01 Қараша, 2013

Бұл президенттің құзыры шектеулі

292 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Грузияда жұрт көптен күткен президенттік сайлау өтті. Оның басты ерекшелігі бұрынғы президент Михаил Саакашвили дәуірінің өткенін аңғартқанында еді. Енді бұл лауазымның иесі ел өміріне бұрынғыдай айтарлықтай ықпал да ете алмайды.

Иә, ел биліктің президенттік жүйесінен парламенттік жүйесіне көшкені айқын болды. Оған соңғы жылдарда Саакашвилидің биліктен толықтай ығыстырылғаны айқын мысал.

*Дүбірге толы дүние

Грузияда жұрт көптен күткен президенттік сайлау өтті. Оның басты ерекшелігі бұрынғы президент Михаил Саакашвили дәуірінің өткенін аңғартқанында еді. Енді бұл лауазымның иесі ел өміріне бұрынғыдай айтарлықтай ықпал да ете алмайды.

Иә, ел биліктің президенттік жүйесінен парламенттік жүйесіне көшкені айқын болды. Оған соңғы жылдарда Саакашвилидің биліктен толықтай ығыстырылғаны айқын мысал.Ал президенттік сайлауға келсек, оған қатысқандардың беде­лінен бұрын ол тек елдегі сая­си күштердің ара-салмағын ғана көрсетті десек болар.

Күткендегідей, «Грузин арма­ны» партиясының, оның көсемі, қазіргі премьер-министр Бидзина Иванишвилидің дегені болды – оның адамы Георгий Маргвелашвили жеңіске жетті. Оны қолдап сайлаушылардың 62,1 пайызы дауыс берді. Ал Михаил Саакашвилидің «Бірегей ұлттық қозғалыс» партиясының үміткері Давид Бакрадзе 21,7 па­йы­з, бұрынғы парламент спикері, ресейшіл оппозиционер Нино Бурджанадзе 10,2 пайыз дауыс алды. Бұл – елдегі саяси күштердің ара салмағы.

Сарапшылар, күреске қатыс­қандар да осылай болатынын күні бұрын топшылаған. Бидзина Иванишвили өз адамының 60 па­йыз­дан жоғары дауыс алатынын, одан төмен болса, оны қорлық санайтынын мәлімдеген. Тіпті, бірінші турда жеңіске жетпесе, екінші турға қатыспай қоя­тындарын да айтқан. Біреулер мұны жарнамадай санаса, бұл өзі шындыққа жанасатындай да еді.

Көпшілік жұрт бұл сайлау­ды, олар оған тікелей қатыспағанмен, бұрынғы президент Михаил Саакашвили мен премьер-министр Бидзина Иванишвилидің күресіндей қабылдады. Ива­нишвили жеңді, Саакашвили сол күні-ақ елден кетті. Сондықтан да жұрт жаңа сайланған президенттің сөзіне емес, Иванишвилидің мәлімдемелеріне көбірек құлақ түріп отыр.

Соған біз де құлақ түрейік. «Меніңше, мен айтқанымның бәрін орындадым. Мен әрқашан да саясатта екі жылдан артық қал­маймын дегенмін. Екі жыл екі айда мен бәрін де жүзеге асырдым: авторитарлық үкіметті биліктен аластап, жаңа да жақсы үкімет құрдым. Енді қоғамды дамытумен айналыспақпын...». Иванишвили жаңа президенттің қызметке кірісу салтанатынан соң бір аптадан кейін үкімет басшысы қызметінен кетпек. Ал инаугурация 17 қарашаға белгіленіп отыр.

Расында да, Бидзина Иваниш­вилиді феномен десе де болғандай. Бүкіл билік тұтқасы қолында тұрған, Батыстың, соның ішінде АҚШ-тың қолдауын көрген Саакашвилиді соның бәрінен айы­рып, ел ішінде жаңа тәртіп орнатты. Екі жыл ішінде! Мол қаржының арқасы дер біреулер. Қаржысын босқа шашып, сол билікке жете алмай жүргендер қаншама?! Ал миллиардер Иванишвили сол билікке құмар да емес екен. Жақында одан кетпек, орнын басқаларға ұсынбақ. Мұны да басқалар жасай алмайды.

Ал жаңа президентке келсек, философия ғылымдарының докторы Георгий Маргвелашвили Иванишвили үкіметінде білім беру министрі, сайлау алдында вице-министр болған, айрықша көзге түсе қоймаған қайраткер еді. Сондықтан да оны жеңіске жеткізген Иванишвилидің беделі дейді жұрт.

Әкесін айыптап, ақталмақ болды

Билікке құмарлық не істетпейді, Сириядағы химиялық қаруды қолдану дауынан құтылу үшін президент Башар Асад елде бұл қарудың пайда болуын әкесі марқұм Хафез Асадқа жауып, әлем алдында ақталғысы келді.

Оған себеп: алдағы Сириядағы жағдайды бітім жолымен реттеуге арналған Женевадағы конференцияда билік мәселесі де сөз болады. Ал бітім мәселесі сол билікке тікелей қатысты. Соның алдында Башар Асад өзінің келбетін жақсы жағынан көрсеткісі келеді. Оның бір жолы – елдегі жосықсыздау жағдайға кінәлі етіп әкесін көрсету. Мұны адами тұрғыда сараптағанда, қай ел, қай халықта да ешкім мақұлдай қоймасы анық.

Марқұм Хафез Асадтың Сирияны билеп-төстеген кезін­дегі әрекеттерін ақтау қиын. Таяу Шығыстағы осынау әрқа­шан­да тарихи рөл атқарған елді оның бақайшығына дейін қару­ланған милитаристік мемлекетке айналдырғаны белгілі. Ел байлығы негізінен сол қарулануға жұмсалды. Химиялық қаруды жасақтаған да әке – Асад екенінде дау жоқ. Әскери режімді сақтап тұру үшін қатаң полицейлік жүйе де қалыптастырды.

Сол милитаристік елді де, әскери полицейлік жүйені де әкесінен қабылдап алған Башар Асад ешқайсысынан бас тартқан жоқ. Міне, ол елді 2000 жылдан бері билеп келеді. Әкесінің кейбір «артық кеткен» әрекеттерінен бас тартуына да болар еді. Бірақ оны ойына да алмаған. Қайта оны сақтап қалу үшін жанын салып күресті. Химиялық қаруды қолданбау туралы әлемдік келісімге қосылып, оның көзін жоюға мүмкіндігі көп болды. Бірақ оны пайдаланбады. Ол ғана емес-ау, марқұм әкесі Хафез Асад елде ширек ғасырдай коменданттық жағдай орнатты. Өте сирек кездесетін нағыз тұрпайы, адамшылыққа сыймайтын тәртіп. Одан баласы бас тартқанда, біраз бедел де арттырар еді. Он жыл бойы сол тәртіптің «жемісін» жеді. Тіпті, көтерілген халық оны жоюды талап еткенде де, көпке дейін оған көнген жоқ. Тек өз жағдайы тұйыққа тірелгенде ғана оны жоюға мәжбүр болды. Халық оған көнбеді, енді оның біржола кетуін талап етті. Содан бері елде азамат соғысы жүріп жатыр. Химиялық қару да қолданылды. 100 мыңнан астам адам қаза тапты.

Башар Асад қандай жолмен болса да билікте қалғысы келеді. Оны қарумен ұстап тұру қиынға соғатын түрі бар. Енді әлем алдында кінәні әкесіне артып, өзі ақ болып шығып, «демократиялық жолмен» билікте қалуды жоспарлап отыр. Бұл елде келесі жылы өтетін президенттік сайлауға қатыс­пақ. «Әл-Маядин» телеарнасына берген сұхбатында «сайлауға қатыспай қалудың себебін көріп отырғаным жоқ» деді ол. Бұрын да «халықтың қалауы солай болса», сайлауға қатысудан бас тартпайтынын мәлімдеген.

Әрине, халықтың қалауына қарап, Башар Асад бұдан екі жыл бұрын-ақ биліктен кеткенде, бүгінгідей қан да төгілмес еді, миллиондаған халық босып та кетпес еді. Өзіне күнә да арқаламас еді. Оны халықтың сайлауда қолдай қоюы да екіталай-ау дейсің. Бірақ соғыс жүріп жатқан кездегі сайлау­да бәрі болуы мүмкін.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керридің «ол билікте қалатын болса, соғыстың бітпейтіні анық» дегені бар. Әрине, Керри әулие емес, оның айтқаны заң да емес. Бірақ онда шындық жатыр. Елді қарумен қорғауға болар, ал билікті қарумен ұстап тұру қиын.

Мамадияр ЖАҚЫП,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар