Біріншісі, мемлекеттік басқаруды жаңаша жүзеге асыру.
Жолдауда Президент жаңа үлгідегі мемлекеттік басқаруды құру қажеттілігін және осы саладағы реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыру керек екенін айтты.
Әлбетте, мемлекеттің тиімді іс-қимылы мелекеттік аппараттың жұмысына тікелей байланысты екені түсінікті. Осы орайда жергілікті және орталық басқару органдарын ойы да, білімі де толысқан мамандармен толықтыру қажеттілігі туындайды. Мемлекеттік қызметке жоғары білікті, жауапкершілігі мол, ынталы мамандар келуі шарт және мемлекеттік органдар мамандарды қызметке тартуға мүдделі болуымен қатар, осындай қызметке мамандардың ұмтылуын да мүдделі ету керек.
Мемлекеттік аппараттың тиімді қызметін іске асыру үшін, жергілікті және орталық органдар өзара тиімді іскерлік қарым-қатынасты жолға қоя білгені жөн. Себебі көп мәселе осыған келіп тіреледі. Министрліктер мен әкімдіктер жұптасып, жұмыла қызмет істесе, түсініксіз жағдайлар орын алмайды. Мысалы, Парламент қабырғасында заң қабылдау уақытында кейде мынадай жағдайлар кездеседі. Заң мәтінімен таныса отырғанда, кейбір нормалардың, заң жобасын ұсынушы органдардың жергілікті әкімдіктермен заңды орындау шарттары жеткілікті түрде келісілмегенін байқаймыз.
Егер заң жобасын дайындау барысында, мемлекеттік орган тиісті жергілікті немесе өзге де салалармен тікелей байланыста болса, заң күшіне енгеннен кейін, оның жұмыс істеу шарттары жан-жақты қаралып, тиімділігі белгіленуші еді. Өкінішке қарай, заң қабылданғаннан кейін, іс жүзінде кейбір нормалар жұмыс істемей қалады. Өйткені заң жобасын дайындаудағы процесс тараптардың келісуі арқылы жүргізілмеген болып шығады.
Өңірлерден Парламентке арызданған хаттар жиі келеді. Сондықтан мемлекеттік басқару барлық мемлекеттік және мүдделі органдардың өзара келісімді әрекеті жолға қойылғанда ғана тиімді болатынын ескерген абзал. Сонымен қатар Президент медицина саласының мәселелеріне кеңінен тоқталды. Олардың қатарында халықтың жиі көтеретін сұрақтарының бірі – ауылды елді мекендерді медициналық көмекпен қамту. Ол туралы Президент шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсетуді, барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты.
Әрине бұл ауыл тұрғындары үшін, жақсы жаңалық, өйткені осы жылғы шілде айындағы өңірде өткен кездесулерде, Қоғамдық кеңес мүшелері және аудандық мәслихат депутаттары, осындай көкейкесті мәселелер туралы сөз қозғап, оң шешімін табу мүмкіндіктерін қарастыруды өтінген еді.
Бұл мәселе, бірталай аудандарда, ауылды елді мекендерде шешімін таппай жүрген күрмеуі қиын мәселе болатын. Белгіленген бағыт бойынша ұлттық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі жасалатын шаралардың шалғайдағы ауылдарды айналып өтпейтіндігіне сенемін.
Осы орайда Маңғыстау облысында 10 жыл бойы қордаланған мәселені де айта кетуді жөн санадым. Маңғыстау облысы бойынша ең ірі аудандардың бірі болып саналатын Ақтау қаласына іргелес жатқан Мұнайлы ауданында әлі күнге дейін өзінің жеке ауруханасы жоқ. Бұл ауданда қазіргі таңда 170 мыңнан астам халық тұрады және бала туу көрсеткіші жыл сайын өсуде.
Халық саны көп осындай аудан 10 жыл бойы министрліктің де, облыс, аудан әкімдерінің де назарынан қалайша тыс қалған?
Бүгінгі таңда, аудан орталығына көпсалалы аурухана салу жөніндегі тиісті бюджеттік өтінім жобаны қаржыландыру үшін Денсаулық сақтау министрлігіне жолданған.
Біздің есебімізше, ауданнан 150 орындық орталық аурухананың құрылысы басталуы керек. Бұл туралы тиісті депутаттық сауал Премьер-Министрдің атына жолданды.
Пандемия кезінде, медицина саласына үлкен ауыртпалық түсті және аудан мен ауыл тұрғындары медициналық мекемелердің аздығынан, не жоқтығынан қиындықтарға ұшырады. Сондықтан мұндай үлкен ауданда тиісті аурухана салу кезек күттірмес мәселе деп есептеймін.
Тағы бір өңірлерде көтеріліп жүрген сұрақтардың бірі ол – білім саласы төңірегінде жаңа оқу процестері туралы, қашықтан оқытуға байланысты интернетке қолжетімділік пен дайындық.
Президент бұл салада да жағымды жаңалықтармен серпілтті.
Жолдауда білім саласына тағы да тоқталып, онда санитарлық талаптарды және өткен тоқсандағы қашықтан оқытудағы жіберілген қателіктерді ескере отырып, Үкіметке толыққанды функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу керектігін және сапалы білім берудің қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшу тәртібін де әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар білім саласындағы басты мәселелердің бірі ұстаздар жалақысының аздығы болатын. Осы орайда, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап ұстаз жалақысы 25 пайызға өсетіні қуанышты хабар болып отыр.
Жолдау өте ауқымды, көпсалалы және әр бағыт бойынша нақты іс-шаралар кешені толық қамтылған. Енді тек Қазақстан халқы бір серпіліп, осы белгіленген стратегиялық межелерді орындау үшін жұмыла жұмыс жасауы қажет деген пікірдемін.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, EQ
Бақтыбай ШЕЛПЕКОВ,
Парламент Сенатының депутаты