Біз бұл Жолдауды тағатсыздана күттік. Себебі бірінші кезекте қазіргі күрмеуі қатты күрделі кезеңнен қалай өтетінімізге айқын жоспар керек еді. Сол жоспарды, ең алдымен қандай нақты міндеттерді жүзеге асыру қажеттігін анықтап алу маңызды десек, Президенттің биылғы Жолдауы соған жауап берген бағдаршам болды. Бұл Жолдау – адастырмас ақ жұлдыз, елдің бақ жұлдызы.
Биылғы Жолдауда кезек күттірмейтін өзекті мәселелер білгірлікпен байыпты баяндалған.
Мемлекет алып бәйтерек деп бейнелейтін болсақ, ауыл – оның тереңге тартқан тамыры. Тамыр суалса, бәйтерек қурайды, құлап та қалады. Сол ауыл-ананы құлатпайтын қасиетті қайнар – ауыл шаруашылығы. Бұл туралы Жолдауда:
«Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес.
Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы.
Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек.
Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн.
Қосымша құн қалыптастырудың өзегі саналатын ірі жобалар маңызды рөл атқаруға тиіс.
Вертикальды кооперация аясында жеке қосалқы шаруашылықтың әлеуетін пайдаланған абзал.
Жеке шаруашылық миллиондаған ауыл тұрғындарына табыс табуға мүмкіндік бере алады. Оларды өңірлік азық-түлік хабтарын құруға жұмылдыру керек», депті Мемлекет басшысы. Қорғасын құйылып алшы түсер асықтай көкейге қона кетті бұл сөз.
Биылғы Жолдаудың маңыздылығы сонша оның әр бөлімі, әр тармағы ғана емес, әр сөйлемі тұнып тұрған оралымды ой, ел қамын жеген ердің естен кетпес сөзі!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа Жолдаудағы алтыннан қымбат асыл сөздер жүректен шығып, жүректерге жетті. Мақсат айқын, міндет көп. Енді Жолдауда алға қойған мақсатқа жету үшін тер төгу керек. Мұзафар Әлімбаевтың сөзімен айтсам:
Мен білемін не табуды,
не іздеп,
Еңбек қана елдің ұлы дегізбек.
Мемлекет басшысының:
«Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу.
Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек.
Ысырапшылдық пен даңғазалық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайдылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал бос сөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен, шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр», деген аса салмақты, асқан салиқалы сөзі жадымызда жақсы жырдай жатталып қалды.
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты