Жаман тұмауға байланысты туындаған өзгерістер қазіргі заманғы сын-тегеуріндерді ескере отырып, қазақстандықтардың тұлғалық дамуы мен кәсіби қабілеттеріне қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстарды халықтың дәстүрі мен әдеп-ғұрпын сақтау арқылы күшейту қажеттігін көрсетті.
Осы орайда биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасына «Дәстүр мен ғұрып», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты», «Құқықтық мәдениет», «Экологиялық ағарту» бағытындағы маңызды жаңа арнайы жобалардың қосылуы тұлғалық дамуға бағытталған бағдарламаның жаңа бір деңгейге өтуіне негіз болды. Әрбір арнайы жобаға тұжырымдама дайындалып, онда арнайы жобаны жүзеге асыру нысаны, күтілетін нәтижесі мен жауапты мемлекеттік органдар белгіленді.
Жаңа арнайы жобалардың енгізілуі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен іске асырылатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының тиімділігіне оң әсер ететіндігі сөзсіз. Оған айғақ еліміздің өзге өңірлеріндегідей облыстық «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің де жыл басынан бері осы алты бағыттағы он сегіз арнайы жобаны жүзеге асыру барысында атқарып отырған жұмысы, оның қоғам тарапынан қабылдануы және оң нәтижесі.
Атап айтсам, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің бастамасымен, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің қолдауымен құрылған «EL Jastar» эксперименталды-лабораториялық жастар театрының ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Жастықтың оты жалындап...» атты перфоманс жанрындағы қойылымының премьерасын көпшілік жылы қабылдады. Ізінше «Аудиокітап» жобасы аясында осы театрдың талантты актерлерінің қатысуымен, заманауи технологиялардың қолданылуымен «Ақмола облысының ақын-жазушылары» аудиокітаптарының бірінші сериясы әзірленіп, adebiportal.kz сайтына орналастырылды. Нәтижесінде Көкше өңірінің атақты жазушыларының 9 кітабының аудио нұсқасы ұсынылды. Жыл соңына дейін аудиокітаптардың екінші сериясын шығару жоспарланып отыр.
Тіл оқыту орталығының қолдауымен «Қаламгер қазынасы» жобасы аясында Ақмола облысынан шыққан көрнекті қаламгерлер кітаптарының электронды нұсқалары әзірленіп, adebiportal.kz сайтында орналастырылды. Бұл жоба аясында жарық көрген 20 электронды кітап қалың оқырманның қызығушылығын тудырды.
Жастардың белсенділігін арттыру мақсатында Көкшетау қалалық электронды кітапханасында Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжі, «Арна» колледжі, Шоқан Уәлиханов атындағы көпсалалы колледж, Көкшетау жоғары медициналық колледжі, Көкшетау азаматтық қорғаныс колледжі студенттерінің қатысуымен «Жаңа көзқарас – жаңа мүмкіндіктер» атты brain ring форматындағы зияткерлік ойындар да тартымды әрі қызықты өтті.
Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» атты облыстық алғаш онлайн режімдегі ақындар айтысы көрермен көңілінен шықты. Кеше ғана «Біз – Абай жолындамыз» республикалық байқауы да мәресіне жетті. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесі оқу-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып республикалық «Біз – Абай жолындамыз» онлайн эссе байқауын өткізді. Байқауға қатысуға тілек білдірген 42 үміткер заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқып шығып, ақтық кезеңге жолдама алды. Онлайн байқаудың мақсаты да сол, «Абай жолы» романының жаппай оқылымын ұйымдастырып, жастар арасында Абайдың тарихи тұлғасын кеңінен танымал ету болды. Байқаудың қорытынды кезеңі ғаламторлық конференция арқылы өтті. Бұл кезеңде қатысушылар Zoom мобильдік қосымшасы арқылы Ақмола облысы оқу-әдістемелік орталығының вебинарына қосылып, «Абай жолы» романы негізінде «Атаның ұлы емес, елінің ұлы» тақырыбында шағын эссе жазып, дайын болған туындыларын Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесіне жолдады. Ал байқауға орыс тілінде қатысқан үміткерлер «Духовная натура поэта и мелодия любви» тақырыбына қалам сілтеді.
Ұлтаралық татулықты нығайту, қоғамдағы бірлік пен ынтымақты үлгі ету мақсатында «Қазақ отбасының жылуы» жобасын ұсындық. Оның мақсаты – қазақ отбасыларына келін болып, сол әулеттің бар дәстүрі мен салтын бойына жинай білген өзге ұлт әйелдері туралы айту. Президент Жолдауында белгілі Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөзі мысалға келтіріледі.
«Қазақ отбасының жылуы» жобасы барша қазақстандықтарға ортақ ұлтаралық татулық пен өзара түсіністікте өзге ұлт өкілдерін біріктіріп отырған қазақ шаңырақтары туралы баяндайды. Бұл жобаның алғашқы қонақтары Барлыбаевтар мен Жақыпбековтар болды.
Қоршаған ортаны аялау мақсатында «Көкшетау – көк қарағай мекені» атты экологиялық акциясын да биыл жариялағымыз келіп отыр.
Осы жобалардың барлығы дерлік Ақмола облыстық ішкі саясат, мәдениет, білім басқармаларымен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі. Өз мақсатына сәйкес міндетін толық атқаратын, қоғамнан қолдау тапқан жобалар әрине өміршең болмақ. «Рухани жаңғыру» бағытындағы жұмыстың оң нәтижесін көру үшін әлі ондаған жылдар қажет болар, бірақ та біз бүгін қоғамға ой тастап, өткеніміз бен бүгінімізді саралап, әр тұлғаның жүрегіне жетіп, санасына рухани байлығымызды тамшылап болса да сіңіруді жөн көрдік.
Марал ЖАҚЫПОВА,
Ақмола облысының «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалау кеңсесінің басшысы