Пікір • 14 Қыркүйек, 2020

Тексеру комиссиясын да тексеру керек пе?

289 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адамзат қоғамындағы ең озық басқару жүйесі – демократиялық жүйе екендігі белгілі. Оның да жетіспейтін жақтары көп әрине, бірақ У.Черчилль айтпақшы, одан озық жүйе ойлап табылған емес.

Тексеру комиссиясын да тексеру керек пе?

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ

Демократиялық басқару жүйесінің басты шарты – ашықтық, жариялылық. Бәрі де ашық болса халық басқару жүйесінде не болып жатқанын біліп отырады. Әсіресе бюджет қаражатының нақты қаншасы қайда бөлініп, қалай жұмсалғаны белгілі болады. Мәселен, «мына темір қоршауды жасауға 200 млн теңге жұмсалды, қаражатты бөлуге қол қойған Асан, ақшаны игерген Үсен»  деп нақты көрсетілсе, ал халық оның құны 20 млн да тұрмайтынын көрсе – ақшаның желінгені айдан анық көрініп тұрар еді... Өз қаражатының, яғни бюд­жет қаражатының желінгені анық көрі­ніп тұрса – халық тексеруді талап етеді. Сөй­тіп қана әділетке қол жеткізуге болады.

Ашықтық – әділетті таза қоғам орнатудың, демократиялық дамудың басты шарты. Ал жабық жүйе болып, іс-әрекеттердің бәрін халықтан жасыратын болса, ондай қоғамда ұрлық-қарлықтың өрістеуінен іріп-шіру пайда болып, ақыры құрып тынады. Оның мысалын кеше ғана КСРО-ның кезінде өз басымыздан өткіздік. Жабық қоғам болып, бәрін халықтан жасырған ел ақыры жер бетінен жоғалды.

Демократиялық даму жолын таң­даған Қазақстанның барлық заңдары ашықтықты талап етеді. Бірақ пәлен ай зерттеліп, ойланып, толғанып, қыруар қаражат жұмсалып жасалған, неше түрлі сүзгілерден өткен сол заңдарымыздың көптеген талаптары орындалмай жатады. Соның ішінде ашық қоғамның шарттарын іске асыруды талап ететін «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңның талабын бәрі демесек те көптеген шенеунік ескере бермейді. Тіпті мойындағысы да келмей, көзге ілмеуге тырысады. Негізінен журналистер қауымының сүйенуіне негіз болатын бұл құжатта заңмен нақты тыйым салынбағандардан басқа барлық ақпаратты алуға да болатындығы айтылып, ашық жазылған. Ал осы заңның 9-бабында басқа міндеттерімен қатар «ақпарат иеленуші анық және толық ақпарат беруге міндетті» екендігі тіпті нақпа-нақ көрсетілген. Егер осы талап орындалмаса, мемлекеттік орган заңды бұзған болып саналатыны айқын. Алайда бізде мұндай талапты аттап жүре беретіндер жеткілікті. 

Жуырда үш облыстағы бюджет қара­жатының жұмсалуын бақылау жө­нін­дегі Тексеру комиссиясының жұмыс­тары туралы мақала әзірлемек болдық. Облыс­тық мәслихаттың хатшысы Бубенко Владимир Степановичке хабарласып, бақылау жұмыстары бойынша Тұрақ­ты комиссиялар қандай жұмыс істеп жатыр, есептері бар ма деген едік, бізде барлық тексеру жұмыстарын Тексе­ру комиссиясы жүргізеді. Ал біз олар­дың есебін тыңдаймыз дегенді айтты. Со­нымен бірге қажет болса өзі хабар­ласып, олардың ақпарат беруін сұрайты­нын жеткізді. Аздан соң Тексеру комиссия­сының аппарат басшысы Тимур Тұр­сы­новтың өзі хабарласып, қандай сұрақтарым бар екенін анықтап алды да, ақпараттарды жедел дайындап беруге тырысатынын айтты.

Облыстық Тексеру комиссиясы деген әжептәуір әлеуетті орган. Құрылымына қарасақ бір төрағасының төрт орынбасары (оларды тексеру комиссиясының мүшесі деп атайды екен), аппарат басшысы және жеті бөлімі бар. Жұмысы қызып, бюджет қаражаты жұмсалуының дұрыстығы тексеріліп және оны халыққа жеткізіп, дүңкілдетіп-ақ жататын орган сияқты. Алайда ел газеті «Егеменнің» өзінің «сіздердің жұмыстарыңызды көрсетейік» деген өтініші орындалмады. Бұл не деген жасырын, жабық әрекет екенін әркім өзінше салмақтар.

 Материалдар дайындап беремін деген Тимурдан еш хабар болмай кетті. Телефон соқсам көтермейді. В.Бубенкодан Тексеру комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскиннің телефонын да алған едім, қайта-қайта шырылдатсам, ол да көтермейді. Мүмкін бұл телефоны істемейтін шығар деп, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Тимур Әбдірешовтен екінші телефонын алып, сол нөмірмен хабарластық. Тым-тырс. Ватсаппен хат жазсам да жауап жоқ. Тек бір-ақ рет Тимур төрағадан пәрмен келген жоқ деп хат жазды.

Ақпаратқа қол жеткізбеу – заң бұ­зушылық екенін өзге орган емес, Тексеру комиссиясы ұғуға тиісті еді, өйткені өздері де заңнамалық құжаттардың негізінде қаражаттың дұрыс жұмсалуын тексеретін орган ғой. Алайда олар сол үндемеген қалпы қалды. «Үндемеген үйдей пәледен құтылады» деп ойлайтын шығар, бәлкім?!.

Өзіміз қарастырып көрейік, демо­кратиялық елдің қорғанысы – ашықтық болғандықтан барлық іс-әрекеттері сайттарында тұрған шығар деп оны ашсақ... Атқарылған жұмыс туралы ешқандай ақпарат жоқ. Әрине жылдық есептер бар, соның ішінде 2019 жылдың есебі тұр. Ал бізге керегі ағымдағы жұмыстар, биылғы атқарылып жатқан істер еді. Жылдың аяғын күтпей-ақ өз жұмыстары туралы айтуларына болады ғой. Әлде, соншама үлкен аппараты бар орган 2020 жыл бойы ешқандай мемлекеттік органның бюджет қаражатының дұрыс жұмсалуын тексермеген бе? Тексерсе заңсыз шығындар туралы хабарламай ма? Ондайлар үнемі болып тұрады емес пе?  Әлде... бірдеңелерді жасыра ма?

Негізінен осы күдік дүдәмал ойларға жетелей береді. Ақпарат бермегені сол болуы керек. Олай болса осы органның өзін тексеру керек сияқты.

Жалпы, әріптестердің айтуына қара­ғанда, жалғыз Солтүстік Қазақстан емес, барлық өңірлердегі көптеген мемле­кеттік органдар өздерінің жұмыстарын көр­сетуден қашқалақтайды. Тек жоғарыдан үлкен бастықтар айтса ғана ақпарат бе­ре­ді, ал айтпаса «сен тимесең мен тимен, бадырақ көз» дегендей ештеңе айтпай, бұғып қалғысы келіп тұрады. Осының өзі, жоғарыда айтқанымыздай, біздің қоғамның жасырын, жабық сипатын көрсететін сияқты. Ал жабық жүйенің зардабы – бітеу жараға әкелері сөзсіз. Сондықтан осы тарапта жоғары билік тарапынан пәрменді талап керек-ақ.

Талап демекші, жақында ғана Мем­лекет басшысы Қазақстан халқына Жол­дауында «Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидж­дік іс-шараларға жұмсалатын тиім­сіз шығындар азаматтарымыздың нара­зылығын тудыруда» деген болатын. Жоғарыдағы оқиғадан кейін біздің өңірде де осындай жағ­дай­лар орын алып отыр ма деген еріксіз ойға тірелесің. Сонда облыс шенеуніктері Мем­лекет басшысының Жолдауындағы талаптарға да  немқұрайлы қарайтын бол­ғаны ма?

 

Солтүстік Қазақстан облысы