Аймақтар • 15 Қыркүйек, 2020

Оқушылар қант диабеті мектебін ашуды жоспарлайды

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Әбілқайыр Ерғалиев пен Жангерей Зинелов қант диабетімен ауыратын балалар үшін өңірде арнайы мектептер құруды ұсынады. Дарындылардың бұл идеясы Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған Dostyk.kz әлеуметтік жобалар байқауында жоғары бағаланып, бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оқушылар қант диабеті мектебін ашуды жоспарлайды

Қызылордалық өрендер қант диабеті мектебін ашуды көптен жоспарлаған екен. Аурудың негізгі себептерін және оларды шешу жолдарын зерттеген олар бұл дертке шалдыққандар үшін ақпараттық материалдардың жеткіліксіз екенін байқапты.

"Өкінішке қарай қазіргі таңда аймақта эндокринолог мамандары тапшы, науқастардың сауаттылығы да төмендігі үлкен мәселе болып отыр. Қант диабеті мектебінде балалар ауру салдарын алдын алу үшін денсаулықтарына бақылау жүргізуді, дұрыс тамақтануды үйренеді және кәсіби кеңестер ала алады", – дейді Әбілқайыр.

Диабет мектебінің ерекшелігі – мұнда келушілер теориялық білім алып қана қоймай, практикалық дағдыларын да арттыра алады. Жоба авторлары осы дертпен ауырғандарға арнайы дәрі-дәрмектер жинақталған медициналық сөмкелер әзірледі. Сондай-ақ оқушылар аурудың алғашқы белгілері, себептері мен салдары, өздері жүргізген зерттеулері нәтижесінде инсулин дозасын есептеу және дерт түріне сәйкес тұтынуға рұқсат етілген қант мөлшері жайында ақпараттық брошюралар жасап шығарған.

"Бұл біздің аймақ үшін ноу-хау. Осы арқылы дертке шалдыққан жасөспірімдерге кездесетін қиындықтарды жеңуге көмектесеміз. Біздің басты мақсатымыз – қант диабеті өмір сүру үшін кедергі емес екенін түсіндіру. Егер жергілікті билік тарапынан қаржыландыру мен қолдау тапсақ, біз өз жобамызды жүзеге асыруға дайынбыз", – дейді Жангерей.