02 Қараша, 2013

Арақтың ойранына тоқтам керек

396 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Оған мемлекеттік бақылау барынша қатаймақ

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстары созылып бара жатқанына назар аударған еді. Атап айтқанда, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізу 2015 жылға сырылғандығын сынаған болатын. Елбасы Үкімет басшысына осы мәселені шешуді және «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстарының барысы жайлы тұрақты баяндап отыру қажеттігін ескертті.

Елбасының осы тапсырмасына сәйкес, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын әзірлеу дереу қолға алынды. Бұл заң жобасында қандай өзгерістер қаралған. Төменде осы жайында баяндалады.

Сын тезіне салынды: қорытынды қандай?

*Үкіметке  сынақ, әкімге – сабақ

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстары созылып бара жатқанына назар аударған еді. Атап айтқанда, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізу 2015 жылға сырылғандығын сынаған болатын. Елбасы Үкімет басшысына осы мәселені шешуді және «көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету жұмыстарының барысы жайлы тұрақты баяндап отыру қажеттігін ескертті.

Елбасының осы тапсырмасына сәйкес, алкоголь айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған заң жобасын әзірлеу дереу қолға алынды. Бұл заң жобасында қандай өзгерістер қаралған. Төменде осы жайында баяндалады.

Алкоголь саудасындағы та­быс жоғары екені белгілі. Оны өндіруде және саудалауда кәсіп­керлердің кейбірі әртүрлі қитұр­қы тәсілдермен заңсыз өнім өн­діруді өрістетеді. Алкоголь сау­дасынан тапқан табыстарын жасырады. Сондықтан, елі­міздегі салаға қатысты заңға тү­зетулер енгізілді. Бүгінгі сөз – заман мен қоғам талабына сай жетілдірілген сол заң туралы.

Әртүрлі бағалауларға қа­ра­ғанда, елімізде алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымы 25-30 пайызды құрайды екен. Мамандардың пікірімен санас­сақ, бұл тым жоғары көрсеткіш. Салық қызметі мен қаржы по­лициясы органдарының қыз­мет­керлері 2011-2012 жылдар аралығында алкоголь өнімінің өндірісі мен айналымына 3 150 рет тексеру жүргізіпті. Нәти­же­сінде, 349 қылмыстық іс қоз­ғалған. 1,9 млрд. теңге сома­сында айыппұлдар салынып, 8 млн. литр алкоголь өнімі тәр­кі­леніп алынған. Сондай-ақ, 7,9 млн. дана қолдан жасалған есеп­ке алу бақылау таңбасы әшкереленіп, 31 өндірушінің лицензиялары жойылып, 15-нің лицензиясы қызметін тоқтатқан. Осыған байланысты этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын реттейтін қолданыстағы заңға бірқатар өзгерістер енгізіледі. Мәселен, спиртті ішімдіктерді сату орындары мен уақыты шектеледі. Алкоголь өнімін көтерме және бөлшек саудада өткізетін субъектілердің жыл сайын лицензиялық алым төлеуі міндеттеледі.

Алкоголь бірінші қажеттілік өнімі болмаса да, тамақ өнімдері сатылатын барлық дүкендерде, сауда үйлері мен базарларда самсап тұр. Салық комитетінің дерегі бойынша олардың саны 46 мыңнан асады. Бұл ахуал халықтың алкогольге ешқандай кедергісіз қол жеткізуіне жол ашуда. Сондай-ақ, бұл жағдай заңсыз өнімнің айналымына да көмектеседі. Мысалы, қалалардағы барлық көпқабатты тұрғын үйлердің астында спиртті ішімдіктер сататын азық-түлік дүкендері бар. Тіпті, кейбірінде екі және одан да көп дүкен орналасқан. Осы орайда, шетел тәжірибелеріне зер салсақ, Францияда алкоголь сатуда 3 мың тұрғынға 1 дүкен, ал Исландияда – 15,9 мың адамға, Норвегияда 30 мың адамға бір дүкен болса, біздің Қазақстанда – 400 адамға бір дүкеннен келеді екен. Бұл жағдай еліміздің халықаралық беделіне және қылмыстың етек жаюына ықпал ететін көрінеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жер шарындағы спиртті ішімдіктерді тұтыну деңгейін айқындау үшін 188 елге арнайы мониторинг жүргізді. 2011 жылдың рейтингісінде Қазақстан 34-орынды иеленген. Еліміздің әрбір азаматы жылына шамамен 5,5 литр таза этил спиртін немесе шамамен 11 литр арақ тұтынады. Нәтижесінде Қазақстан Орталық Азияда ең ішкіш ел болып отыр. Өкініштісі, мемлекеттік органдардың деректеріне көз салсақ, соңғы бес жылда мас күйінде жасаған қылмыстар саны екі еседен аса көбейіп, 13 мыңнан аса фактілерді құрапты. Мастықпен 3,2 мың адам кісі өлтірген. Мұнымен бірге автокөлікті мас күйінде жүргізген 330,0 мың жүргізуші ұсталды. Осы мас жүргізушілер 1,8 мың жол-көлік оқиғаларын жасаған. Нәтижесінде 494 адам қаза болып, 2,5 мың адам әртүрлі жарақат алған. Маскүнемдік көптеген өрт оқиғаларына да себеп болған, салдарынан мас күйінде өртке оранып 1,3 мың адам қазаға ұшыраған.

Салық комитеті 2012 жыл үшін алко­голь өнімін бөлшек саудада өткізетін субъек­ті­лердің қызметіне талдау жүргізіпті. Сөйтсе, лицензиясы бар субъектілердің үш­тен бірінің мүлде алкоголь сатып алмайтыны, қалған бөлігінің күніне бір литр­ден аз сататыны анықталған. Бұл жағ­дай, әрине, адам нанғысыз. Сондықтан, заңға саланы реттеуді талап ететін баптар енгізілсе, осы нарық субъектілерінің са­нын дәл анықтап, оңтайландыруға көмек­те­седі деген үміт бар. Осыған байланыс­ты алкоголь өнімін сату құқығы үшін жыл сайынғы лицензиялық алым белгілеу ұсынылады.

Жыл сайын лицензиялық алым төлеу еуропалық елдермен, бұрынғы ТМД кеңістігіндегі елдерде де бар. Мысалға, Ресейдің салық кодексінде алкоголь өнімін бөлшек саудада сатуға лицензияның әрбір жыл үшін қолданыс мерзімін ұзартқанына байланысты мемлекеттік баж салығы көзделген. Біздің елде осыған ұқсас лицензиялық алым, ойын бизнесі саласында бар. Түсінікті болуы үшін айта кетейік, алкоголь өнімін сату құқығы үшін жыл сайынғы лицензиялық алымды енгізу жаңа лицензия ресімдеуді талап етпейді. Сондай-ақ, спиртті ішімдіктерін көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын объектілердің санын реттеу керек. Өйткені, 1,5 мың көтерме сатушылардың 40 пайызы лицензиясы бола тұра, қызметін жүзеге асырмайды немесе залал шеккенін көрсетеді.

Толықтырылған заңда алкоголь өнімін жанармай құю стансаларында сатуға тыйым салу да көзделген. Бұл ұсынысты Ішкі істер министрлігі де қолдаған. Себебі, тек 2012 жыл мен ағымдағы жылдың бірінші жартысында мас күйіндегі жүргізушілердің кінәсінен 673 жол-көлік оқиғасы орын алып, 160 адам қаза болып, 973 адам қатты жарақаттанған. Сондай-ақ, 69,4 мың мас жүргізуші ұсталған. Расын айтқанда, мұндай тыйым салу Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Премьер-Министр С.Ахметовтің комитетке жолдаған хатында да ескеріліпті. Алкоголь өнімін жанармай құю стансаларында сатуды шектеу Францияда және Германияда бар. Мұнымен бірге, күшті спиртті ішімдіктерді сату уақытын шектеу мәселесі де қаралған. Сату уақытын қысқарту шарасы да Мемлекет басшысының тапсырмасынан туындап отыр. Осыған байланысты мейрамханалар мен кафе және барлардан басқа, жұмыс және демалыс күндеріне бөлмей кешкі сағат 21-ден бастап күндізгі сағат 12-ге дейін күшті спиртті ішімдіктерді сатуға тыйым салу ұсынылады. Тіпті, Швецияда сенбі күндері арақ дүкендерін жабудың нәтижесінде маскүнемдік үшін қамау саны 10 пайызға төмендеген. Бұл жағдай Норвегия мен Финляндияда болған.

Балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан жүз метр қашықта алкоголь өнімін сатуға тыйым салу заңнан алынып тасталмақ. Себебі, прокуратура органдарының талдауына қарағанда, қолданыстағы заң талаптарын қолдану кезінде туындайтын қиындықтар анықталған. Мысалы, қазіргі күні елді мекендерде білім беру нысандары көптеп тұрғызылуда. Жаңа мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің кейбірі жеке кәсіпкерлердің субъектілерінің бірқатары 100 метрлік тыйым салу зонасында қалады екен. Мұндай жағдайда кәсіпкер еріксіз заң бұзушы болып шығады. Сондай-ақ, аталған проблемалар көбінесе кәсіпкер субъектілеріне қысым көрсету құралы да болады. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайды деп санайды құзырлы органдар. Дегенмен, қолданыстағы темекі өнімдерін сатуға тыйым салу сияқты, алкоголь өнімін денсаулық сақтау, білім беру, денешынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық құрылыстар, стадиондар аумақтарында сатуға тыйым салу ұсынылады. Заңда 21 жасқа дейінгі адамдарға спиртті ішімдіктерді сатуға тыйым бар. Тыйымды бұзғандарға қолданылатын жаза мен айыппұл мөлшері заңда көрсетілген.

Десек те, Бас прокуратураның Құқық­тық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне жү­гінсек, тыйым салуға қарамастан, жас­өс­пірімдерге алкоголь өнімін сату азаймаған. Осыған орай, 21 жасқа дейінгілерге алкоголь өнімін сатуға жол бермеу мақсатында «100 метр» жөніндегі норманы алып тас­тап, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекстің 163-4-бабының санкциясын қатаңдату ұсынылады.

Алдағы уақытта алкоголь өнімін есепке алу және бақылау таңбаларының түпнұсқасын анықтау аспаптарын енгізу шарасы көзделіп отыр. Өйткені, шағын бизнесті қолдан жасалған ЕБТ жапсырылған алкоголь өнімін сатып алудан сақтандыру керек. Осы мақсатта – арнайы аспаптардың көмегімен кез келген азамат ЕБТ түпнұсқасына көз жеткізуге құқылы болатын норма енгізілмек. Сөйтіп, алкоголь айналымында көп пайдаланылатын қолдан жасалған ЕБТ-лар әрбір тұтынушының да көмегімен әшкереленіп отыратын болады. Бұл шара контрафактілі және заңсыз өнімнен қорғауға мүмкіндік беріп, алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымын төмендетуге де ықпал етеді деген үміт бар.

Таңбалардың түпнұсқалығын айқындаудың бірқатар тәсілдерін пайдалануға болады. Мысалы, ЕБТ қорғау элементтерін айқындау портативтік аспабы – детекторлардың көмегімен, ал штрих-кодын сканерлеп, смартфон, планшет және т.б. қолданумен анықтауға болады. Бұл ретте бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуді уәкілетті орган жүзеге асырады және кез келген пайдаланушыға тегін көшіру үшін мүмкіндік жасайды. Нақты айтқанда, уәкілетті органның порталы арқылы, тұтынушы сатып алған өнімнің ЕБТ нөмірі мен сериясын жазатын және таңбаның түпнұсқа екеніне көз жеткізе алатын сервис берілетін болады. Кеден одағы елдерінің тәжірибелері де аталған норманы енгізу қажеттігін көрсетіп отыр.

Жетілдірілген заңда алкоголь өнімін өндірушілерге қойылатын талаптарды қатаңдату шарасы қарастырылған. Онда этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілу көлемін бақылау үшін жаңғыртылған есепке алу және бақылау аспаптарын пайдалану айтылған. Себебі, бұрынғы есепке алу және бақылау аспаптары қазіргі талап үдесінен шықпай отыр. Бұған қоса, Дүниежүзілік банктің көмегімен Салықтық әкімшілендіруді реформалау жобасы шеңберінде кәсіпорындардағы акциздік посттарды таратуға және уәкілетті органға өндіріс көлемі туралы деректерді автоматты түрде беруді қамтамасыз ететін жүйелерді енгізу ұсынылып отыр.

Этил спирті мен арақ өндірушілер үшін өндіріс қуатын пайдаланудың ең төменгі пайызын белгілеу шарасы да аталған заңда тәптіштеліпті. Бүгінде елімізде этил спирті мен алкоголь өнімін өндіретін 39 кәсіпорын бар. Олардың барлығы шығаратын өнімнің 80 пайызы 7-8 кәсіпорынның үлесінде. 2012 жылғы этил спирті мен алкоголь өнімін өндірушілердің қызметін талдау нәтижесі бойынша спирт өндірушілердің 60 пайызы өндірістік қуатының 30, арақ өндірушілердің 70 пайызы өндірістік қуатының 20 пайызынан азын пайдаланатыны анықталды. Бұдан шығатын қорытынды спирт және арақты заңсыз жолмен өндіреді деген ойға жетелейді. Өйткені, кез келген кәсіпорынның бизнес-жоспарын жасаған кезде қуаты, шығару және өткізу мүмкіндігі, одан түсетін табыс-пайда көлемі белгілі болады. Бұған зер салсақ, заңсыз өнім шығарып жатыр ма деген күдік туады. Осыған байланысты этил спирті мен арақ өндірушілерге өндіріс қуатын пайдаланудың ең төменгі пайызын белгілеу ұсынылды.

Түзетіліп, толықтырылған заң жобасында барлық жазаны қатаңдату көзделген. Бұл шаралар заңнамамен белгіленген жаза мақсаттарының жүзеге асуына көмектеседі. Сөйтіп, алкоголь рыногын оның заңсыз субъектілерінен арылуға септігін тигізеді.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар