Ел арасындағы тентектердің оспадар әрекеті бүгінде Маңғыстауда итбалықтарды сілейте сабап, теңките өлтіріп жатқандай көзқарас қалыптастырғаны өкінішті. Алайда Каспий теңізінің жағалауындағы тұрғындар үнемі итбалықтармен текетіреске түсіп, жоқ жерден «жау» тауып алып, айқасып жүр деген ой тумауы керек. Телі-тентек қайда да бар, итбалықтар мен адамдар арасында орын алған жағдай – бүкіл Маңғыстау тұрғындарының келбеті бола алмайды және барлық адам итбалық сабауға ынталы емес. Итбалықтың оқыс өлімі тіркелсе, қыс айларында теңізге келетін аққуларды қуана қарсы алып, жағалауға барып жем шашып, олармен суретке түсіп мәз-мейрам болатын, далада қалған сыңар аққуларды іздеп тауып арнайы көлікпен Ақтауға алдырып қамқорлық танытатын, арыстанды да қолға үйретіп Алматы зообағына сыйлаған тұрғындарды «жануарларға жаны ашымайтын қатыгез» сынды күстәналаудың қажеті жоқ.
«Өзекті жанға – бір өлім» демекші, итбалықтың өліміне мүмкін, кәрілік, мүмкін теңіздегі әлдебір жайсыздық, денсаулығының ақауы себеп болуы мүмкін ғой...
Итбалық сабауға қатысты әңгіме соңы саябырси бергенде теңіз жағалауынан өлі итбалықтың табылуы тағы бір әңгіменің шетін көтеріп ала жөнелді. «Kazakh Tourizm» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев Каспий теңізінің жағалауын аралау барысында «Менің алдымда жатқан денеде екі жарақат бар, оның өлтірілгенін көруге болады. Не үшін? Бұл жануар мүгедек сияқты қозғалады, неге оған қол тигізеді? Көбісі ақымақтар, одан да найзамен қабанға, қасқырға барыңыз... Ақымақсыздар, сіздер!» деген ашулы жазбаны әлеуметтік желіге жариялады.
Мәселеге орай сұрау салғанымызда «Маңғыстау облысы Қарақия ауданының теңіз жағалауында өлген итбалық туралы ақпарат әлеуметтік желілерде кеңінен тарап, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары бұл ақпаратты көшіріп жарыса жазған. Белгілі болғандай, елордалық Ержан Еркінбаев Маңғыстауға келіп өлген итбалық туралы фейсбук әлеуметтік желісінде пост жариялаған. Аталған дерек бойынша Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары оқиға орнына барып, итбалықтың әдейі өлтірілмегенін анықтаған. Өлген итбалықты құстар шоқып тастаған. Алдын ала болжам бойынша, су жануарын толқынмен теңіз жағаға лақтырған. Итбалықтың нақты неден өлгенін білу мақсатында терісін алуға әрекет жасағанымен нәтиже болмады. Себебі тері әбден іріп кеткен» деп хабарлады инспекция мамандары.
Каспий теңізіндегі итбалықтардың өлімі болмай тұрмайтын құбылыс – жаппай қырылу орын алған сәттер де болған. Саны жылдан-жылға азайып бара жатқан жануардың топтық емес, жекелеген өлімінің өзі жан ауыртады, әйтсе де тұрғындарды тілдеудің реті шамалы. Теңіз жағалауындағы жұрт итбалықпен өштессе, тұқымын тұздай құртқан болар еді. Бүгінге дейін аз да болса тұқымының жетіп жүргені – Каспий теңізіне әкеліп кефал балығын жерсіндірген жергілікті жұрттың жанашырлығының арқасы.
Маңғыстау облысы