Аймақтар • 14 Қыркүйек, 2020

Алыс аудандағы астық ору науқаны

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір барлық алқапта жүрген 75 мың комбаин орақ науқанын қыздыруда. Биылғы астық күннің ыстығынан биік өспей қалса да, дәннің сапасы жақсы, күннің қызуы қамырлығын арттырды. Биыл облыс диқандары 4 млн тоннаның төңірегінде астық тапсырады деп межеленіп отыр.

Алыс аудандағы астық ору науқаны

Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақалов облыстың астықты өңірлерінің бірі – Ғабит Мүсірепов ауданына барып, астықтың сапасын көрді. Бұл аудандағы астық шығымдылығы өзгелерге қарағанда биыл да жоғары. Бұрынғы Көкшетау облысының қысқарған үш ауданының негізінде құралған ауданның астық алқаптарының көлемі де үлкен. Облыс орталығынан 300 шақырымдай қашықта жатыр.

Биыл аудан диқандары 712 мың гектар жерге дән сіңірген. Қазір шыққан өнімнің 70 пайызын жинап алды. Былтыр аудан басшылығына бұрын екі ауданды табысты басқарған Ағзам Тастеміров барған болатын. Тәжірибелі басшы мұнда да жұмысты дөңгелентіп жіберді. Аудан орталығындағы 45 көше жөнделіп, 50 шақырымдай жол салынды. 8 ауылға ауыз су тартылды. 9 мектеп жөндеуден өтті. Ауданда тұр­ғын үй салу қарқыны да жоғары. Мәселен, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сапарында 52 пәтерлі үлкен тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс әкімі қоныс той иелеріне пәтер кілтін тапсырды, сондай-ақ көпбалалы отбасына көрімдік есебінде кір жуатын машина сыйлады. Ал атбасын бұрған Нежинка ауылында биыл 10 үй салынған. Мұндағы «Астық-Привольное» ЖШС 6,5 мың гектар жерге астық өсіреді. Мал шаруашылығын да дамыту үстінде. Қазір жобасы 1,5 млрд теңге тұратын тауарлы сүт фермасын салып жатыр. Ферма құрылысы алдағы жылдың сәуір айында аяқталады.

Облыс басшысы осы ауылдағы диқандармен кездескенде Президент Қ.Тоқаевтың жаңа Жолдауында алға қойып отырған міндеттері туралы айтты. «Алдағы бес жылда еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру алға қойылып отыр. Біз бұл міндетті толық орындай аламыз. Бұл үшін жердің күтімін арттырып, минералды тыңайтқыштар себуді ұлғайту керек. Біз биыл 130 мың тоннадай минералды тыңайтқыштар септік. Осының өзі республика бойынша алдыңғы орында тұр. Алайда алдағы бес жылда оның көлемін жыл сайн 200 мың тоннаға жеткізуіміз керек. Сонымен қатар бидайдың жоғары өнімділігін беретін сұрыптар аламыз. Өнімділігі жоғары жаңа техникалар алуды арттырамыз. Биыл 1,5 млрд теңгеге техникалар сатып алынды. Алдағы жылдарда бұл санды көбейте түсетін боламыз. Сонымен бірге астық тасымалындағы шығындарды азайту үшін жолдар да жөнделе түседі. Міне, осы жұмыстарды сапалы әрі жоғары деңгейде жүргізетін болсақ, Президент алға қойған межеге жетеміз. Бұл қолымыздан келеді», деді ол.

Жалпы айтқанда, биылғы астық ору науқаны қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Диқан еңбегі жемісті бола түссе, елдің де табысты болары сөзсіз. 

 

Солтүстік Қазақстан облысы