01 Қараша, 2013

Шұбаркөлдегі шыңдалу

345 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шұбаркөл көмір кенішінде сырт кісіні таңдандырмай қоймас ғажайып көрініс бірден баурайды. Естуін естісек те, біз бұрын көрмеген алып техникалардың неше түрі осында тоқайласыпты. Жапонияның, Канаданың, Германияның дейсіз бе, бір өзі биік үйдей экскаваторлары, төбедей бульдозерлері төмендегі көмір қабаттарын қарпып артса, тау­дай жүк көліктері тиелген отынды қыр бетіне ақырын өрлеп жеткізіп жатады.

Шұбаркөл көмір кенішінде сырт кісіні таңдандырмай қоймас ғажайып көрініс бірден баурайды. Естуін естісек те, біз бұрын көрмеген алып техникалардың неше түрі осында тоқайласыпты. Жапонияның, Канаданың, Германияның дейсіз бе, бір өзі биік үйдей экскаваторлары, төбедей бульдозерлері төмендегі көмір қабаттарын қарпып артса, тау­дай жүк көліктері тиелген отынды қыр бетіне ақырын өрлеп жеткізіп жатады.

Шөмішінің сыйымдылығы 21 текше метр болатын, кен қыртысын бір асағанда-ақ 220 тонналық немістің ауыр көліктерін жүкке толтыратын әйгілі Hitaci гидравликалық экскаваторлары жұмыс істеуде. Олардың алымдылығы арқасында отын өндіру көлемі биыл 9 миллион тоннаға жеткелі отыр. Сондай-ақ, көмірді ЛКУ-1400 ленталы конвейері арқылы жоғары көтеру жұмыстары да атқарылуда.

Осынау күрделі техникалар тілін меңгеріп, оны басқаруды ұршықша үйірушілер кілең жергілікті жігіттер екенін білгенде, сүйсінгенімізді жа­сыра алмадық. Жапонияның экска­ваторын көмекші серіктестерімен бірге бағын­дырушы Ербол Әлкеев өз ісін жетік меңгерген шеберлердің сапына қосы­лып алыпты. Жаңа техниканы игеруге бейімі мен ұмтылысы бар азаматтарды қайтадан оқытып, кеніштегі ең мәртебелі мамандыққа төселдіруге қамқоршы ERNC компаниясы оның да талабын ұштауына мүмкіндік жасаған. Сөйтіп, арнаулы курста тәжірибе жетілдіріп келген Ербол міне, енді майталман экскаваторшылардың маңдайалдылары қатарына қосылған.

– Кадрларды жергілікті еңбек­керлер қатарынан толықтыруға, кәсіби біліктілікті көтеруге деген компанияның ынта-ықыласы мені де шапағатына бөледі. Ауыр жүк көлігінің жүргізушісі Райыс Ыбраев, жауапты буындар жұмысшылары Қуантқан Бақтыбек, Еркебұлан Сыздықов кешегі өзім сияқты арнаулы мамандығы жоқ жастар еді. Қазір әрқайсысы әріптестерінің мақтанышы. Білім тереңдетуді, біліктілік күшейтуді қалаушыларға жол ашық. Шұбаркөл кентінің тұрғындары, кеніш еңбеккерлерінің балалары компания есебінен жоғары оқу орындарында оқып жатыр. 2002 жылға дейін көмір өндіру көлемін 10 миллион тоннадан 20 миллион тоннаға жеткізу көзделген еді. Бұл мақсатты іске асыратын лайықты кадрлар қатары арта түсуде, – дейді Ербол.

Кеніште қалыптасқан үрдіске орай жақында «Үздік маман» байқауы өтті. Есімдері аталған жігіттер – сонда жеңімпаз атанғандар. Алыстан шақырмай-ақ, тұрғылықты азаматтарды келешегі кең жұмысқа тартып, мамандық меңгертіп, өмір қуанышына бөлеу алыстағы Шұбаркөлде берік дәстүр ретінде қалыптасуда.

Айқын НЕСІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Қарағанды облысы,

Шұбаркөл кеніші.

Соңғы жаңалықтар