Қазақстанның басты ұлттық әуе тасымалдаушысы – «Эйр Астана» компаниясы Астана мен Лондонның Хитроу әуежайы арасында жаңа рейс орнатып, оның апталық мөлшерін үшеуге дейін ұлғайтты. Кеше елорда әуежайында осыған арналған жиын болып өтті. Рейс тұсаукесеріне Ішкі істер министрлігінің, Көлік және коммуникация министрлігінің, Ұлыбритания елшілігінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, «Эйр Астана» әуе компаниясы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Тұсаукесер салтанаты өтіп болған бойда әуе компаниясының жетекшілері бастаған алғашқы рейстің жолаушыларының бірі ретінде біз де бір топ журналиспен бірге алыстағы Альбион жеріне қарай аттандық.

Мақсатымыз – аспан астынан саяхат сызатын алты сағаттан астам әуе жолын бастан өткеріп, алғашқы маршрут жөніндегі әсерімізді қалың жұртқа жеткізу.
Шынында да осы айтылған уақыттың шырғасында көңілге түйген ойларымыз да, алған әдемі әсеріміз де көп болды. Олардың бәрін енді төрт күннен соң, яғни елге аман-есен жетіп алғаннан кейін асықпай отырып қағазға түсірмек ниеттеміз. Әзірге айтарымыз, жылдан жыл асқан сайын қанатын кеңге жайып, әлеуеті артып келе жатқан еліміз тұрғындарының өзге елдердің жұртымен араластығы да айтарлықтай арта түскен екен. «Бармаса, келмесе жат болатынын» білетін біздің ағайындар қазір жағдайлары келіп тұрған соң шет елдерге жиі атбасын бұрып, сапар санын көбейтіпті. Мына ашылып жатқан қосымша рейс те сол қажеттіліктен туындап отырса керек.
Қосымша демекші, компаниядағылардың түсіндіруіне қарағанда, бұл рейс бұрыннан бар Алматы – Лондон және Астана – Франкфурт бағыттарын толықтыратын болады. Дәлірек айтқанда, Лондонға бет түзейтін жаңа қатынас әрбір сәрсенбі сайын әуе кемесін Алматы – Лондон – Астана – Алматы, әрбір бейсенбі сайын Алматы – Астана – Лондон – Алматы, ал сенбі сайын Алматы – Лондон –Алматы бағыттарына ұшырып тұрады.
Сөздің орайында жаңа рейс қызметін эконом-класс бойынша екі жаққа пайдаланушының барлық алымдарын қосып есептегенде, 110 870 теңгеден, ал бизнес-класс үшін 522 999 теңгеден төлейтінін айта кетейік. Сол сияқты Астана–Лондон бағытында ұшу 6 сағат 50 минут уақытты алса, Лондон–Астана ара қашықтығының уақыттық мөлшері 6 сағат 20 минутпен өлшенетінін де осында келгелі бері естіп жатырмыз.
Бірқатар мағлұматтарды біз «Эйр Астана» компаниясы АҚ президенті Питер Фостерден алдық. «Біз Ұлыбританияға рейстер санын арттыра алғанымызға қуанып отырмыз, – деді ол. – Осы арқылы біз Астана мен Лондон арасындағы жолаушылар тасқынын ұлғайтып қана қоймай, сонымен бірге, алғаш рет екі ел орталығын тікелей байланыстыруға қол жеткіздік. Ұлыбритания Премьер-министрі Дэвид Кэмерон Қазақстанға жасаған сапарынан соң бірден қабылдаған осы шешім екі ел арасындағы қарым-қатынастың күшейіп келе жатқанын байқатады. Бұл бір жағы Астанада 2017 жылы өтетін ЭКСПО көрмесіне деген ынтаның артып келе жатқанын білдіреді».
Осылайша әні-міне дегенше көгілдір сулар қоршап жатқан жасыл желекті Британия жеріне де келіп қалыппыз. Айтқандай, Лондонның аспаны әдеттегідей бұлыңғырлау екен. Қанша дегенмен, терістік деген аты бар ғой, ауа райы да бізге қарағанда салқындау сияқты. Бірақ бір ұшақ қонып, бір ұшақ ұшып жатқан Хитроудың ығы-жығы әуежайы нағыз қайнаған қызу тіршіліктің ортасында тұрған секілді. Түс ауа ғана Астана аясында тұрған бізге енді Альбион жері құшақ жайды.
Жанболат АУПБАЕВ,
«Егемен Қазақстан» –Лондоннан.