Осыдан үш күн бұрын "Егеменнің" сайтында Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжановтан алынған ақпараттан өңірдің оңтүстік-батыс түкпіріндегі кейбір ауылдарда құс қырылуы фактысы болғандығы туралы жазғанбыз. Б.Әлжанов 700-дей құстың қырылғанын және бәрінің симптомдары ұқсас екенін айтқан болатын. Қырылған құстың бәрі жиналып, өрттеліп жіберілгені де айтылған. Алайда ол зертханалық сараптың қорытындысы шыққанша қырылудың нақты себебі неде екенін айта алмайтынын жеткізген.
Енді бүгін зертханалық сараптың қорытындысы шығып, ол туралы журналистерге Ауылшаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және байқау комитетінің Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясының жетекшісі Марат Ыбыраев баяндады.
Оның айтуына қарағанда облыс аумағында құс тұмауы шыққан. Зертханалық сараптың дәлелдеуіне қарағанда құстардың қырылуының себебі сол. Осыған байланысты облыс аумағының 7 ауданына қарайтын 10 елдімекенде карантин енгізіледі және бұл туралы облыс әкімдігіне тиісті құжат жіберілген.
Карантиннің шартына сәйкес адамдар мен көліктердің қозғалысына барынша шектеу қойылады. Карантиндік зонаға енетін немесе шығатын автокөліктердің дөңгелектері қатаң дезинфекциядан өткізіледі. Осы талаптарды орындаған өмірлік қажеттіліктерді атқаратын қызметтер, құқық қорғау органдары, медициналық және ветеринарлық қызметтердің көліктері зонаға емін-еркін кіріп шыға алады. Алайда карантин аймағынан тірі құстар және сойылған құс етін, тіпті оның мамықтары мен тамақтарын алып шығуға толықтай тиым салынады.
Сонымен бірге карантин аймағында тұмаудың белгісі бар құстар толығымен жойылып, еттері өрттеледі. Бұл процедураны республикалық эпизоотикаға қарсы отрядтың мамандары атқарады. Олар жою барысында құстардың саны, жасы, түрі көрсетілген хаттамалар толтырады. Артынан осы құжаттар жойылған құстардың құнын бюджеттен өндіруге негіз болады. Мұндайлар арнаулы комиссияға ұсынылып, олар құс бағасының рыноктық орташа бағасы көлімінде өтемақы белгілейді. Ал ауырмаған құстардың бәріне вакцина егіліп, олар ветеринар мамандардың бақылауына алынады.
Карантин аймағы үш қабатты зонамен қоршалып, оларда да эпизоотикаға қарсы шаралар жүргізілетін болады. Карантин уақыты соңғы ауру құс табылғаннан кейін 21 күн өткеннен кейін ғана аяқталады.
Құс тұмауы – дегеннің өз,і мамандардың айтуына қарағанда, А типті тұмау вирусы штаммдарының бірімен байланысты құстар мен адамның вирусты инфекциясы. Бұл инфекцияны құстардың көптеген түрлері қабылдағыш. Көбінесе оны ұшып келген таратушыдан үй құстары - тауықтар, күрке тауықтар, қаздар және үйректер тез жұқтырып алады. Адам құс тұмауы вирусын жұқтыруда соңғы буын болып табылады, осы күнге дейін осы вирустың адамнан адамға жұғуы тіркелмеген. Алайда құс еті мен одан жасалған өнімдер әбден қайнатылуы немесе қуырылуы керек. Құс етін қалыпты температурада пісіру кезінде вирус өледі. Тұтынушылар құс етінен жасалған тағамның толық дайын екендігіне көз жеткізуі керек, яғни "қызғылт" бөліктері болмауы керек. Жұмыртқаларды да сұйық сарысын қалдырмай пісірген дұрыс.
Инфекция жұқтырған адам болса оның алғашқы белгілері үш күннен аспай пайда болады. Белгілері - кәдімгі тұмау белгілеріне ұқсас: дене қызуының көтерілуі, қалтырау, бұлшық еттің ауырсынуы, жөтел және тамақтың ауыруы түрінде болып келеді. Тіпті өкпенің ісінуі, геморрагиялық өкпе қабынуының туындауы мүмкін. Сонымен қатар тамырлар жұмысының бұзылуы, көп реттік сұйық су тәріздес іштің өтуі, көп ретті құсу, мидың ісінуі мүмкін. Құс тұмауы кезінде адамдарды емдеу - адам тұмауының еміндей болады.
Құс тұмауының алдын алу үшін үй құстарыныңжабайы құстармен қатынасуын болдырмай, бөлек қамауда ұстау ұсынылады. Құс өсіретін шаруашылықтарға құс тұмауы жоқ аймақтардың ғана құстарымен толықтыру ұсынылады. Үй құстарын ұстайтын қораларда міндетті санитариялық жағдайларды – әрдайым тазалауды, зарарсыздандыру шараларын қамтамасыз ету қажет. Құстарды бағуға арнайы киім мен аяқ киімдерді қолданып, оларды тазалап, жуып отыру керек.
Солтүстік Қазақстан облысы