Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Драматург Роза Мұқанованың драмалық шығармаларының бәрін бұған дейін де оқып жүрмін, әрине. Дегенмен, оның «Фаризасы» мені қатты толқытты. «Фариза» пьесасын оқып, одан кейін сахнадан көріп, Розаның драмалық шығармаларындағы бір алтын желіні көрдім. Ол психологиялық-трагедиялық, кейде комедиялық-трагедиялық желі екен. Бір-бірінің жалғасы іспеттес болып, бірін-бірі толықтырып, бірі-бірінің жаңа қырын ашып, қаламгер қуатының дарияға айналып жатқандығын көрсетеді екен.
«Мен сені түсімде жазам Өлең! Мен сені сағынып жазам, Өлең!» дейді Розаның Фариза-ақын кейіпкері. Негізі бұл драмалық шығарманы Фариза Оңғарсынова туралы дегеннен гөрі, ақындық туралы немесе өлеңнің жарыққа шығуының стихиясы дегенге келеді екен деген ойға келдім. Ақынның ішкі әлемін құрамдас элементтерге бөліп тастап, шашып тастап көрсетіп, сосын пьесаның соңында қайта құрастырғанда, ақындық дегеннің не екендігіне енді ғана көзің жетеді. Жаратушы Иеміз ақындықты жарық дүниеге адам кейпінде жібергенімен, оның ішкі ғарышына Менделеев кестесіндегі сияқты күрделі элементтерді қоса жіберетіндігін осы туындыдан айқын байқайсың. «Кімменен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің, Жүрегіңнен бәрібір мен ешқашан кетпеймін», деп ақын өзінің ғашықтық әлемінің астарын шырқай айтқысы келіп еді, оған аяқастынан пайда бола қалған Кемпір-кейіпкер: – Жоқ!!! Еркек саған парыз емес. Өлең – ПАРЫЗ. Ғашық етіп өзгелерге әуре болма құр босқа, – деп үмітін бір-ақ кесті. Пьесадағы бұл Кемпір-кейіпкер Фариза ақынға қайта-қайта елес болып көрініп кетіп жүретін оның Тағдыры еді. Автор пенде ретіндегі Фаризаны емес, ақын Фаризаның жан дүниесіндегі ақындықтың психологиялық-трагедиялық, лирикалық-прогрессивтік-философиялық сипаттағы поэзияның өмірге келу драмасын көрсетуді мақсат еткен. Ол автордың өзі ойлағандай дәрежеде биіктік, талғампаздық, барынша шынайылық шыңында көрінді дей аламыз.
Ақынды адам кейпінде ғана көру – үйреншікті көру. Ал ақынды ақын ретінде көру – ол басқа траектория. Басқа параллельдер арқылы жүретін қисындар. Ақын өз болмысына «Өлеңді өзіңе ал да, мені өзіме қайтар» деп жанұшырады. Міне, нағыз ақынның нағыз шындығы осы. Өйткені өзі – өзі емес. Оны қинайтыны да осы жағдай. «...Атақ! Даңқ! Маңдайыма бұйырғаны осы-ақ па?». Фариза ақынның нағыз шындығы – ол ақын емес, кәдімгі пенде болғысы келеді. Кәдімгідей тұрмысқа шығып, бала сүйгісі келеді. Әйел затының ең қасіретті де құдіретті трагедиясы – бала.
Бала сүйе алмау трагедиясы қаламгердің «Сарра» драмасында әрі қарай жалғасады. Сона-а-ау Пайғамбарлар дәуіріндегі Сарра мен Президенттер ғасырындағы ақын Фаризаның ішкі трагедиясы бірін-бірі ашып тұр.
«Фаризада» ақын көп жағдайда өзінің ішкі әлемін сыртқа шығара бермейді. Оның бәрі ішінде. Біз сахнадан сол «ішіндегіні» көреміз. Дегенмен ішкі толқыныс пен ішкі қақтығыстар кейде оған ырық бермей, ақынның мінезінен байқалып қалады. Сонда да, Фариза-кейіпкердің ішкі цензурасы мықты. Ал Саррада ішкі цензураның өзі цензура болмай қалады. Ол сыртқа атыла шығады. Бар бітім-болмысымен. Ол пайғамбар күйеуін барынша бақытты еткісі келіп, бірақ өзінің бала таппайтын бедеулігіне ашынып, енді күйеуін өзінен суытып, Ажар сұлуға көңілін аударту үшін ешбір әйел заты айта алмайтын шындықты айтады: «Жасына жетіп көрінгенмен ұрысқан, қабағы қатып тырысқан, дамбалы бұтына қатқан, өзі тумайтын құдай атқан, біздиген ғана бойы бар, адам таппас ойы бар, басы мүйіз, көті киіз кемпірдің керегі не? Кемпір, сұм-сұрқия ойы бар кемпір – Саррамын мен!». Неше жерден тозып отырса да қай әйел өзін осылай сипаттайды? Ешбір әйел айта алмас! Бірақ Сарраның өз қалауын қалай да жүзеге асыру үшін өзі туралы осылай айта алатындығына сенесіз.
Фариза мен Сарра – екі түрлі тағдыр, екі түрлі ғарыш. Бірақ арғы кодтары бір. Екеуі де шыншыл. Фариза – кемел ақын, Сарра – кемел әйел. Сарраның қызғанышы – жарын сүйген күллі әйел затының қызғанышы. Бірақ сол қызғанышты бала таба алатын әйел үшін құрбан етуі – бұл тек әйелдер ғана жасайтын ерлік. Алайда сол ерлікті жасауын жасады да, Пайғамбардың назары Ажар сұлуға көбірек ауып кеткен кезде баяғы қызғаныш қайта бас көтерді. Ал Ажар сұлудың сәбилі болатындығын білген кезде, баяғы қызғанышы қайта бас көтергені соншалық, «қайта шапқан жау жаманның» дәл өзі болып, қайта шапқан қызғаныштың құдіреттілігін осы Сарра бейнесі дәл көрсетті. Автор Сарра арқылы қызғаныштың философиялық образын жасады. Қызғаныш сезімі әйел бейнесіндегі кейіпкерге айналып кеткендей. Сарраның қылығын емес, қызғаныштың қылықтарын көре бастайсың. Осылайша кейде Розаның бір кейіпкерінен тағы бір кейіпкерді көріп тұрасың. Ол абстракциялы кейіпкер. Оқиғаның қиыннан осылай қиюласуы – қаламгер шеберлігінің тағы бір көрінісі. Сарра арқылы автор махаббаттану зертханасының қайнаған қызу жұмысын көрсеткендей. Жан дүние интернетінің элементтері мен кодтарын шеберлікпен ұсынады.
Қазір жаттанды кейіпкерлердің жаттанды сөздері, өтірік «трагедиясы» сахнадан бірте-бірте ығысып барады. Олардың көрермені де театр залдарынан бірте-бірте шығып кетті. Сахнаға Сарралар, Фариза-ақындар, «Шатыр астындағы Мендер» келе жатыр. Көрермендер де залға қайта оралуда. Қазіргі көрермен мен оқырманның да психологиялық жүгі өте ауыр. Ақпараттық дауылдардан ық іздеген олар осындай спектакльдерге келіп, жетімсіреп қалған өздерін тапқандай күйге бөленері анық.
Р.Мұқанованың «Шатыр астындағы Мен» пьесасы әлі сахнада қойылған жоқ. Ұсынылмағандығынан емес. Ұсынылған. Заманында шығармалары бағаланбаған Стендаль «Мені 1900-жылдары тауып алады» деп жазып кетіпті. Шынында да ол өзі өмірден өткеннен кейін жарты ғасырдан астам уақыттан соң ғана таныла бастады. Әрине, «Шатыр астындағы Мен» пьесасы бұлай ұзақ уақыт сөреде жатып қалмас.
Бұл пьесаның кейіпкерлері – қазіргі сынға ұшырап жүрген кейбір шенеуніктік көзқарастар мен ұстанымдар және соларға «бас шұлғудан» басқа іс-әрекетті білмейтін қоғамдық орта. Қатып қалған қағидаларға жатып қалған «еті өліп кеткендік» проблемасы – қай қоғамның да, қайбір дамыдым деген мемлекеттердің де бас ауруы шығар. Ол біздің қоғамда жоқ десек, өтірік айтқандық болып шығады. Өйткені адамзат адамзат болғалы бері «бас шұлғушылары жоқ» қоғам да, ондай мемлекет те болған емес. Болмайды да. Пьеса сол сырқаттың диагнозын дәл қойған және соған ем іздеп жүр.
Пьесада тоқыраған қоғамдағы билік психологиясы сөз алады. Кейіпкерлердің аттары да өз образдарының сипатын келтіреді: Анти-Шрек, Буфо, Ерло, Сапақ Саталович, Имова. Есімдерінің осылай аталуының өзі қоғамдық қатынастардағы қисынсыздықтардан хабар беріп тұрғандай. Анти-Шректің «Ақымақ, мен саған таланттыларға билігіңді жүргізіп, ұршықша иіре бер дедім. Қолында билігі барларға емес... Қолында кішкентай билігі болса болды, тоңқаңдап, басыңды сәждеге ұрғандай ұрғылай бер, ұрғылай бер. Маңдайың жарылғанша ұрғыла...». Анти-Шректің сөздерінің астарынан мұның өз еркімен пайда болған ұстаным емес екендігі бірден түсініледі және бұл – жұқпалы ұстаным. Көзге көрінбейтін вирустар болып, әркімнің санасына қонатындығымен де қауіпті. Оған осылай дегізетін басқа бір күштер категориясы және олар осы сөздерінің арғы жағынан сығалап, ызғар шашып тұрғандай. Ал Буфоның Анти-Шректің бұл сөздеріне берген жауабы жауаптан гөрі ішкі трагедиясы сияқты естіледі: «Дұрыс айтасың, менің ешкімім де жоқ. Мен кімді жөнге келтіргендеймін, бір байқұспын. Қоқаңдауға болмайды маған, дұрысын айтқанда – жақпайды. ...Сенің айтқаның рас. Әкімшіліктің қызметкері сияқты емеспін. Мен сенің көңіліңді аулайтын құбыжық сияқтымын». Өзін құбыжық сияқты сезінетіндер аз ба! Аз емес! Шын құбыжықтығынан емес. Күштілердің тісі батқандығынан. Тіпті жеке адам ғана емес, өзін құбыжық сияқты сезінетін мемлекеттер де бар. Өйткені оларға да күштілердің тісі батқан, батып та тұр. «Құбыжық» сияқты сезіну зонасы дамуды ноқталап, ілгері баспастың қазығына байлап тастайды. Жеке адамды да, мемлекетті де. Тіпті сол қалпында жүре берсе, шынында да, құбыжық сияқты қимыл жасауға көше бастайды. Буфо – сондай қимыл жасауға дайын болған кейіпкер. Буфоны жеке тұлға емес, тұтас бір қоғам деп қабылдауға болады. Анти-Шрек пен Буфоның бұл шағын ғана диалогы – үлкен ой саларлық диалог.
Қазіргі заман көрермені ширыққан дүние болмаса, болбыр образдар мен сентиментальды, жылауық сөздерге, жыбырлақ көріністерге аса илана да қоймайды, әсер алмайтыны, сірә анық. Өйткені қазіргілердің санасы цифрлы-визуалды ортада жүріп ширыққан. Аз сөзден, шағын көріністен көп әсер алғысы келіп тұрады. Тез тістеп, жылдам жұтады. Асау образдарды жаны сүйеді және шындықтың жарқырай көрінгенін қалайды. Біздің көрермен мен оқырман алдамшы сөзге алданып та болды, мардымсызға малданып та жүрді. Бұл күнде олар талғам биіктігі жағынан «қамал алып», оқырман «орда бұзып», талап деңгейі, көңіл қалауы шырқай өсіп кетті. Демек, өнер туындыларына да дәл осындай талап бар.
Көрермен мен оқырманға Сарраның ішке сыймай сыртқа атылған махабаттық-қызғаныштық цунамиі, Фаризаның от шаша бұрқыраған ақындық-әйелдік жанартауы, «Шатыр астындағы Мендердің» шытырман, даңғырлақ жүгірістерінің астарындағы әлеуметтік ауыртпалық, «Мәңгілік бала бейнедегі» адам қолымен жасалған қасіретке табиғаттың аса қатал қайтарған Ләйла қыз бейнесіндегі жауабы, «Мысықтар патшалығындағы» күлмейтін қоғамның жабық әлемінің ой саларлық образдар әлемі керек. Р.Мұқанованың драмалық шығармалары – сол «керектердің» бәрін алтын табаққа салып, ақиқатын ақтарып тұрған туындылар.
Осының бәрі не үшін керек өзі? Адам мен қоғамның өзін өзі тани түсуі үшін керек. Өнердің ең негізгі мақсаты – адамға өмір сүрудің жаңа бағытына жол сілтеу. Рухани азықтандыру. Аристотельдің «трагедия жан дүниені тазартады» деген тұжырымы рас сияқты. Өйткені трагедиядағы психологиялық-философиялық сарындар санадағы қатып қалған, өзгерістерге өсім бермейтін зоналардың шеңберінен шығуға көмектеседі. Өнер тек тамсанып оқып, таңырқап көріп қайту үшін емес, идеялар кешеніне жол ашу үшін керек. Ой-сананың байлаулы аттай шыр айналып жүргені емес, қиял кешенінде сапарлап, қоғамдық қатынастардағы құрақ-сұрақтардың жауабын іздеуге ынталандыру үшін керек.
Кезінде Әбіш Кекілбаев «Розаның кейбір туындылары планетарлық мәнге ие» деп баға бергені есімде. Р.Мұқанова шығармалары қазақ драматургиясына айрықша жаңалық әкелген туындылар. Оның «Фаризасы» Мәскеуде «Современник» театрында қойылды. Ресей көркемөнер академиясының вице-президенті А.Любавин қойылымды әдейі қазақ тілінде көргендігін айтыпты. Ол «Sputnik» арнасына берген сұхбатында: «Керемет. Аудармасыз-ақ барлығы түсінікті. Себебі махаббатты аударудың қажеті жоқ. Спектакльдің соңында көз жасыма ерік бердім», деп А.Любавин ағынан жарылды. Ал бұл спектакльді көру үшін К.Параскевопулос есімді көрермен Грекиядан арнайы келген екен. «Менің туған жерім Қазақстан. Балалық шақтағы бақытты сәттерімді есіме алдым», деп шынайы сезімін жеткізіпті. Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы сахналарда 25 жылдан бері жүріп жатыр. 2002 жылы режиссер С.Нарымбетовтің осы пьеса бойынша түсірген «Қыз жылаған» фильмі көптеген халықаралық фестивальдарға қатысып, жүлдегер болды. Ослода өткен Қазақстан киносының күндерінде осы фильм туралы норвегиялық құқық қорғаушы У.Гелис «Өте қуатты, жан дүниені қозғайтын әрі тәрбиелік те маңызды туынды» деп бағалаған еді.
Роза Мұқанованың драматургиясына осылай нағыз бағасын беретін кез келді. Ол Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған екен. Мұндай деңгейдегі сыйлыққа әбден лайықты дер едім.
Оңайгүл Тұржан,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты