Жақсы жандарға жолыққан Жадиева
Гүлжанат Жадиеваның бала кезгі арманының жүзеге асуы біраз жылды керек етіпті. Кішкентайынан сурет салуды, әлдене тігуді жақсы көрді. Қиялымен қолынан шыққан дүниелерді жұрт алдына шығарғанда ел қызықтап қол соғып тұрса, алғысын айтса, жаппай тұтынса, жарастырып кисе деп армандады. Бірақ бұл ойын ата-анасы құптамады.
– Қой, қызым, тұқымымызда тігіншілікпен тіршілік еткен адам жоқ. Сенің бұл ісіңді қолдап көмектесетін қаражатты қайдан табамыз? Одан да Қызылорданың педколледжіне барып, мұғалім бол, – дейді. Шеше сөзін екі етпеген Гүлжанат арманын жиыстырып, мұғалімдік жолға түсті. Тұрмысқа шығып, балалары өмірге келгенде жұбайына елде жұмыстың реті болмай 2013 жылы елордаға қоныс аударған екен. Ал тігіншілікке келуіне декретте отыруы себеп болыпты.
– Жалпы, қарекетсіз отырғанды қаламаймын. Сол уақытта тапсырысқа торт пісіріп саттым, одан әлеуметтік желіден біліп, ақтаулық Нұрлы Қабулова есімді қыздан онлайн құрақ көрпе тігуді үйрендім. Нұрлы бейнесабақтар көрсетеді, одан тапсырма береді, кері байланыс арқылы жасаған тапсырмаңды көрсетесің, осылайша құрақ көрпе тігудің қыр-сырын оқып алдым, – дейді ол.
Сөйтіп жүргенде бір күні балабақшадан тапсырыс алып, бұл іспен айналысып табыс табуға болатынын, жаны қалайтын еңбек екенін ұқты. 2017 жылы Гүлшарат Жұбаева астанаға шеберлік сабағын өткізуге келді. Курстан өту 30 мың теңге тұрады. Тек көпбалалы анаға арналған тегін 3 орын бар екен. Балаларының арқасында тегін оқуға жазылған ол Гүлшараттың қадағалауымен бір көйлек пен қамзол тігіп шықты. Кейіннен Гүлшарат Қазақстан бойынша курстан өткен қыздардың басын біріктіріп ортақ чат ашты. Ол жерде де бір-бірінен сұрап, кеңесіп отыруға болады. Осылайша Гүлжанат көрпе тігу машығын тереңдетіп білмекке тағы да алыста жатып білгенін үйрететін тағы бір жақсы жанның сабағына қатысады. Ол семейлік Назым Қадырова болатын. Қазіргі құстың қос қанатындай, қанаттаса еңбек етіп жүрген құрбысы Рабиғамен осы көрпе сабағынан өтуде танысады.
Қолынан шыққан бұйымдарын әлеуметік желіге салып, елге көрінуі Гүлжанатқа жаңа тапсырыстар әкеледі. Бірақ оның іс тігетін машинасы да жоқ еді. Бірде әжептәуір қомақты тапсырыс түсті. Содан Рабиғаның мәшеңкесін жалға алып тігіп, 5 күннің ішінде тапсырысты орындайды. Осы жеделдігімен құттықтаған қыз-келіншектер қалай тіккенін сұраған екен. «Мәшеңкені жалға алып тігіп шықтым» дегенін естігенде Гүлшарат: «Қыздар, әрқайсымыз 1 мың теңгеден шығарсақ, 100 мың теңгедей қаражат жиналады, қалғанын өзі қосар, көмектесейік», дейді.
– Өмірі жүзін көрмеген ортақ чаттағы қыздар үш күн ішінде 90 мың теңге жиып беріп, қалған 70 мың теңгесін өзім қосып алғашқы мәшеңкеме қолым жетті. Қуанышым қойныма сыймай, қызықтап айналасынан шықпайтынмын, әйтеуір жүрген жерімде жақсы адамдарға жолығамын, – дейді Гүлжанат.
Сөйтіп жеке мәшеңкесімен іс тігіп жүргенде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бизнес бастау» атты бір айлық курс өткізетінін көреді. Осы курста оқыған ол 500 мың теңге грант алады. Бұл қаражат Гүлжанаттың арман-қиялында жүрген тігіншіге қажетті күрделі операцияларды орындайтын жаңа мәшеңке мен 48 размерлі манекен және өндірістік үтік алуға мүмкіндік береді.
Қордайдан қанат қаққан Рабиға қыз
Рабиға Өтепова Қордайда туыпты. Жұбайы әскери адам, қазір зейнеткер. Сондықтан да еліміздің көптеген өңірінде еңбек еткен. Әуелде кәсіптік-техникалық колледжде тігіншілікті игерген Рабиғаның бұл істе қаланған іргетасы бар. Алайда қазіргі күні бұрынғы білгенімен отырып қалуға бола ма, соны жетілдіремін деп жүріп, бір жылғы төл – Гүлжанатпен танысып, жарасып кеткенін байқамай қалды.
– Біздің отандық шеберлерде оқуды қалта көтере бермейді. 300 мың теңгеден төлеп, оқып шығу оңай ма? Көбіне мүмкін емес. Сондықтан «Атамекен» ҰКП көрсеткен көмекке разымыз. Негізі елордада әділдік бар. «Атамекен» бизнес жоспарыңды дәлелдесең грант береді, қайтарымсыз несиесі де бар. Әуелгі жолыңнан ауытқымай, берген қаражатты тойға, иә басқаға жұмсап жібермей, жұмыс жүргізгеніңді көрсетіп отырсаң болды. Ал өңірлердегі қыздарға өте қиын. «Бармақ басты, көз қыстымен», таныстықпен бөлінеді деп жылайды. Гүлжанат екеуміздің бағымызға Нұр-Сұлтанда тазалық бар, көзі жанып тұрған, ынталы жанға қолұшын беретінін байқадық. Жуырда «Атамекен» алда 5 жылдық жоба бар екенін айтып, соған қатысуға шақырды. Оған инновациялық бизнес жоспар қажет. Ал біздің қиялымыз инновацияға жетіңкіремей тосылыңқырап отырмыз, – дейді Рабиға.
Бірер адамға болса да табыс тауып, жұмыссыздықпен күресетін осындай игі іс алдағы күнге үміті мен сенімін нығайтты. Қазір шеберхана есігі бір жабылмайды. Барлығын тігеді. Сырт киім, үй жабдығы дейсіз бе, көйлектердің сан түрін, ерлер киімдерін тігеді, өңдеу (реставрация) жасайды. Бір келген жанның қайтып соқпайтыны жоқ. Тіпті үнемі тіктіріп киетін клиенттер базасы да қалыптасты.
– Күйеуім қазір зейнеткер, 3 баламыз бар. Гүлжанат 5 баласын Қажымұқанда қалдырып алыстан қатынаса, мен жақын жерден еңбектенемін. Бәлкім көп жылғы елдің түкпір-түкпірінде жүрген күндердің өтеуі болар, – деген Рабиға қарекетті қолдайтын адамдар бірігуінің үлкен күш екенін айтып берді.
Яғни, тігінші қыз-келіншектердің ортақ чаты сондай орта болып қалыптасыпты. Бұрын апта сайын 1 мың теңгеден салса, қазір айына 5 мың теңгеден салады. Айдың аяғында инстаграмда тікелей эфирде әр қатысушының аты-жөні, қаласы жазылып, шыны ыдысқа салынады. Соның ішінен кішкентай бала бір қағазды алып шығады. Кімнің аты шықса, соған қаражат аударылып, ол өзіне қажетті мәшеңкесін алады. Осылай жеребе тарту арқылы қаншама адам қолы жетпеген дүниесін алды.
Қос құрбы қарап отырмайтынын айтады. Тіпті карантин уақытында да бетперде тігіпті. «Ертең карантин басталады дегенде тапсырыс түсті. Содан күн-түн демей екі күн отырып, тапсырыспен 500 тұмша тігіп өткіздік. Одан мәшеңкені үйге алып кетіп, үйден тапсырыс орындап нәтижесінде карантин деп пәлендей қиналмадық» дейді тігіншілер.
– Мұғалімдікті қойып, тігіншілікке көштім дегенде бауырларым: «Сағым қума, мамандығыңа орал» деп ұрысты да, күлді де. Бірақ мен жолымды енді таптым. Білесіз бе, мен үйінде тек аузын ашып, қарап отыратын келіншектерді түсінбеймін. Торт пісірдім деп айттым ғой. Сонда күнде таң алаңынан тұрып, үлкен етіп балды торт пісіріп, оны 21 тең бөлікке кесіп турап, 304 автобусының соңғы аялдамасындағы дәмханаға, әр бөлігін 180 теңгеден өткізетінмін. Олар 220 теңгеден сатып, кешке ақшасын береді. Сондай-ақ қосымша тапсырыстан түсетін торттар бар. Сөйтіп отбасымыздың бюджетін толықтырып отырдым. Ол кезде «Лесная поляна» шағын ауданында пәтер жалдап тұрдық. Қазір қала іргесінен жер алып, Қажымұқан ауылында үй салып жатырмыз, – деген Гүлжанаттың сөзін Рабиға жалғады.
«Біз халыққа қызмет көрсету арқылы өзімізге де жақсы жол ашып жүрміз. Топты тапсырыс келсе қуанып қаламыз. Өйткені қол жаттығады да өнімді болады. Өткенде бір дәмхана үшін 40 алжапқыш тігіп шықтық. Тез әрі сапалы орындалды деп қуанды. Қарекетте қайырдың бары рас, – дейді қос шебер.