01 Қараша, 2013

Баға бағамы

262 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Болашақ» бағдарла­­­­­масы адамдық капиталды дамытуға ұмтылған елге арналған үлгі». Осындай бағаны Пенсильвания университеті мен Назарбаев Университетінің бір топ зерттеуші ғалымдары беріп отыр. Олар «Болашақ» бағдарлама­­­сын жүзеге асыруға қатысты мәліметтерге екі жыл бойы сараптама жасап барып, осындай түйінге келген.

«Болашақ» бағдарла­­­­­масы адамдық капиталды дамытуға ұмтылған елге арналған үлгі». Осындай бағаны Пенсильвания университеті мен Назарбаев Университетінің бір топ зерттеуші ғалымдары беріп отыр. Олар «Болашақ» бағдарлама­­­сын жүзеге асыруға қатысты мәліметтерге екі жыл бойы сараптама жасап барып, осындай түйінге келген.

Халықаралық сарапшылар­дың пікірлеріне қарағанда, бұл өркениет жолына түскен елдің адамдық капиталды дамытудың тиімді стратегиясының нәтижесі екен. Мәселен, Пенсильвания университетінің профессоры Лор Пернаның сөзіне назар аударар болсақ, ол бағдарламаның талапты жастарға, кез келген үміткерге қолжетімділігін, берер тағылымын, сонымен қатар, жыл сайын 3 мың адамға стипендия тағайындау елдік іс екенін таратып айтып, «Бағдарлама тек ықпалды саяси қайраткерлермен байланысы барларға (әсіресе, бастапқы мерзімде) ғана қолжетімді болып саналмайды. Мақсат талапты да талантты жастарға жол ашу», дейді. Ол сонымен қатар, 20 жыл бойы жүйелі жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама негізінде стипендиаттардың саны ғана артып қоймай, сапасы да жетілдірілгенін, білім алуға болатын шетелдердің тізімі де артқанын алға тартады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша магистр мен доктор дәрежесін алып қана қоймай, қысқа мерзімде ғылыми сараптамадан өтуге де мүмкіндік туып отыр. Құжаттарды іріктеу ісінде де тың қадамдар жасалды. «Болашақ» бағдарламасы осы уақыт ішінде заман ағымына сай эволюция жолымен бірте-бірте даму мүмкіндігі арқылы адами капиталды жетілдіруге ұмтылған өзге елдерге үлгі болатын үрдіс», дейді профессор Лор Перна.

Шетелдік сарапшылар бұл жобаның елдің экономикасы мен жоғары білім жүйесін реформалау ісіне қосқан үлесіне де тоқталған. Сол секілді, бакалавр бойынша қаржыландыруды тоқтату тікелей шығынды азайтар деген пікірге қарамастан, бұл өзгерістер жеке тұлғалар мен қоғамға әкелер таза пайдасы әлі анық еместігін ой таразысына салады. «Бағдарлама әкімшілігінің бұған қатысты әркез дәлелді түсініктеріне қарамастан, көптеген жұмыс берушілер мен түлектер мұндай шешімді қайта қарау керек деп есептейді. Қазақстанға, әсіресе, жоғары білім жүйесін дамыту жолында философия докторы (hDP) көп қажет екені сөзсіз. Алайда, бакалавриат бағдарламасы бойынша стипендиаттарды қосымша оқыту инновациялық дамуда өз көмегін тигізер еді», – деп есептейді Лор Перна.

Дегенмен, осындай жағдай­ларға қарамастан, бағдарлама соңғы кезде ашық сипатқа ие болғаны анық. Әйтсе де, қаты­сушылардың ауқымында айыр­машылық әлі де болса кездеседі. Талапкерлердің арасында ауыл жастарының үлесі төмен. Ал қалалы жердегі, әсіресе, қар­жылық жағдайы жақсы өңірлерде тілек білдірушілер молынан. Мұны сарапшылар қатысу мүм­кіндігін кеңейтетін ресурстар қолжетімділігінің әр түрлілігінен болуы мүмкін деп есептейді. Осы арадағы олардың меңзеп отырғаны бастауыш және орта білім беру ісіндегі сапа мәселесі екені белгілі. Бұған қарағанда, елді мекендердегі оқу сапасын көтеру қажеттігі айдан анық. Егер елді мекендердегі білім ұяларында оқу үрдісі жан-жақты дамытылса, шетелде білім жетілдіруге талпынатын жастар молая түсері өзінен өзі түсінікті.

Сарапшылар өз зерттеулеріне «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ, Білім және ғылым министрлігі, президенттік бағдарламаны жүзеге асыруды қадағалайтын салалық ведом­стволардың өкілдері, «Бо­ла­шақ» түлектері және оларға жұмыс берушілер сұхбат­тарын пайдаланғанын еске сала кетсек дейміз. Бұл зерттеу қоры­тындысымен осы жылдың қыркүйек айында өткен білім саласын зерттеу жөніндегі Еуропалық конференцияға қатысушылар да танысыпты. Сондай-ақ, осы түйін жақын арада Жоғары білімді зерттеушілер ассоциациясының жыл сайынғы кездесуіне ұсыныл­ғанын, шетелдік белгілі ғылыми журналда басылатынын да айта кеткеніміз ләзім.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар