Жуырда облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жылу беру маусымына дайындық жөніндегі облыстық штаб отырысында жауапты мерзімге әзірліктің жай-жапсары айтылды.
Бірқатар сала басшыларының хабарламаларын тыңдаған облыс әкімі қала, аудандардағы жұмысты бағамдай келе, кейбір мәселелерге уақтылы мән беріп, жұмысты тез арада реттеуді тапсырды.
– Белкөл кентінде жылу құбырларын күрделі жөндеу жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілмей отыр. Барлық жүзеге асып жатқан жобалар 1 қазанға дейін аяқталуы қажет. Жөндеу жұмыстарының барысына арнайы кесте әзірлеп, орындалуы туралы әр аптаның дүйсенбісінде маған баяндауларыңыз тиіс, – деді облыс әкімі сала басшыларына.
Гүлшара Наушақызы аудандарға газ жеткізуді, әлеуметтік нысандарға жылу беруді уақтылы іске асыруды тапсырды. Осы күні Қармақшы, Жалағаш, Сырдария аудандары орталығындағы газ тарату стансаларын пайдалануға қажетті қаржы мәселесі шешілді. Сондықтан да «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалы осы аудандарға газ беруді қаперге алу тиіс.
Жиында облыстағы әлеуметтік сала нысандарының дайындығына арнайы тоқталған аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының жауапты мерзімге әзірлігіне күмәнді екенін айтты. Мысалы, Қазалыдағы аудандық туберкулезге қарсы диспансер мен Сырдария аудандық ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқтала қойған жоқ. Сондықтан денсаулық сақтау басқармасы басшылығы аудан әкімдігімен бірлесе отырып, осы нысандардағы жылу жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуіне мән бергені жөн.
Отырыста облыс әкімі көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру мәселесін қарап, жаңғыртудан өткен үйлерге қатысты қала әкіміне бірқатар тапсырма берді. Сондай-ақ қоймаларға қажетті отын көлемін жеткізуді ширату керектігін айтты. Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы көмір қоймаларында тапшылықтың туындамауын, қыстың көзі қырауда бағаның негізсіз өспеуін қадағалауы керек.
– Алдыңғы жылдары көмір тапшылығы мен бағаның күрт өсуіне байланысты дүрбелең туғанын ұмыта қоймаған боларсыздар. Сондықтан басқарма екі ортадағы делдалдардың жолын кесіп, кәсіпкерлердің көмір өндіруші мекемелермен тікелей келісімшартқа отыруын үйлестіруі тиіс, – деді өңір басшысы.
Коммуналдық саланың басты проблемасының бірі көрсетілген қызмет ақысын жинау екендігі белгілі. Осыған байланысты аймақ басшысы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы мекемелер арасындағы берешек қарыздарды болдырмау шараларын қабылдау керектігін айтты. Ал облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы электр энергиясы тарифінің өсуіне байланысты бюджеттік мекемелердің шығындарын қайта қарауы керек.
Штаб отырысында өңір басшысы облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аймақтық даму бөлімінің инспекторлары 1 қазанға дейін қаладағы және аудандардағы нысандарды аралап, мониторинг жүргізуі қажеттігін де атап өтті.
Қызылорда облысы