Руханият • 15 Қыркүйек, 2020

Ою-өрнек – ұлт ұстыны

2767 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ұлт мәдениетінің эстетикалық мә­нін айшықтайтын қазақтың ою-өрнегі. Талайғы тарихтың таралғысы тұтаса келіп текемет бетіне жайғас­қанда, жүрек көзеңізді біреу қайта шайқап жібергендей күй кешесіз. Жаныңызды балқытып, ілкі заман­ның шежіресін шерткендей болады. Қанша ғасыр аунаса да ұлттық са­намызбен біте қайнасып кеткен нақышты ою-өрнектер баба дәс­тү­­рінің балталаса бұзылмайтын бөлшегі.

Ою-өрнек – ұлт ұстыны

Ою-өрнек – әлемдегі барлық халықтың ішкі мәдениетін көрсететін элементтердің жиынтығы. Көне замандарда қалыптасып, бүгінге дейін өз қасиетін жоғалтпай жеткен ірі мәдениет үлгісі. Халық арасын­дағы шеберлер сәулетті ғимараттар мен киім-кешектерді, қару-жарақты, тағы басқа толып жатқан тұрмыста тұтынатын бұйымдарды зерлеп, әшекейлеп отырған. Төзімділік пен сұлулықты қажет ететін бұл саланың даму барысында әр дәуірдің өз таңбасы бар. Оның үлгісінде әр халықтың ерекшелігі, тарихи келбеті айқын танылады. Ол қазақ халқының ауыз әдебиеті секілді мәдени шежіре.

Ою-өрнектің мыңжылдықтар қойна­уын­да жатуының сырын көне әшекей-бұ­йымдардың сан мыңдаған түрлерінен көруге болады. Әрбір өрнектің өзіндік атауы мен мән-мағынасы болғандығын да үлкендеріміздің аузынан жиі естіп қала­тынымыз бар. Міне, біздің ұлылығымыз осындайдан аңғарылады.

Кешегі кимешек киген әжелердің, ора­мал таққан аналар мен келіндердің қо­лынан шыққан ою-өрнектер қиялдың ұш­­қырлығын байқатады. Бір ғана оюдан қа­­зақтың тарихын сезінуге болады. Ұлт бола­шағын ойлаған әрбір ана қыздарына жас күнінен қолына ине-жібін, тоқыма бізін ұстатып, шеберлік сабағын өткізген. Міне, қыз тәрбиелеудегі басты қағида осыдан бастау алады. Бұл – бүгінгі қыз ертеңгі ибалы келін, асыл жар, аяулы ана атану жолындағы үлкен мектеп. Қолдан жасаған бұйымдары арқылы қыз баланың мінезі аңғарылып тұрады деген пікір де өте орынды айтылған. Себебі, қолөнер бұйымдарының қай-қайсысын алып қарасақ та, арнайы өлшеммен пішіліп, бұрыштарының бірдей болуы тікелей ананың еңбегі екенін аңға­руға болады. Өткен заманда қазіргідей сызғыш, қарындаш сынды құралдарды пай­даланбаған. Осы тұстан біз математи­калық-геометриялық ой-желісімізді де те­рең білгендігімізге көз жеткізе аламыз.

Әсіресе ұлтымыздың қолтума сәндік өнерінде ою-өрнектер көбірек қолданылады. Халықтың географиялық ортасына, әдет-ғұрып, салт-дәстүріне байланысты ою-өрнек үлгілері әртүрлі жағдайда дамып, түрленіп отырған. Сондықтан да қолөнер шеберлері жасаған заттың әрқайсысының қалай әшекейленіп, өрнектелгеніне жіті зер салған жөн. Ою-өрнек өнері ежелгі заманда қалыптасып, дамып, бүгінгі күнге дейін өз қасиетін жоймай, ірі рухани мәдениет үлгісі ретінде сақталып келеді.

Жалпы, ою-өрнек математика сабағы сияқты. Дәлдік, есеп, теңдік, теңеу амалда­рын менгерген абзал. Оған сән мен көр­кем­дікті қосыңыз. Адамды икемділікке тәр­биелеп, дәлдікке баулиды. Әрине, бұл ойдың да өзіндік астарлы мәні бар. Бір оюға қарап отырып, оған неше түрлі теңеу тауып, бірнеше ой қосуға болады. Қазақтың ою-өрнегі бейнелеу өнерінің сәндік үлгісі ғана емес, ол философиялық терең мағынаға негізделген.

Қазақтың ұлттық ою-өрнектері мен оның атаулары көп. Бүгінде ғалымдар екі жүздей түрін ғана анықтапты. Ою-өрнекте көңіл-күй мен сезім тереңдігі болады. Қа­зақ дәстүрлі мәдениетінде жастарға өзі­нің тұрмыс жағдайы мен тәлім-тәрбие ұғым­дарын кілемшедегі нақыштардың мағы­налық ерекшеліктерімен жеткізіп отырған. Шетелдік ғалымдардың «Қазақтар ою-өрнек әлемінде тұрады», деп баға беруі бекер емес. Тіршілігі төрт түлікпен тікелей байланысты көшпелі халқымыздың мал – кисе киімі, ішсе тағамы, мінсе көлігі болған. Олар мал жүнін иіріп киіз үй жасауларын, киімдерін тоқыған, ал сүйегінен, мүйізінен немесе терісін илеп күнделікті тұрмысқа қажетті заттарын дайындаған. Тіпті, малмен байланысты ұғым-түсініктерін ою-өрнектер арқылы бейнелеп отырған.

Біз жоғарыда айтқандай мәдениетіміздің сыртқы көрінісі ою-өрнектеріміз арқылы көрінеді. Ұлттық киімдеріміз – ұлттың ұстыны. Онда бедерленген ою-өрнектер өткен тарихтың жыршысындай. Қарап отырып, қайран қаласыз...