«Адам мен Ғалам – менің ой ізденістерімнің әлемі мен кеңістігі, мұңым мен үмітім. Жер бетіндегі Бақыт пен Болашаққа деген сенім рухына бөленген ойлар көрінісі. Менің картиналарым адамның жаратқан мақсат-мүддесі мен оның жан-дүниесінің әсемдігіне бағышталған. Суреткер ретінде мені дәуір мен кезеңнің мәңгілік айналымындағы адам рухының күші қуаттандырады.
«Адам мен Ғалам – менің ой ізденістерімнің әлемі мен кеңістігі, мұңым мен үмітім. Жер бетіндегі Бақыт пен Болашаққа деген сенім рухына бөленген ойлар көрінісі. Менің картиналарым адамның жаратқан мақсат-мүддесі мен оның жан-дүниесінің әсемдігіне бағышталған. Суреткер ретінде мені дәуір мен кезеңнің мәңгілік айналымындағы адам рухының күші қуаттандырады. Ой тұңғиығында отырып мен ұзақ уақыт зәбір көрген, сонда да ұлылығын ұлықтаған өз халқыма деген шексіз сүйіспеншілігімді болашақ ұрпаққа жиі аманаттаймын. Шығармаларымда аты аңызға айналған адамзаттың өткеніне құрмет пен жарқын болашағына сенімімді білдіретін ойларым айтылады. Менің жүрегімде мейірімділіктің өшпес отын жағып, халқыма деген сүйіспеншілік алауын жалындатқан атама, анам мен әкеме алғысымды білдіремін. Көп қиыншылықтарды басынан өткізген Ұлы халқым болашақ ғасырда өзінің орнын тапса екен деймін».
Өз бойындағы жаратылыс сыйлаған талантымен халқының қарапайым өмірін көркем бейнемен сомдаған, дарынды талант иесі Қанафия Телжанов жүрек сырын осылай ақтарған еді.
Бүгінгі Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының 1979 жылы көркемсурет факультетінің ашылуының бастауында тұрған бейнелеу өнерінің қайраткері Қ.Телжановтың шеберханасынан көптеген атақты суретшілер тәрбиеленіп шықты. Ол шығармашылық пен ұстаздықты ұштастырып, қазақ бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосты. КСРО-ның халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының корреспондент- мүшесі, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының толық мүшесі (академик), Қазақ КСР-ның Халық суретшісі, Халықаралық жоғары мектеп академиясының құрметті академигі, профессор Қанафия Телжановтың өмір жолы сан қилы.
Қанафия Терімболатұлы Телжанов 1927 жылдың 1-мамырында Омбыда Көкшетау облысындағы Телжан ауылының беделді руына жататын отбасында дүниеге келген. Әкесі Темірболат Мұхамеджанұлы бірнеше түркі тілдерін, сонымен қатар орыс, неміс тілін меңгерген қазақ зиялыларының бірі еді. 30 жылдардағы қазақ зиялыларының басына түскен нәубет Темірболат Мұхамеджанұлын да айналып өтпеді. Ол 1937 жылы алашордалықтармен байланысы бар деген айыппен ұсталып, 1938 жылы Ленинград бойынша УНКВД-ның жоғарғы үкімімен ату жазасына кесіледі. 1941 жылғы екінші дүниежүзілік соғыс Қанафияны анасы Жамал мен бауыры Айшадан ажыратты. Қанафия басқа балалармен бірге Киров қаласының Колково селосына эвакуацияланғанда, Айша Молотов қаласына жөнелтіледі. Анасы Жамал блокода кезінде Ленинградта жау қоршауында қалып қойып, аштықтан қаза тапқан. Осылай бұғанасы әлі қата қоймаған Қанафия Темірболатұлын 15 жасында қатал тағдырмен күресуге мәжбүр болды.
Жастайынан небір қиындықтарды басынан кешірген Қанафия Темірболатұлы тағдырға мойымастан, өнер, білімге құштар болып өсті. Ал, оның бейнелеу өнеріне қадамы Алматы көркемсурет училищесінен басталды. Училищені үздік бітірген ол білімі мен шеберлігін одан әрі жетілдіру мақсатында Мәскеудегі И.Е.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтына түседі. Аталмыш оқу орнын 1953 жылы ойдағыдай тәмамдаған Қанафия Темірболатұлы Алматыға оралып, көркемсурет училищесінде шығармашылық пен ұстаздық өмір жолын бастайды.
Қылқалам шеберінің алғашқы кездерде жазған «Алғаш», «Жамал», «Сабақтан соң», «Әжесі мен немересі» және т.б. шығармаларын көрермен жылы қабылдап, жақсы бағасын береді. 1967 жылы Монреалдағы Қазақстанға арналған күндерде көрменің төрінен орын алған «Жамал» атты картинасын сол жылы Третьяков галереясы сатып алады. Суретшінің қылқаламынан туындаған шығармаларында туған жерге, қарапайым адам тағдырына деген түсіністік пен сүйіспеншілік айқын сезіліп тұрады. Балалық шағынан еміс-еміс есінде қалған дала шөбінің жұпар исіне толы орасан кеңістік суретші шығармашылығының негізгі лейтмотивіне айналды. Суретші шығармашылығында композицияның негізгі шешімі – Әлем мен Адам бірлестігі. Шығармадағы суретшінің жұмсақ жылы түстер батыл жағысты жазу мәнерімен картинадағы біртұтастықты күшейтіп, сенімділік тудырады. Суретшінің бастапқы кездердегі жұмыстарындағы үнсіздік көрерменмен іштей тілдесуді сездірсе, кейініректегі шығармаларында біртіндеп тікелей алаңға анық айқындалады.
Кескіндемешінің «1918 жылғы Қазақстан» атты тарихи тақырыпта жазылған шығармасынан ескі мен жаңа заманның қақтығысын айқын көре аламыз. Композицияда екі заманның көрінісі бейнеленген. Оң жағында топ боп орналасқан қазақ ауылының ақсақалдары мен жастары, ауыл молдасы. Арғы жақтан шаңдатып ауылға бет бұрған қызыл әскер атты жасағына біреулері таңғалып қарап тұрса, ал енді біреулері теріс бұрылып өзінің жаңа өкіметті іштей қабылдамайтынын сездіреді. Композиция телжановтық ұзынша горизонтальды орналастырылып, кеңістікке көп орын қалдырған.
Суретшінің шығармаларында біртіндеп бояу түстері қоюланып, кереғарлық күшейіп, шиеленіскен драмалы картиналар туындай бастайды. Телжановтың 1960 жылғы жазылған «Көкпар» атты картинасын суретшінің шоқтығы биік шығармасы десек қателеспейміз. Бұнда тақырыптың, идеялық астарлы ойы суретші шеберлігімен шыңдалып, динамикалы тамаша көрініс тапқан.
1958 жылы жазылған «Атамекен» – қазақ бейнелеу өнерін құнды картинасымен толықтырған кесек туынды. Қ.Телжанов осы жылдары жазылған «Қарлығаш», «Кеш», «Домбыра үні» атты лирикалық шығармаларында кескіндеменің пластикалық мүмкіндіктерін толық пайдалана білді. Ал 60-70 жылдары жазылған картиналарында адамдардың бейнесі біртіндеп алға қарай жылжи бастайды. Суретшінің бүге-шігесіне дейін жазу мәнері біртіндеп жалпылыққа ауысқан кез еді бұл. Енді шығармаларында қазақ көркем қабылдауына тән сәнділік, өрнекке ұқсастық көрініс тауып отырады. Солардың қатарында 1964 жылы жазылған «Бүркіт салу» картинасын да атауға болады. Бұл композициялық құрылымында ритмді динамикалы шешімін тапқан туынды. 1967 жылдары жазылған «Шабандоздар» атты картинада фигуралар тым кішірейіп, табиғат салтанат құрған.
Кескіндемешінің «Той» (1991 ж.), «Ақ жол» (1966 ж.) атты картиналары неғұрлым түстік композицияға бағынышты. Бұл еңбектерден суретшінің көркем қиялы реализмнен босанып, еркін самғай түскенін аңғарамыз.
Өнертанушы Э. Кон-Винер өнердің дамуын үш кезеңмен қарастырады: конструктивті, сәнді, өрнекті. Осы үш сатылы өнердің дамуы белгілі бір кезеңдерге тура келетін болса, суретшілердің шығармашылық даму жолы да осы кезеңдерден өтетінін байқаймыз. Қанафия Темірболатұлы Телжанов шығармашылығына 50-60 жылдары конструктивтілік, 60-70 жылдары сәнділік, сондықтан да осы кезеңдердегі шығармаларында ритмділік басым, ал одан кейінгі жылдардағы шығармашылық кезеңіне неғұрлым өрнектілік бағыт тән.
Әрине, Қанафия Темірболатұлы Телжановтың өмірі мен шыармашылық жолын бір мақала көлемінде жеткізу мүмкін емес. Ең бастысы, суретші қазақ ұлттық өнерін дамытудың төрінде тұрған нағыз кәсіби суретші және реалистік мектепті құрғандардың бірі. Бүгінде Қанафия Темірболатұлы Телжановтың шеберханасынан тәрбиеленіп шыққан Т.Тлеужанов, С.Байзаков, М.Дүйсенбаев, Ә.Бейбіт, А.Абжанова сынды танымал суретшілер мен ұстаздар аз емес. Демек, Қанафия Темірболатұлы Телжанов – артына өшпес туындылар мен талантты шәкірттер қалдырған аса көрнекті қазақ суретшісі және аяулы ұстаз.
Арыстанбек МҰХАМЕДИҰЛЫ,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры.
АЛМАТЫ.