Руханият • 18 Қыркүйек, 2020

«Рухани жаңғыру» – ұлт сапасын арттыру

78 рет көрсетілді

Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жаңа жағ­дайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жол­дауының 11-тармағы біздің алдымызға ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру, ұлт сапасын арттыру міндетін қойды. Биыл бастау алғанына үш жыл толып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жеке адамды мәдени байытуға және ұлттық сананы нығайтуға бағытталған 13 арнайы жоба жүзеге асырылуда.

Жаман тұмауға байланысты туындаған өзгерістер қазіргі заманғы сын-тегеуріндерді ескере отырып, қазақстандықтардың тұлғалық дамуы мен кәсіби қабілеттеріне қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды халықтың дәстүрі мен әдеп-ғұрпын сақтау арқылы күшейту қажеттігін көр­сетті.

Осы орайда биыл «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасына  «Дәс­түр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты», «Құқықтық мәдениет», «Экологиялық ағарту» бағы­тындағы маңызды  жаңа арнайы жобалардың қосылуы тұлғалық дамуға бағытталған бағдарламаның жаңа бір деңгейге өтуіне негіз болды. Әрбір арнайы жобаға тұжырымдама дайындалып, онда арнайы жобаны жүзеге асыру нысаны, күтілетін нәтижесі мен жауапты мемлекеттік органдар белгіленді.

Жаңа арнайы жобалардың енгізілуі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асырыла­тын «Рухани жаңғыру» бағдарла­масының тиімділігіне оң әсер ете­тіндігі сөзсіз. Оған айғақ елі­міздің өзге өңірлеріндегідей облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің де жыл басынан бері осы алты бағыттағы он сегіз арнайы жобаны жүзеге асыру барысында атқарып отырған жұмысы, оның қоғам тарапынан қабылдануы және оң нәтижесі.

Атап айтсам, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кең­се­сінің бастамасымен,  Ақан сері атындағы жоғары мәде­ниет колледжінің қол­да­уы­мен құрылған «EL Jastar» экс­пе­ри­менталды-лабора­тория­лық­ жас­­­тар театрының ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Жастықтың оты жалындап...» атты перфоманс жанрындағы қойы­лымының премьерасын көпшілік жылы қабылдады. Ізінше «Аудиокітап» жобасы аясында осы театрдың талантты актерлерінің қатысуымен, заманауи технологиялардың қол­данылуымен «Ақмола облы­сының ақын-жазушылары» аудио­кітаптарының бірінші сериясы әзірленіп, adebiportal.kz сайтына орналастырылды. Нәтижесінде Көкше өңірінің атақты жазушыла­рының 9 кіта­бының аудио нұсқасы ұсы­нылды. Жыл соңына дейін аудио­кітаптардың екінші сериясын шығару жоспарланып отыр. 

Тіл оқыту орталығының қол­дауымен «Қаламгер қазы­насы» жобасы аясында Ақмола облысынан шыққан көрнекті қаламгерлер кітаптарының электронды нұс­қалары әзірленіп,  adebiportal.kz сайтында орналастырылды. Бұл жоба аясында жарық көрген 20 электронды кітап қалың оқыр­манның қызығушылығын тудырды.

Жастардың белсенділігін арттыру мақсатында Көкшетау қалалық электронды кітап­ха­насында Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет кол­леджі, «Арна» колледжі, Шоқан Уәлиханов атындағы көп­салалы колледж, Көкшетау жоғары ме­дициналық колледжі, Көк­шетау азаматтық қорғаныс кол­леджі студенттерінің қатысуы­мен «Жаңа көзқарас – жаңа мүм­кін­діктер» атты brain ring фор­матындағы зияткерлік ойындар да тартымды әрі қызықты өтті.

Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» атты облыстық алғаш онлайн режімдегі ақындар айтысы көрермен көңілінен шықты. Кеше ғана «Біз – Абай жолындамыз»  респуб­ликалық байқауы да мәресіне жетті. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесі оқу-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып республикалық «Біз – Абай жо­лындамыз» онлайн эссе байқауын өткізді. Байқауға қаты­суға тілек білдірген 42 үміт­кер заңғар жазушы Мұхтар Әуе­зовтің «Абай жолы» роман-эпо­пеясын оқып шығып, ақтық кезеңге жолдама алды. Онлайн байқаудың мақсаты да сол, «Абай жолы» романының жаппай оқылымын ұйымдастырып, жастар арасында Абайдың та­ри­хи тұлғасын кеңінен танымал ету болды. Байқаудың қоры­тынды кезеңі ғаламторлық конференция арқылы өтті. Бұл ке­зеңде қатысушылар Zoom мо­бильдік қосымшасы арқылы Ақ­мола облысы оқу-әдістемелік ор­талығының вебинарына қо­сылып, «Абай жолы» романы негізінде «Атаның ұлы емес, елінің ұлы» тақырыбында шағын эссе жазып, дайын болған туындыларын Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесіне жолдады. Ал байқауға орыс тілінде қатыс­қан үміткерлер «Духовная натура поэта и мелодия любви» тақырыбына қалам сілтеді.    

Ұлтаралық татулықты ны­ғай­ту, қоғамдағы бірлік пен ын­тымақты үлгі ету мақсатында «Қазақ отбасының жылуы» жобасын ұсындық. Оның мақсаты – қазақ отбасыларына келін болып, сол әулеттің бар дәстүрі мен салтын бойына жинай білген өзге ұлт әйелдері туралы айту. Президент Жолдауында бел­гілі Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді бо­луға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзі мысалға келтіріледі.

«Қазақ отбасының жылуы» жобасы барша қазақстандықтарға ортақ ұлтаралық татулық пен өзара түсіністікте өзге ұлт өкіл­дерін біріктіріп отырған қазақ ша­ңырақтары туралы баяндайды.  Бұл жобаның алғашқы қонақтары Барлыбаевтар мен Жақыпбековтар болды.

Қоршаған ортаны ая­лау мақ­­са­тында «Көкшетау – көк қарағай ме­­ке­ні» атты эко­ло­гия­лық акция­сын­ да биыл жа­рия­лағымыз келіп отыр.

Осы жобалардың барлығы дерлік Ақмола облыстық іш­кі саясат, мәдениет, білім басқар­маларымен бірлесіп атқарған жұ­мыс­тың нәтижесі. Өз мақса­тына сәйкес міндетін толық ат­қара­тын, қоғамнан қолдау тапқан жо­ба­лар әрине өміршең болмақ. «Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстың оң нәтижесін көру үшін әлі ондаған жылдар қа­жет болар, бірақ та біз бүгін қо­ғам­ға ой тастап, өткеніміз бен бү­гіні­мізді саралап, әр тұлғаның жүре­гіне жетіп, сана­сына рухани байлы­ғымызды там­шылап болса да сіңіруді жөн көрдік.

 

 Марал ЖАҚЫПОВА,

 Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің басшысы

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар