01 Қараша, 2013

Жоғары технологиялық жаңғырту

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бәсекелестікке шыдас беретін өнімдерді сыртқы нарыққа жөнелту мүмкіндігін туғызды

Бәсекелестікке шыдас беретін өнімдерді сыртқы нарыққа жөнелту мүмкіндігін туғызды

«Мұнаймаш» АҚ-тың тарихы әріде жатыр. Фашистік Германия еліміздің төріне ентелей ұмтылғанда Петропавл қаласына көшіріп әкелінген таганрогтық «Красный Гидропресс» кәсіпорны негізінде атқарушы механизм­дер зауыты құрылды. Осы кезеңде әскерилер үшін арнайы құрал-жабдықтар шығарылса, бейбіт өмір орныққаннан кейін ауыл шаруашылығы саласына бейімделді. Сөйтіп, 1992 жылға дейін КСРО Кемеқұрылысы министрлігі құра­мында мұнай-химия, радио, электроникалық және механикалық аспаптар құрастырумен айналысты. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында өнімділік кеміп, қиындыққа кезік­кенімен, мемлекеттің қолдауы ар­қасында қайтадан көш сапына қосылды. Қысқа мерзім ішінде мұнай-газ саласы үшін арнайы құрал-жабдықтар өндіруді меңгерді. Олардың арасында ұң­ғыма штангалық сорғылар, мұ­най-газ жабдықтарының қо­сал­қы бөлшектері үлкен сұра­нысқа ие. 1998 жылдан «Барлау ӨндіруҚазМұнайГаз» АҚ-пен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып, батыс өңірлеріндегі кен орындарына мұнай сорғыларын жүйелі жөнелте бастады. 2012 жылы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясымен, «БРК-Лизинг» АҚ-пен бірлесе отырып, «Өнімділік-2020» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде «Механикалық өңдеу өнді­рісін жаңғырту» жобасын игеруге 1,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жапониядан, АҚШ-тан және Бразилиядан жоғары үлгідегі «Nakamura Tome», «Hardinqe», «Romi G 50M» токарлық станок қондырғылары орнатылып, өндірістік үдерістерді жобалау мен басқару түгелдей автоматтандырылды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты 1,5 есеге ұлғайып, жылына 5 мың данаға дейін мұнай сорғыларын жөнелту мүмкіндігіне ие болды. Өндірістік цикл 80 пайызға, механикалық өңдеу жылдамдығы 5 есеге қысқарды.

– Cоңғы 5 жылдағы техникалық-экономикалық көрсеткіштерімізді талдайтын болсақ, ырғақты дамуымен сипатталады. Атап айтатын болсақ, өнім өндіру көлемі 471 миллион теңгеден 2737 миллион теңгеге, бір еңбеккерге шаққандағы еңбек өнімділігі 4811 теңгеден 22259 теңгеге дейін өсті. Орташа айлық жалақы 124691 теңгені құрайды. Елбасының индустрия­­­­­­­лық-инно­вациялық саясаты өндіріс­ке ­зор серпін беріп, экономиканы үдеме­лі жаңғырту басты бағдарымызға айналған. Алда өнімдердің қазақ­стандық үлесін 60 пайызға жеткізу, өнімнің өзіндік құнын 15-20 пайызға кеміту міндеттері тұр, – дейді, кәсіпорынның техникалық директоры Сергей Литвинов.

Осылайша, өндірістік жаңғыр­тулар өз жемісін беріп келеді. 9 айдың қорытындылары айтар­лықтай. Жыл аяғына дейін 3 миллиард теңгенің өнімдерін тұтынушыларға жеткізу ойласты­рылған. Сонда былтырғыға қара­ғанда, өнім өндіру қуаты 30 пайызға ұлғаятын болады. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен ұзақ жылға келісімшарт жасалып, тапсырыстар қабылдау көлемі 1,5 есеге өсті. Бәсекелестікке қабілеттілік бірінші кезекте сапамен айқын­далады десек, техникалық сипаттамалары бойынша үздік әлемдік үлгілермен теңесетін мұнай-газ өнімдерін сыртқы нарыққа шыға­рудың алғашқы қадамдары жасалды. Жоғары технологиялық жаңғыртудан өткен кәсіпорынның алғашқы сатып алушылары Ресей­дің мұнай өңдеушілері болып отыр.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар