Аймақтар • 11 Қыркүйек, 2020

Алматыда заңгерлік көмек акциясы жалғасады

298 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда "Азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына және мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін заңгерлік кеңес беру" қайырымдылық акциясы өз жалғасын табуда, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда заңгерлік көмек акциясы жалғасады

"Қоғамның сан-салалы өмірінде адам құқықтарын, заңды мүделерін қорғау, қалпына келтіруді барынша қамтитын сала – заң саласы, құқық, құқықтық қатынастар. Оның басында – Конституциямыз тұр. Егемен еліміздің құқықтық мемлекетке бағыт алғандығынан азаматтардың құқықтық сауатты болуы барған сайын пәрменді жағдайға айналуда. Азаматтарды құқықтық жағынан қолдау, құқықтық көмек көрсету мақсатымен Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры, Алматы қаласы, Медеу аудандық  Nur Otan филиалына қарасты "Абай" бастауыш партия ұйымының төрағасы Такир Балықбаевтың бастамасымен қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды", деп атап өтті Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Гүлжазира Мейірбекова.

1

Қайырымдылық акциясы кезінде кафедра меңгерушісі заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бурибаев басшылығымен қазақстандық еңбекті қорғау, әлеуметтік қамсыздандыру, бала мен ананы қорғау бойынша заң жобаларына ұсыныс беріп, дамуына үлес қосып жүрген заң ғылымдарының докторы, профессор Жанна Хамзина, тәуелсіз еліміздің еңбек құқығының іргетасын қалаушы, университет заңгері Даулет Рысқалиев, заң ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Айгүл Бижанова, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Бақытқали Көшпенбетов, университет доценті, адвокат заңгер Гүлжазира Мейірбекова, құқық магистрі Динара Белхожаева, құқық магистрі Жанар Молдахметова қатысуымен, 80-дан аса әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтарға жан-жақты, тиянақты, негізді құқықтық кеңестер берілді. Құқықтық көмек алған азаматтардың аты-жөні тіркеліп, кафедра бойынша есеп берілді. Оның ішінде жартысынан астам азаматтар алдын ала жазылу арқылы кеңес алса, қалғаны Қарағанды, Павлодар, Атырау, Шымкент қалаларының тұрғындары тікелей телефон арқылы хабарласып, әлеуметтік көмек, мүгедектігі бойынша тағайындалатын жәрдемақы туралы, тұрғын үй мәселесі бойынша жаңа бағдарламалар  жөнінде құқықтық кеңестер алды.

"Қайыр қылсаң – бүтін қыл" демекші, болашақта "Құқықтану" кафедрасының білікті мамандары тегін құқықтық көмек беру шараларын әрі қарай жалғастыратын болады.