Пікір • 18 Қыркүйек, 2020

Міндет пен меже

458 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында әр саладағы салмақты мәселелерге маңыз беріліп, негізгі бағыттар айқындалды.

Міндет пен меже

Сыр өңірінде басты құжаттан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен актив отырысы өткізіліп, нақты міндеттер жүктелді. Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет осы тапсырмаларды орындау барысындағы жұмыстар мен жоспарлар жайын БАҚ өкілдеріне баян етті.

Мемлекет басшысының Жолдауын кеңінен насихаттау мақсатында белгілі тұлғалар мен қоғамдық пікір көш­бас­шыларын тарта отырып, респуб­ликалық және жергілікті БАҚ-тар мен әлеу­меттік желілерде пікірлер мен мақа­лалар жариялануда. Сонымен бірге арнайы облыстық медиа-жоспар әзір­леніп, бекітілді.

Жолдауда Мемлекет басшысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» негізі билік пен қоғам арасындағы тұрақты диалог екендігін атап айтқаны белгілі. Бұл ең алдымен азаматтық қоғамды дамыту қажеттігін көрсетеді. Бұл бағытта аймақтағы үкіметтік емес ұйымдардың басын қосып, оларға әдістемелік көмектер көрсететін облыс­тық «Азаматтық Альянс» қайта құрыл­ды. Алдағы уақытта азаматтық қоғам­ның белсенділігін арттыру мақсатында өңірде «Әлеуметтік жобалар жәр­меңкесін» өткізу жоспарланып отыр.

 Басты құжатта Президент өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға назар аударып, «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалыпқа келтірудің маңыздылығын қозғады. Осы ретте мәдениет ұйымдарындағы балалар үйірмелерінің жаңа бағытта жұмыс істеуіне де назар аударылады.

Қазір облыстағы 173 клубта 854 үйірме тұрақты жұмыс істейді, оларға 10 606 адам қатысады. Жолдау аясында алдағы жылы үйірме санын мыңға, қатысушыларды 11 500-ге жеткізу жос­парланып отыр.

– Мемлекет басшысы Жолдауда бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне ерекше мән бергенін, әр облыста, ірі қалалар мен аудан орталықтарында балалар қатысатын спорт үйірмелерін ашу қажеттігін тапсырғанын білесіздер. Біздің облыста оншақты жылдан бері секциялар жұмысын сабақтан тыс және кешкі уақытта ұйымдастырып, осы арқылы бұқаралық спортты дамыту тәжірибесі енгізілген. Қазір өңірде 21 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда 20 147 оқушы 45 спорт түрімен тегін шұғылданады, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Сыр өңірінде соңғы екі жылда 16 спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында жоспарланған 12 жобаның 5-еуі іске қосылды.

С.Ахмет Жолдауда жүктелген міндеттер мен мақсаттарды жастар сая­саты саласында жүзеге асыру үшін 5 ба­ғыт, 29 индикатордан тұратын
«SYR JASTARY-2025» жол картасының жобасы жасақталып жатқанын да айтып өтті.

Алдағы бес жылда 6 мыңға жуық жас «Жасыл ел» және «Жас құры­лыс­шылар» еңбек жасақтарының қата­рында еңбек ететін болады.

Кейінгі толқынның кәсіпкерлік бас­тамаларын қолдау үшін мемлекеттік гранттар мен инвестициялар тартылып, өңірдегі NEET санатындағы жастардың үлесін төмендету көзделіп отыр. Жастарды жұмыспен қамту жоспарының аясында тұрақты түрде облыстық еңбек лагерін ұйымдастыру да бар.

Мемлекет басшысы Жолдауында пандемияға қарсы күрестің әлі де жалғасып жатқандығы, мәселе туын­даған кезде ғана шұғыл қимылдамай, алдын ала шаралар қабылдау қажеттігі баса айтылды. Індеттің алдын алу үшін халық көп шоғырланатын орындарда залалсыздандыру жұмыстары қарқынды жалғасуда.

Бүгінге дейін 13,9 млн шаршы метр­ді құрайтын аумақ залалсыз­дан­дырылыпты. Тиісті мемлекеттік орган­дар, БАҚ өкілдері мен волонтерлерден құралған 24 топ карантин талаптарының сақталуын ұдайы қадағалап отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА