Технология • 17 Қыркүйек, 2020

Белсенділендірілген көмір – made in Shubarkol

898 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ERG (Еуразиялық топ) құрамындағы «Шұбаркөл көмір» АҚ тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғысында іске қосу мен жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында белсендірілген көмірдің алғашқы байқау партиясы өндірілді. Кәсіпорынның өнеркәсіптік алаңындағы химиялық зертханада өнімге талдау жасалып, оның сапасы өте жақсы екені расталды.

Белсенділендірілген көмір – made in Shubarkol

«Шұбаркөл көмір» – Қазақ­стандағы ең ірі энергетикалық көмір өндірушілердің бірі. Кө­мір­ді ашық әдіспен өндіретін, сондай-ақ спецкокс және кокс газынан электр қуатын өндірумен айналысатын аталған кәсіпорын жоғары құнарлығы және күлді-­лігінің төмендігі арқылы эко­логиялық жағынан таза энергия тасымалдаушыға жатады. «Шұбаркөл көмір» АҚ кокс-хи­мия­лық цехы негізінде ұсақ кокс­тан тәжірибелік-өнеркәсіптік белсендірілген көмірді өндіру жобасы отандық ғалым-техно­логтар әзірлеген технологияны енгізуді қарастырады. Оның кәсіпорын ғана емес, ТМД елдері аумағында теңдесі жоқ. Жобаны кәсіпорын «ERG ғылыми-зерттеу инжиринг орталығы» ЖШС-мен бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Нысанның өндірістік қуаты – жылына 1 мың тонна белсендірілген көмір.

Жобаның басты мақсаты – импортты алмастыру мәселесін шешу. Белсендірілген көмірді қолдану саласы өте кең: гидроме­таллургиялық, алтын қазу, фосфат өнеркәсібі, су тазарту. Бүгінгі таңда аталған өнімге сұраныс жоғары болғанына қарамастан, (жылына 7 мың тоннадан артық) барлық белсендірілген көмір Қазақ­станға шетелден жеткізіліп келеді.

– Шұбаркөлдік белсен­дірілген көмірдің басты артық­шылығы – шикізат ретінде арзан­ кокс ұса­ғын және энергия тасымалдаушы ретінде жағылатын кокс газын пай­даланатындықтан өзіндік құны төмен болып келеді. Бұл жағ­дай өндіріс қалдықтарын кәдеге жарату іспетті өте маңызды мәселені шешуге септеседі, – деді «Шұбаркөл көмір» АҚ опера­циялық тиімділік бөлімінің басшысы Александр Лапшин. – Соны­­мен қатар осы технология бойын­ша алынған белсендірілген көмір нарықтағы барлық өнімнен еш кем түспейді. Бірақ өзіндік құ­ны негізгі бәсекелестерінен 1,5-3 есе­ге дейін төмен.

Іске қосу мен жөндеу жұмыс­тарына «Шұбаркөл көмір» АҚ мамандарынан бөлек, жобаны ғылыми-техникалық тұрғыдан «ERG ҒЗИО» ЖШС және «АимЛаб» ЖШС мамандары сүйе­мелдеді. Қашықтықтан қо­сы­лу арқылы жабдықты жасап­ шыққан өндіруші-зауыттың «Сплайн-М» ЖШҚ (Ресей Феде­рациясы) мамандары да жұмысқа жұмыл­дырылған.

Кәсіпорын стандартын алу үшін белсендірілген көмірдің тәжірибелік үлгілері тәуелсіз зертханаға тапсырылды. Келесі кезең – «Шұбаркөл көмір» АҚ-та белсендірілген көмірді өндіру мен өткізуді бастауға мүмкіндік беретін сапа сертификатын алу.

Шұбаркөл мамандары әзір­ле­ген жобаны оңтайлы пай­даға жарату кәсіпорында жаңа жұмыс орындарын ашуға мүм­кін­дік береді. Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер шыға­ратын өнім үлесін көбейтеді.

Елеулі қосымша құны бар өнім өндірісі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған әртараптандырылған технологиялық экономика құру тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылады.