Облыстық көпбейінді аурухана маңынан «Бақ – Береке 2030» ЖШС веложол, 6 спорттық ойын алаңын салып, аяқ су каналы, түнгі жарық шамдары мен орындық, қоқыс жәшіктерін орнатқан. Сонымен қатар 20 717 көшет пен, 61 мыңға жуық гүлдер егіліп, 10 450 шаршы метр аумақ абаттандырылған.
Болашақ аллеяда атқарылып жатқан жұмысты қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аралап көрді. Шаһар басшысы мердігер жұмысын жоғары бағалап, жасыл желекті көбейту мақсатында қала тұрғындарын тал көшеттерін отырғызуға үндеу керектігін айтты.
Шаһар басшысы «Жұмыспен қамту жол картасына» сай атқарылған жұмыстарды да тексерді. Қазіргі таңда «Сыр Ана» монументін қайта жаңғырту жұмыстары толығымен аяқталды. «Техноснаска - Ремсервис» ЖШС 3150 шаршы метр аумақты көгалдандырып, 348 дана ағаш көшеттерін отырғызып, 7 900 шаршы метрге газон көгал төсеген. Сонымен қатар, 10 454 шаршы жерге жаяу жүргіншілер жолы мен 2 комплект спорттық-ойын алаңы, 2 су бұрқақ салынды.
С.Бейбарыс көшесінен Қызылжарма каналына дейін 4,6 шақырымды құрайтын магистральді жол құрылысы қарқынды жүруде. «Қыран» ЖШС жоба бойынша күре жол бойына 3 шақырымға жуық веложол мен жаяу жүргінші жолын, 3 автотұрақ, 4 аялдама орнатып, түнгі жарық шамдармен қамтиды. Қазіргі уақытта 1,7 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, дамбы бойын таспен бекіту жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асқан жобаның бірі Нұрсұлтан Назарбаев даңғылын абаттандыру жұмыстары. Сыр сүлейлері аллеясынан бастау алып Тасбөгет кентіне дейін жалғасатын ұзындығы 8 шақырымнан аса жол бойын көгалдандырып, 4 субұрқақ пен тротуар салуды «Асанас - Дар» ЖШС жауапкершілікке алған. Мердігер жоба аясында 180 адамды жұмыспен қамтыған.