01 Қараша, 2013

Жауапкершілік жүгі қашанда ауыр

277 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Төраға Мемлекет басшысының белгілеген межелеріне қол жеткізу үшін Парламент алдында аса жауапты міндеттер тұрғандығын ерекше атады.

Елбасы бастамаларына­ ұдайы қолдау көрсетіп келе­ жатқандары үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы өз әріп­тес­теріне үлкен ризашылығын білдірді. «Баршаңызды елімізге танымал қоғам қайраткері, тәжірибелі кәсіби маман ретінде жақсы білемін.

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында Төраға Мемлекет басшысының белгілеген межелеріне қол жеткізу үшін Парламент алдында аса жауапты міндеттер тұрғандығын ерекше атады.

Елбасы бастамаларына­ ұдайы қолдау көрсетіп келе­ жатқандары үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы өз әріп­тес­теріне үлкен ризашылығын білдірді. «Баршаңызды елімізге танымал қоғам қайраткері, тәжірибелі кәсіби маман ретінде жақсы білемін.Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруда зор еңбек сіңіріп жүрген сіздермен бірлесіп, Қазақстан дамуы жолында аянбай қызмет ету менің де басты парызым», деді Төраға өзінің сөзінде. Бұл ретте Қ.Тоқаев Елбасы белгілеген биік межелерге қол жеткізуге бағытталған кең ауқымды күрделі шараларды заңдық тұрғыдан қамтамасыз етуде Парламент алдында аса жауапты міндеттер тұрғанын алға тартты. «Қазіргі кезде палата қарауына келіп түскен салық және бюджет қатынастарын жетілдіруге арналған заң жобаларын, үш жылдық республикалық бюджет жобасын мұқият талқылап, мерзімінен кешіктірмей қабылдаудың маңызы айрықша. Алдымызда тұрған міндеттерді орындауда Сенат депутаттары кәсіби шеберліктің айқын үлгісін көрсетеді деп сенемін», деді палата Төрағасы.

Бұдан кейін күн тәртібіндегі мәселелер қаралды. Алдымен депутаттар назарына «Психикасының бұзылуынан зардап шегетін адамдарды мәжбүрлеп емдеу жүргізу үшін беру туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы ұсынылып, қабылданды.

Конвенцияға қатысушы мемлекеттердің бірінде есі дұрыс емес күйде қоғамға қауіпті әрекет жасаған азаматтарды, сонымен қатар, уағдаласушы тараптың аумағында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі бар азаматтарды емдеуден өткізу көзделеді. Және де медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы сот шешімі заңды күшіне енгенде, егер ол өз ойын еркін білдіруге қабілетсіз болса, оның заңды өкілінің келісімі алынған адамдарды мәжбүрлеп өткізу үшін емдеуге беру қарастырылады.

Сондай-ақ, жалпы отырыс­та депутаттар еліміз бен Азия Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді ратификация­лаудан өткізуге қатысты заң жобасын қабылдады. Келісім Азия Даму банкінің Қазақстанға «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі шеңберінде «Шымкент – Ташкент» жол учаскесін дамыту үшін 125 миллион доллар қарыз беруді көздейді. Қазақстанға бұл қарыз төрт жылдық жеңілдікті қоса алғанда, 16 жылға беріледі. Ел Үкіметі тарапынан бөлінетін қаржы 22 миллион доллар екенін айта кету керек. Банк бөлген қарыз негізінен «Шымкент – Ташкент» жолының 705-742 шақырымы аралығындағы ұзындығы 36,7 шақырым жол учаскесін қайта жөндеуге жұмсалады деп күтілуде. Жобаны жүзеге асыру еліміздің көліктік әлеуетін дамытуды қамтамасыз етіп, халықаралық дәліздің қазақстандық бөлігі бойынша қозғалыс қарқынын айтарлықтай арттыратын болады.

«2008 жылғы 12 желтоқсандағы Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттамаға өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты. Хаттама Кеден одағының комиссиясын таратуды және өкілеттіктерін Еуразиялық экономикалық комиссияға беруді көздейді. Аталған құжат Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін импорттық кеден баждарын біржақты тәртіппен қолданудың неғұрлым ұзақ мерзімін белгілеуге мүмкіндік береді.

Бұл заң жобасын қарау барысында палата Төрағасы Қ.Тоқаев Үкімет баяндамашысына ескерту жасап, алдын ала болған келіссөздердің өте төмен кәсіби деңгейде жүргізілгенін атап өтті.

Ал заң жобасы бойынша сұрақтар қойып, өз ойларын ортаға салған депутаттар қазақстандық өнімдердің Кеден одағы аумағында еркін қозғалуы қажеттігіне ерекше назар аударып, осы бағытта нақты шараларды қабылдау керек екеніне екпін түсірді. Отандық өнімдерге келтіріліп жатқан кедергілерге сондай жолмен жауап берейік, не болмаса заңдық тұрғыдан келейік деген ұсыныстар да алға тартылды.

Бұдан басқа күн тәртібі­не сәйкес «Қазақстан Респуб­ли­касының Үкіметі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі арасындағы өтеусіз әскери-техникалық көмек көрсету туралы келісімді ратификация­лау туралы» заң жобасы да қабылданды. Құжатқа сәйкес Қазақстан Тәжікстанға патрондар, қол гранаталары, қару майы секілді әскери құралдарды өтеусіз беру бойынша әскери-техникалық көмек көрсетеді. Мұндай әскери мүлікті Душанбе қаласына дейін жеткізіп беруді Қазақстан Қарулы Күштерінің әуе кемесі қамтамасыз етеді. Бұл ретте Тәжікстан елімізден өтеусіз алған әскери мүлікті немесе оны пайдалану құқығын үшінші тарапқа бере алмайтыны келісімде нақты жазылыпты.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар