02 Қараша, 2013

Шенеуніктер неге икемсіз?

350 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мәжілістегі белсенді депутаттардың бірі, елдегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне қозғау салып, Үкіметке қайта-қайта сауал жолдап жататын Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ Елбасының кеңейтілген Үкімет отырысында айтқан сынын толық қолдайтындығын білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жұмысында елеулі кемшіліктер баршылық.

– Соңғы кездердегі кейбір сауалдарым туралы ғана айтып кетейін. Бәрі туралы айтуға мүмкіншілік жоқ, өйткені, олар өте көп және мен бір аймақтың ғана мүддесін көздеген жан емеспін, еліміздің барлық өңіріне ортақ, жалпы, мемлекеттік проблемаларды көтеретін сауалдар ғана жолдаймын.

Мәжілістегі белсенді депутаттардың бірі, елдегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне қозғау салып, Үкіметке қайта-қайта сауал жолдап жататын Тұрсынбек ӨМІРЗАҚОВ Елбасының кеңейтілген Үкімет отырысында айтқан сынын толық қолдайтындығын білдірді. Оның айтуынша, мемлекеттік органдар жұмысында елеулі кемшіліктер баршылық.

– Соңғы кездердегі кейбір сауалдарым туралы ғана айтып кетейін. Бәрі туралы айтуға мүмкіншілік жоқ, өйткені, олар өте көп және мен бір аймақтың ғана мүддесін көздеген жан емеспін, еліміздің барлық өңіріне ортақ, жалпы, мемлекеттік проблемаларды көтеретін сауалдар ғана жолдаймын.Соның ішінде, мысал ретінде айтар болсам, Үкіметке Қашаған кен орны туралы сауал бердім. Бұл орынның мұнайы әлемдегі ең сапалыларының біріне жатады. Оның кенін игеру үшін екі жасанды арал жасалған. Қашағанның мұнай қорын қазақстандық геологтар 4,8 млрд. тонна деп отыр. Ал АҚШ-тың барлық барланған қоры 3,8 млрд. тонна ғана. Демек, біздің бір кен орнының өзі барлық Американың қорынан асып тұр.

Мұндай байлығы бар жерге иелік етуге әркім де құштар. Қазір ол жерде «Солтүстік Каспий мұнайын бөлу жөніндегі бірлескен операциялық компания» құрылған. Оның құрамына «ҚазМұнайГаз» және шетелдік Eni, Total, ExxonMobil, Royal Dutch Shell компаниялары 16,81%-дық үлеспен, ConocoPhillips – 8,4% және Inpex – 7,56%-дық үлеспен енеді. Осының ішінен америкалық ConocoPhillips компаниясы 2012 жылы бұл жобадан бас тартып, өзінің үлесін сататынын жариялады.

Соны естіген бойда мен біздің Үкімет сатып алуға тырысар ма екен деп тыпыршумен болдым. Бірақ біздің елдің бұл акцияны сатып алудағы құқы аяқталатын 25 мамыр жақындап қалса да, Үкімет тарапынан еш қозғалыс жоғын көрген соң 8 мамырда сауал жолдадым. Онда осындай тиімді үлесті сатып алудың қажеттігін дәлелдеп, тіпті, оны сатып алатын қаражатты қайдан алуға болатынын айтқан едім. Осы мәселені біршама БАҚ-та қолдап, жариялап жатты. Мен бұл сауалды Үкімет басшысы С.Ахметовтің атына жасаған болатынмын. Ал ол мәселені қарауды Мұнай және газ министрлігіне жолдаған болуы керек, маған осы министрліктің басшысы Ұ.Қарабалиннен жауап келді.

Онда: «Жер қойнауы және жер қой­науын пайдалану туралы» ҚР Заңының 13-бабына сәйкес, Мемлекеттің құқы­ғын жүзеге асыру мәселелері жөнінде ведомствоаралық комиссия отырысы қорытындысы бойынша мынадай шешім қабылданды: Ұсынған материалдарды қарап, «КонокоФилиппс Норт Каспиан ЛТД»-ның 18.11.1997 жылғы Солтүстік Каспий бойынша Өнімді бөлу туралы келісіміндегі иеліктен шығарылатын 10/119 қатысу үлесін мемлекеттің сатып алуы туралы ұсыныс енгізу мақсатқа сай деп есептейді. Өкілетті органға «КонокоФилиппс Норт Каспиан ЛТД»-ның 18.11.1997 жылғы Солтүстік Каспий бойынша өнімді бөлу туралы келісіміндегі 10/119 қатысу үлесін мемлекет атынан «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ты сатып алушы деп анықтауды ұсынады (17.04.2013 жылғы ВАК-тың №3 хаттамасы)».

Жауаптың ар жағында әлі екі абзацы бар, орындаған Ш.Искаков деген қызметкер екен. Әрине, мұндай жаңылтпаш жауаптан бірдеңе түсіне қою қиын. Бірақ мен басқа дерек көздерінен, әйтеуір, ConocoPhillips үлесін Қазақстан жағы жеке алмаса да Қытайдың СNPC компаниясымен бірлесіп сатып алатындығы туралы 2013 жылдың 7 қыркүйегінде келісім жасалғандығын білдім. Бұл да, жартылай болса да, жақсы табыс, әрине. Сөйтіп, біздің сауалымыздан бір нәтиже шықты, сондықтан оны жеңіс деп санаймын.

– Ұлттық компанияларға кадр­лар алудағы ашықтық туралы да бір сауал жолдаған едіңіз, нәтижесі қандай?

– Бұл да сыбайлас жемқорлыққа жол беретін бір түпсіз көз болғандықтан, соған тосқауыл болар ма екен деп жолданған сауал еді. Өзіңіз барлап қараңыз, бізде бюджеттен ақы алатын барлық қызмет орындарына орналасудың тәртібі ашық түрде жарияланады. Соның ішінде мемлекеттік қызметкерлерге, тіпті, кешегі «А» корпусы сияқты басқару қызметтеріне де орналасу конкурс арқылы жүргізіле бастады. Бұл, әрине, дұрыс. Бюджеттің ақшасы – халықтың ақшасы. Сондықтан одан ақша алатын мамандар халық алдында іріктеуден өткізілуі керек. Ал өзіңіз айтқан ұлттық компанияларда бұл жоқ. Сіз, мәселен, «Самұрық-Қазы­на», «ҚазМұнайГаз», «ҚазАгро», «Қа­зақ­стан темір жолы», «Қазтелеком» және т.б. халық қазынасына, халықтан түс­кен салыққа өмір сүретін компания­лар­ға қызметкерлердің қалай алынып жатқанын білесіз бе? Білмейсіз. Өйт­кені, ол халыққа ашық жарияланбай­ды, жұмысқа тұру тәртібін, қалай қа­былданатынын ешкім білмейді. Ал бұлар бюджеттік мекемелер, яғни халықтың байлығы есебінен күн көретін ұйымдар.

Сондықтан, мен олардың жұмысқа қалай қабылдау тәртібін жариялауды талап еттім. Мемлекеттің қатысуымен құрылған барлық заңды тұлғаларға қызметке тұру тәртібін ашық жолмен жүргізу қолға алынсын. Олардың конкурс өткізу тәртібі БАҚ-та жариялансын, кадрлық резерв жасақтау ісі де ашық болсын, қызметке тұрғызу қызметіне бос орындар туралы хабарлау міндеттелсін, деп Үкімет басшысының атына сұрау салдым. Маған берілген жауапта бұл мәселенің орынды екені айтылып, осы сұраулар бойынша болашақта жаңа тәртіптер енгізілетіндігі айтылды. Бірақ, бізде айтылған мәселе сол күйінде қалып қойып та жатады ғой. Сондықтан, біршама уақыт өткеннен кейін мен бұл істің қалай іске асып жатқаны туралы нақты мысалдар талап ететін боламын.

– Сіз осыдан біршама уақыт бұ­рын табыс салығын прогрессивті став­­­камен өсіру, яғни табыс көбей­ген сайын ставканы да арттырып оты­­ру керектігін айтып сауал жол­да­ған едіңіз. Алайда, сіздің сауа­лы­ңыз­ға Қаржы министрлігі бізде са­лық бә­ріне бірдей ставкамен салынады, сол дұрыс деген жауап жібе­ріп­ті. Міне, осы ұстанымды Елбасы Н.Назарбаев та жуырдағы сөзінде сынады...

–Дамыған елдердің бәрінде табыс салығы прогрессивті ставкамен ұсталады. Бізде ол жоқ. Енді Президент сынағаннан кейін бұл мәселеге салық органдары қайтадан оралатын шығар деген үміттемін. Жуырда қозғалтқышының көлемі 4 мың текше см.-ден асатын машиналар мен қымбат құрылыстарға салықты көтеру туралы заң жобасын қабылдадық. Мен бұл заң жобасына қарсы дауыс бердім. Өйткені, барлық экономикалық заңдарда дағдарыс уақытында салықтарды төмендетеді, бізде, керісінше, болып отыр. Бұл дұрыс емес. Сосын 4 мың текше см.-ден асатын қозғалтқышы бар машиналармен тек қана байлар жүрмейді. Кейбір, жолы жаман, жүруі қиын жерлерде де осындай машиналар мінуге мәжбүр ортаңқол адамдар, фермерлер көп. Сондайларға мына салықтың ауыр тиетіні анық. Біз өз халқымызды өзіміз қанамауымыз керек.

– Ұлттық байлығымыздың есебі­нен байып жатқан олигархтардың шетелдерде тіркеліп, сол елдерде ғана салық төлеуіне жол беретін де заңдарымыз бар емес пе?

– Ондай заңдарымыз да, өкінішке қарай, жоқ емес, бар. Мәселен, жуырда Люксембург герцогтігімен қосарланған салық салуды болдырмау туралы қол қойылған конвенция­ны ратификацияладық. Бұл заң, бір қарағанда, қатардағы қарапайым бір халықаралық құжат сияқты. Бірақ оның сыры ішінде, ол олигархтардың салықтан сытылуына жол беретіндей етіп жасалған. Өйткені, Люксембург деген 500 мыңдай ғана халқы бар кіп-кішкентай ел. Бұл да оффшорлық аймақ, яғни салығы төмен ел. Енді біздің ENRC (Табиғат ресурстарының еуразиялық корпорациясы) сияқты компаниялар сонда барып, бас офисін тіркете қояды да, салықты сол жерге төлейді. Ал біз қосарланған салық алмайтындығымыз туралы конвенцияға қол қойғаннан кейін ешқандай салық талап ете алмаймыз. Мен осыны ратификацияламайық деп қанша қарсы болсам да, көпшілік дауыспен ол өтіп кетті. Есесіне, елдегі қарапайым халықты салықпен тұралатып тастамақшымыз.

– СА-NEWS (KZ) біздің 64 олигархқа тиесілі компаниялардың оф­фшорларда отырғанын жарияла­ған еді, енді тағы бір оффшор пайда болған екен ғой. Олигархтардың са­лықтан сытылуына жол бер­ген­діктен бюджеттің төмендеп қал­ған түсім бөлігін арттыру үшін жаңа салық түрлері ойлап табылатын­ сияқты ма?

– Әрине. Бірақ Үкімет оны халықтың есебінен емес, басқа жерден табулары керек еді. Мысалы, біз Ұлттық қордың 60 млрд. долларын шетелдік құнды қағаздарға салып қойдық. Олардан жылына түсетін кіріс 1 млрд. доллар ғана. Ал дәл сол кезде біз шетелден несиелер аламыз, ал оның қолдану шығыны 28 млрд. доллар шамасында. Сонда қараңыз, біздің несиелік кірісіміз 1 млрд. қана болса, шығысымыз 28 млрд. Осындай да бизнес бола ма? Біздің Ұлттық банк елге, мемлекетке жаны ашыса, алдымен, осындайларды қараған болар еді. Одан да өз ақшамызды өзіміз қолданайық. Зейнетақы қоры барынша жетілдірілген Норвегия сияқты елдер солай еткен. Олар жиналған ақшаны алдымен өз экономикасына салған, сосын ғана капиталды сыртқа шығаратын болды. Біздің аграрлы-шикізатты ел екендігіміз осы күні ұмытыла бастады. Бұрынғы Қазақстанның тауар айналымының 70-80 пайызы ауыл шаруашылығы өнімдері болатын. Қазір ол мүлде төмендеп кетті. Сондықтан Ұлттық қордың қаражатын осындай саланы көтеруге пайдалануымыз керек.

– Сауалдар жолдай жүріп, біздің ор­талық басқару органдарындағы шенеуніктердің жаңалыққа, ха­лыққа жеңілдік жасауға тым икемсіз екендігін де көріп жүрген шығарсыз?

– Атамаңыз... Мәселен, мен Астана, Алматы сияқты қалаларда кептелекті азайтуға бағытталған бір сауал жасадым. Ол бағдаршамның қызыл жарығында тізіліп тұрған көліктердің арасынан оң жаққа қарай бұрылатындарына рұқсат беруге қатысты болатын. Мұндай тәжірибелер АҚШ, Германия, Қытай және т.б. елдерде бар. Қызыл жарықта оңға бұрылуға рұқсат беру арқылы бұл елдер кептелекті кемітіп, жанар май шығынын азайтып, тіпті, жүргіншілердің уақытын да 30 пайызға дейін үнемдеуге қол жеткізуге болатынына көздері жеткен. Мен осы мысалдарды айтып, бізге де қызыл жарықта оңға бұрылуға рұхсат беру туралы «Жол жүру ережесіне» өзгеріс енгізуді ұсындым. Біздің шенеуніктер ондайда ептілік таныта қоя ма? Олар баяғыда қол қойылған халықаралық конвенцияға сілтеме жасап, олай өзгеріс жасауға болмайтындығын айтып жауап берді. Бұл конвенция – ұсыныс ретіндегі құжат. Оған жоғарыда аталған мемлекеттер де қол қойған, алайда, өздері де жеңілдік жасап алған. Ал біздің көлеңкесінен қорқатын шенеуніктер ондайға барудан сақтанып отыр. Шынын айтар болсақ, біздікілер тек Ресей осындайға көшсе ғана өзгеріс жасайтын сияқты. Бұл да өздігінен қадам жасауға қорғалақтап қалғандықтың бір көрінісі. Бізде, керісінше, үлкен шығынмен жолды бұзып, оң жаққа өтетін бұрылыс жасау оңай сияқты. Ал ешқандай шығыны жоқ қадамға баса алмайды. Міне, осындай іс-әрекеттер біздің шенеуніктердің икемсіздігін көрсетеді.

Әңгімелескен

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар