Саясат • 15 Қыркүйек, 2020

Саясат Нұрбек: Қазақстанның байлығы – қазба мен мұнай емес, адами капитал

605 рет көрсетілді

Жақында елордада бірнеше тақырып бойынша форсайттық зерттеулер өтіп, кешегі, бүгінгі және ертеңгі трендтерді анықтап, талқылау арқылы алдағы 10-15 жылдың болжамдық сценарийлері жасалды. Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған Форсайт зерттеулерінің сессиясына модераторлық еткен "Жаңа мамандықтар атласы" ұлттық жобасының жетекшісі, "BTS Education" компаниясының бас директоры Саясат Нұрбекпен осы тақырып бойынша сұхбат өрбіткен едік.

- Саясат мырза, пандемияға байланысты онлайн форматта өткен Форсайт зерттеулерінің сессиялары несімен ерекшеленді?

- Әрине, пандемия өміріміздің әр саласына үлкен өзгерістер еңгізді. Көптеген оқу орындары, мекемелер қашықтықтан жұмыс жасау форматына көшті. Біз де осыған орай форсайт сессияларын онлайн форматында өткізуге шештік. Осыған орай, онлайн форматқа жақын Rapid Foresight әдіснамасын қолдандық. Соның арқасында әр тақырып бойынша жарты күндік 3 сессия өткіздік. "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтының, әріптестеріміздің, қатысушы сарапшылардың арқасында бәрі ойдағыдай өтті деп айта аламын. Жалпы форсайт әдіснамасы әлемде кеңінен қолданылып жатқан тәжірибе. Көптеген дамыған елдер, оның ішінде АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония форсайттың негізінде болашақтағы елдің бейнесін талқылап, өздерінің даму стратегиясын айқындады. Қазіргі таңда Қазақстан да бұл әдіснаманы қолдануды бастап жатыр. Осы орайда форсайт әдіснамасы арқылы "Жаңа мамандықтардың атласы" жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Атлас еліміздің экономикасын құрайтын негізгі 9 сала бойынша (тау-кен, мұнай-газ, энергетика, туризм т.б.) әзірленіп отыр. Жоба нәтижесінде осы салаларда қандай мамандықтар жойылады, қандай дағдыларға сұраныс артады және қандай кәсіп түрлері өзгеріске ұшырайды, нәтижесінде не пайда болатынын анықтаймыз. Бұл біздің жас жеткіншектерімізге, яғни жоғарғы сынып оқушыларына, абитуриенттерге, жас мамандарға кәсіптік бағдарлау құралы ретінде пайдалы болады деген сенімдеміз. Атлас онлайн форматта kz, Edunavigator.kz сайттарында қол жетімді болады.

- Форсайттың соңғы сессиясы «Халықаралық аренадағы Қазақстан» тақырыбына арналды. Осы орайда еліміздің болашақтағы бейнесін қалыптастыруда қандай трендтерді атап өтер едіңіз? Бүгінгі жағдайдағы қандай трендтерді әрі қарай дамытып, қай трендтерден қауіптену керек?

- Форсайттың нәтижелерін әлі де қорытындылау үстіндеміз. Алайда, форсайт сессияларында талқыланған кейбір идеялармен бөлісуге болады. Трендтер туралы айтатын болсақ, бұл бәрімізге мәлім:

- цифрландыруның өсуі (күнделікті өмірде ақпараттық құралдардың кең таралуы),

- урбанизацияның өсуі (халықтың жаппай аулдан қалаға көшуі),

- сыртқы миграция (жастардың шетелге көшіп кетіп-келуі жиілей бастады),

- су ресурстарына бәсекелестіктің күшеюі (әсіресе Орталық Азия аймағындағы),

- елдер арасындағы экономикалық лоббизм (АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы).

Сарапшылардың пікірі бойынша, Қазақстан халықаралық аренада келесі бағыттарда әлемдік нарықта өз орнын табуы әбден мүмкін:

- эко-дала туризм орталығы. Орта Азиялық Италия: дәмді тағамдар және жақсы адамдармен араласу мекені. Дала, экологиялық, этно, ғарыштық туризмнің орталығы. Түркизмнің мәдени орталығы;

- Орталық Азиядағы транзиттік хаб: Қытай мен Еуропаны, Ресей мен Орталық Азия елдерін жалғайтын дәліз;

- Түркизм идеяларына негізделген мәдени орталық: музыка, өнер, кино, және спорт (ұлттық спорт түрлері);

- Орталық Азиядағы аймақтық электр генераторы: мұнай бағасы құлдырауда, ал атомдық энергия мен жаңартылатын энергия көздеріне сұраныс өсуде;

- Диеталық қоспалар, табиғи таза өнімдерін өндіру орталығы (бекіре уылдырығы, жылқы еті, қымыз, апорт, қызғалдақ, қарасора (целлюлоза) және т.б.).

- Жалпы, әлемнің бірқатар елінде білім алып, көптеген мемлекетті көрген азамат ретінде Қазақстанның халықаралық аренадағы жағдайы, абыройына қандай баға бересіз?

- Бұл орайда Қазақстанның даму потенциалы баршылық. Ең бастысы,  біз мемлекетіміздің сыртта қалай көрінуіне тым көп назар аударып қана қоймай, өз проблемаларымызға көбірек назар көңіл бөлсек дұрыс болар еді. Оның ішінде осы пандемияның салдарынан кризисқа төтеп бере алатындай нақты қадамдар жасау. Мысалға айтсақ:

- адами капиталды дамыту арқылы аутсорс қызметтерін атқару;

- агроөнеркәсіпті дамыту арқылы көршілес Қытай нарығына таза органикалық өнімдерді сату.

Мен жетекші болып отырған BTS Education компаниямыз осы орайда бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Біз командамызбен бірге адамның тұрақты дамуының экожүйесін қалыптастыру үшін платформалық шешімдер әзірлейміз. Негізгі мақсат – кез-келген Қазақстан азаматын нарықтағы сұранысқа ие білімге, дағдыға үйретіп, өмір сапасын жақсарту.

- Әлбетте, бүгінгінің басты мақсаттарының бірі – Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруі. Осы нәтижеге жету жолындағы қандай нақты қадамдарды айтар едіңіз?

- Біз өзіміздің мықты тұстарымызды айқындап, соларды дамытуымыз керек. Менің басты сенімім, Қазақстанның байлығы – ол жер астындағы қазба қорларымыз, мұнайымыз емес. Біздің ең басты құндылығымыз – ол адами капитал. Сондықтан еліміздің білім беру жүйесін, әлеуметтік жағдайды жақсарту, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана озық елдердің қатарына қосылуымыз мүмкін.

- 10 күнге созылған Форсайт зерттеулерінің нәтижесін айтып өтсеңіз. Қорытындысы қашан шығады? Ары қарай қандай жұмыстар жүргізіледі?

- Форсайт ол улкен зерттеудің бір бөлігі ғана. Бұған дейін "Қазақстанның болашақ азаматы", "Инклюзивті қоғам және инклюзивті дүниетаным» және «Қазақстан халықаралық аренада" тақырыптарында аналитикалық жұмыстар, сарапшылар сауалнамасы өтті. Форсайттың қорытындысын біз әлі де сарапшылармен бірге талқылаймыз. Негізінен, форсайттың басты мақсаты барлық тараптармен (стейкхолдер) келісілген еліміздің болашақ бейнесін айқындау арқылы жол картасын құру. Кейіннен қоғамдық сананы жаңғырту бағыты бойынша, "Рухани Жаңғыру" бағдарламасына өзгерістер еңгізіп, жаңа серпін беру. Сол бойынша жұмыстарымызды жалғастырамыз.

 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар