02 Қараша, 2013

Ұйымдастыру ұлағаты

330 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде еліміз болып Абылай хан­ның 300 жылдығын дүркіретіп тойлап, хан Абылайдың арманына бүгінгі Қазақстан қол жеткізгендігін айтып, бөрікті көкке лақтырып ұлан-асыр той жасап, елдігімізді насихаттап жатыр­мыз. Дәл осы жылы тәуелсіз еліміздегі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті де өзінің мерейтойын атап өтіп, әлемге қазақ елінің тағы бір даралық, даналық ерекшелігін, артықшылығын дәріптеген еді.

Бүгінде еліміз болып Абылай хан­ның 300 жылдығын дүркіретіп тойлап, хан Абылайдың арманына бүгінгі Қазақстан қол жеткізгендігін айтып, бөрікті көкке лақтырып ұлан-асыр той жасап, елдігімізді насихаттап жатыр­мыз. Дәл осы жылы тәуелсіз еліміздегі Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті де өзінің мерейтойын атап өтіп, әлемге қазақ елінің тағы бір даралық, даналық ерекшелігін, артықшылығын дәріптеген еді. «Той тойға ұлассын!» дейді халық даналығы. Ендеше, бұл сәйкестік те тегіннен-тегін болмаса керек. Айбарлы ханымыздың атын иеленіп отырған ҚазХҚ және ӘТУ – инновациялық үлгідегі халықаралық–адаптивті университет мәртебесін иеленіп, жан-жақты дамып, жаңарып отырған білім және ғылым ордасы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абылай аңсаған азаттық» атты мақа­ласында атағандай, «Айбарлы Абылай аңсаған асқақ арманға, ұлы мұратқа бүгінгі ұрпақ жетті». Еліміз­ді әлемге танытатын қозғаушы фактор­лардың қатарында білім, ғылым ерекше маңызға ие екені даусыз. Олай болса, бүгінде Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ бабалар арманын, даналар ұлағатын ұрпаққа жалғап отырған қара шаңырақ.

Жаңарған Қазақстанда бабалар аңсаған ұлы армандарды дамытып отырған университеттің айқын мақсат, жүйелі жұмыс атқаруы басшыға тікелей байланысты болмағы белгілі. Осы орайда, жетпіс жылдан астам ғұмыры бар тарихи білім ордасының абыройға кенелуінде ұстаз, ғибратты ғалым, тәжірибелі басшы, талантты ұйымдастырушы, филология ғылым­­дарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, Жоға­ры оқу орындары академиясының акаде­мигі, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ ректоры Сәлима Сағиқызы Құнанбаеваның еңбегі орасан зор. Жалпы, қазір қоғамда жастар арасында бірден басшылыққа, жоғары мансапқа ұмтылатын көрініс жиілеп кеткендігін айтамыз. Ал ел зиялылары элитаға қадам басу үшін әр мансаптың бүге-шігесіне дейін меңгеріп, қарапайым жұмыстан лауазымды қызметке дейінгі аралықты жүріп өткен қызметкерден нағыз сапалы маман қалыптасатынын жиі көтеріп жүр. Ғылым жолы да солай, оңай ашыла салатын қақпа емес. Ғылымның ұлы қорғанына ену – соқтықпалы, соқпақсыз жолдармен жүруді, төзімділік пен табандылықты қажет етеді. Дәл осы орайда жас ғалымдарымыз бен мамандарымызға Сәлима Құнан­баева­ның еңбек жолы өнегеге толы. Ол төл университетіне студент болып еніп, күрделі кезеңдерді білімді де білгірлігімен бағындырып ректорлық қызметке жетті. Қазақстанның жоғары оқу орындары әлемнің мамандарымен иық тірестіре алатын қабілетке зор екендігін байқатты. Қазақ жастарының шет тілдерін меңгеру қабілетін, дип­ломатиялық бейімділігін, саяси сауат­тылығын да халықаралық дәрежеде мойындатуда ҚазХҚ және ӘТУ білім жүйесі зор маңызға ие. Елбасы «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасын назарға алып, жастарымыздың тіл меңгеру сауаттылығын арттыруды қолға алып отырған тұста, бұл университет мемлекет үдесіне кадрлар дайындау мәселесін атқарып отыр. Оған мысал, бұл білім ошағының студенттерді әлемнің 14 тілі бойынша мамандандырып отыруында. Сәлима Сағиқызының өзі қазақ-орыс-ағылшын тілінен сауатты әрі жүйрік. Шетелдік әріптестерімен Қазақстан ғалымының ортақ тіл табысып, отандық ғылымымызды дәріп­теуіне де бұл зор мүмкіндік болып отыр. Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ-дің 14 беделді Халықаралық қауымдастықтың мүшесі болуы – қазақстандық ғылым мектебіне зор бедел. Бұл дегеніміз, Қазақстан жоғары оқу орындары оқытушы-профессорлары мен шетелдік профессорлардың санасуын байқатып отыр. Сонымен бірге, Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ халықаралық беделін шетелдік көрнекті ғалымдардың, қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлердің универ­ситеттің құрметті мүшесі, докторы, профессоры атануынан байқауға болады. Бұл университетті тәмамдаған 100 мыңнан астам жоғары білікті маман қатарында – танымал саясаткерлер, ғылыми қызметкерлер, жетекшілер бар. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында біздің түлекте­ріміздің – 600-ден астам маман – тіркел­ген шетелдік 1-22 дәрежелі елшіліктердің өкілетті өкілдерінің корпусын құрағаны да зор мақтаныш.

Білім саласындағы үлестері үшін университет: 2003 жылы «LITTERIS ЕТ ARTIBUS» Австриялық құрмет Крестімен; 2006 жылы Еуропалық интеграцияны дамытуға қосқан үлесі үшін «The United Еurоре» Халықаралық наградасымен; 2005 жылы «Еуропалық сапа» (European Quality) халықаралық наградасымен; 2006 жылы – заманауи қоғамның интеллектуалды дамуына қосқан үлесі үшін Халықаралық «Сократ» (Socrat’s Award) медалі сияқты бірнеше наградалармен марапатталған. Бұл қазақ ғылымына берілген үлкен баға. Ендеше, ҚазХҚ және ӘТУ әлі де талай мерейтойын атап өтетіндігіне сенім зор, ал ең бастысы – қызметтің кез келген саласында сұранысқа ие мамандар даярлайтындығына зор негіз бар. Қарап отырсаңыз, университет мемлекет саясатын толық түсініп, еліміздің дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуінде нендей ұстанымдарымен бой көрсетуі керек деген сауалға нақты бағыт-бағдары айқын. Бұл – басшылықтың ұжым арасында қолайлы қызмет жағдайын жасап, ғылым, білім және тәрбиені біріктіруде нақты талап қоя білуімен ерекшеленетін құбылыс.

Жалпы, әйел адамның басшылықта мұқалмай жүруі – қазақ қыздарының қайраткерлігін әрі мемлекетіміздің әйел азаматтарына деген үлкен қолдауын аңғартса керек. С.Құнанбаева ғылыми-ұстаздық, әкімшілік, қоғамдық жұмыс­тармен қатар тәрбие жұмыстарын да назардан бір шығарған емес. Оның бірнеше жылдардан бері Алматы қаласы әкімдігі жанындағы ана мен баланы қорғау комитетінің төрайымы қызметін атқаруы – тек ұлағатты ұстазға ғана жарасар құнды еңбек. Себебі, ел болашағында ана мен баланы қорғау басым маңыздылыққа ие. Дәл осы тұста Сәлима Сағиқызының ұстазға тән ұлағатты ұстанымын, әмбебап қабілет-қарымын, шебер ұйымдастырушылығын, хан Абылайдың атын иеленіп отыр­ған қара шаңырақтың берекесін кел­тіріп отырған мейірімділігі мен талапшылдығын қатар атап мақтануға болатындай. Ұлы тұлға есімін иеленген қасиетті ордаға тек еңбексүйгіш, күш-қайраты мол, тәжірибелі, ұтымды шешім қабылдап, тиімді қызмет атқаратын және қоғам сұранысына қандай мамандар қажеттілігін толық меңгеріп, түсінген адам ғана басшылық ете алмақ. Сонымен бірге, жарты ғасырға жуық өзі білім алған төл университетінде табан аудармай қызмет ету – білім ордасына деген сүйіспеншілікті әрі зор жауапкершілікті аңғартып тұрғаны мәлім. Жалпы, ұлт тәрбиесі немесе сапалы ұлт, интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеу үшін білім ордалары, соның ішінде жоғары оқу ордалары – тәрбие мектебі. Ал ел болашағы   жастар қолында десек, сол жастардың бойына асыл қасиетті сіңіруде, елін сүюді, адал қызмет етуді, елі үшін еңбек етуді үйрету – басшыға үлкен сын. Көшбасшылыққа ұмтылған әр жас басшыларды өзіне үлгі тұтатынын ескеріп, жастарға үлгі боларлықтай із қалыптастыру бұл ұстаз үшін, тәжіри­белі басшы үшін, өнегелі педагог үшін, шебер көшбасшы үшін – үлкен бақыт. Ал Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін басқара отырып, еңбек нәтижесін ел игілігіне жұмсауды діттеп, сауатты халықаралық дәрежедегі маман даярлап, тәуелсіздігіміздің жарқын болуына үлес қосып отырған – Сәлима Сағиқызы мерейтойына ұлағатты ұстаз, білікті басшы болып жетіп отыр. Қазақ халқы да ел мүддесін ойлаған майталмандарға сүйсінгенде «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демей ме, ендеше, мерейтой иесіне жақсылық, зор денсаулық тілей отырып, ел ертеңіне атқарар ағартушылық және басшылық қызметіне табыс, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Мәрияш ЖҰБАНОВА,

Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар

және әлем тілдері университеті

менеджмент және халықаралық

коммуникация факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар