Пікір • 15 Қыркүйек, 2020

Тең құқылық пен жарыспалық әділдіктің кепілі болады

432 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өзінің кезекті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі ретінде «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деп атап көрсетті.

Тең құқылық пен жарыспалық әділдіктің кепілі болады

Мемлекет басшысы одан әрі қарай Жолдауда: «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет.

Азаматтар мүддесіне қыз­мет ететін мемлекеттің жаңа стандарт­тарын әзірлеу үшін көп жұ­мыс атқаруымыз керек. Осы тұр­ғыда құқық қорғау және сот жүйе­леріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет», деді.

Қазіргі таңда құқық қорғау орган­дары мен соттардың жұмы­сында ескінің сарынынан арыла алмай біржақты айыптау жағы­на көп басымдық берілуде. Нәти­жесінде, адамдардың құқықтары бұзылып, негізсіз қылмыстық қудалауға түсіп, сот ісін жүргізуде тараптардың жарыспалығы мен тең құқықтығы қамтамасыз етіл­мей отыр.

Президент атап өткен проблемаларды, яғни сот және құқық қорғау органдарының жұмыс сапа­сын арттыруға, ондағы жем­­қорлықты болдырмауға ке­дер­­­гілердің ең негізгісі ре­тінде қол­даныс аясындағы Қыл­мыс­тық-процестік кодекс­тегі консти­туциялық прин­цип­тер дек­ларативті түрде қарас­ты­рылған, яғни олардың қолдану меха­низмдері мен тетіктері то­лық айшықталмағанын атап өт­кіміз келеді.

Мәселен, Қылмыстық-про­цес­тік кодекстің талабы бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалығы мен тең құқылығы қағидаты негiзiнде жүзеге асырылатыны атап көрсетілген.

Қылмыстық процес­ке қа­тысатын тараптар тең құқылы, яғни оларға заңға сәйкес өз ұста­нымын қорғауға бiрдей мүмкiн­дiк берілген. Шынында да қорғаушы заңда көзделген тәр­тіппен, қылмыстық іс материалдарына міндетті түрде қоса тігілуге жататын, заң көмегін көрсету үшін қажетті құ­жат­тар­ды, мәліметтерді, сондай-ақ өзге де деректерді жинауға және ұсынуға құқылы. Бірақ бұл аталған нормалар практика ба­рысында толыққанды тең құқықтылық пен жарыспалықты қамтамасыз етпейді, керісінше көп жағдайда тергеу – сот практи­касында бұл қағидаттар ескерілмей, құқық қорғау органдары тарапынан айыптау жағына басымдық беріледі. Өйткені аталған кодекстің басқа нормаларында қорғаушының өкілеттігін шектейтін ережелер бар. Сотқа дейінгі өндіріс барысында қорғаушы ұсынған қандай да бір құжаттар, деректер олардың іс материалына тіркелуі тергеушіге байланыс­ты. Себебі тергеуші іс бо­йын­ша дәлелдемелер жинақтап, тір­кейтін жалғыз лауазымды тұлға, ал қорғаушыда мұндай өкілет­тіктің болмауына байланысты ол тек жинақталған құжаттар мен деректерін тергеушіге ұсы­нады. Сонымен бірге қорғаушы ұсынған деректерді тергеуші іс материалдарына тіркемеймін десе, оған оның өкілеттігі де же­терлік. Қорғаушы тергеушінің ше­шімдерімен келіспей, проку­рорға не тергеу сотына шағым­дануына болады, бірақ бұл жағдай практикада көп тиімді нәтиже бере бермейді. Себебі қор­ғаушының өтініші прокурор немесе тергеу сотымен қана­ғат­тандырылғанның өзінде, тер­геуші қорғаушының ұсынған деректерін дәлел ретінде тануға жарамсыз деп шешім қабылдай салуы бек мүмкін Яғни кодексте қорғаушының біршама өкілеттігі болғанымен оларды іске асыру барысы тікелей тергеушінің көңіл күйіне байланысты. Сондықтан тараптардың жарыспалығын, оның сапасын арттыру үшін, бірінші кезекте айыптаушы мен қорғаушы жақтың тең құқылығын шынайы түрде қамтамасыз ету қажет. Ол үшін қорғаушы тарапқа қылмыстық қудалау органдарынан іс бойынша мән-жайларды анықтап, іске маңызды деректерді жинақтауға дербестік беретін өкілеттік беру керек деп ойлаймыз. Сонда ғана жарыспалық принциптің сапасын арттыруға болады.

Алдын ала тергеу аяқталғанда, қорғаушы тараптың өздері жи­нақ­таған дәлелдемелері негізінде қорғау актісін түзіп, бұл құжаттар тергеушімен міндетті түрде іс ма­териалдарына тіркеліп, про­курорға жолдануы тиіс. Сот бас­ты талқылауында айыптау актісін прокурор оқып, ал қорғау актісін қорғаушы оқып, сот тергеуі жүргізілуі қажет. Сонда ғана тараптардың тең құқықтығы мен жарыспалығын қамтамасыз етуге болады. Мұндай олқылықтар мен коллизиялар қолданыс аясындағы Қылмыстық-процестік кодекс­те, өкінішке қарай, жетерлік. Біз тек қана конституциялық не­гізгі принциптердің орындалу барысы туралы сөз қозғадық. Ке­шегі өткен бабаларымыздың Ұлы дала заңына сәйкес, төре бидің шешімі – даугер би мен жақ­таушы бидің базынасы мен уәждерін тыңдап, тепе-тең­дік­ті сақтай отырып, жүзеге асы­рыл­ған. Қоғамдағы ең басты құнды­лығымыз – бітімгершілік пен келісім және тұрақтылық. Ал бұл құндылықтарды жоғалт­пау­дың бірден-бір кепілі – сот пен құқық қорғау органдарына деген қоғамның сенімі.

 

Мансұрхан МАХАМБЕТОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

Nur Otan партиясының фракция мүшесі