетелдерге кетіп қалды. Осы мәселе жолға қойылғанда өндіріс пен бизнестің байланысы бекіп, ешқандай баж салығының, салық алы­мының қажеті болмай қалар еді. Сәй­кесінше инновация шетелде емес, өз елімізде жасалады. Үшінші, ғылымның іргетасы орта білім ұйымдарында қала­нып, маман даярлайтын оқу орындарында бекиді. Сондықтан ғылымды дамыту үшін бірінші білім саласын дұрыстау керек. Университет бітірген жас мамандар жұмысқа орналасқанда оларға арнайы жетекші тағайындалуы тиіс. Жетекшіге осы еңбегі үшін үстемеақы тө­леу қажет. Сонда ғана ол өзінің жиған-терген білімімен бөліседі. Ал теориялық тұрғыда ғана емес, практикада ұстаз көр­ген мұндай маман өз кезегінде елдің жан-жақты дамуына үлес қосады», деп жауап берді.

Кейіпкеріміз – жан-жақты жан. 6 түр­лі музыкалық аспапта еркін ойнайды, өлең мен музыка жазады. Қоғамдық іс­терде де белсенділік танытып келеді. Ол мем­лекеттік саясатта ғылымның дамуына қолдауды арттырып, қоғамда ғылымға деген оң көзқарас қалыптастыруды көз­дейді.